• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Қазақстан урбанизация деңгейі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр

256 рет
көрсетілді

Қазақстан урбанизация деңгейi бойынша бүгiнде Орталық Азияда көш бастап тұр. Бұл туралы Астанада өтiп жатқан халықаралық ASTEX Astana Smart City форум-көрмесі барысында Ақпарат және коммуникациялар министрi Дәурен Абаев мәлімдеді. «Қазір қалалық өмiрдiң барлық салаларына ақпараттық жүйелердi ендiру халықтың сапалы өмiрiнiң ажырамас шартына айналып отыр. Дүние жүзінде урбанизация процесi дамып келедi. БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес, 2050 жылға қарай әлемдегi халықтың 70 пайызы қалаларда тұратын болады. Бұл өз кезегінде көлiк және тұрғын үймен қамту жүйесiнде қиындықтар тудырады, сондай-ақ энергияны оңтайлы пайдалану мен қоршаған ортаға қамқорлық танытудың өзектiлiгi артып отыр. Мұндай қиын мәселелердi шешуде дұрыс шара қолдануымыз керек», – дедi министр. Оның айтуынша, бұл орайда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар шешушi рөл атқарады. Дамыған елдер постиндустриялық дәуiр қалаларын дамыту үшiн бұл мүмкiндiктердi толыққанды пайдалануда. «Ақылды энергетика», тiптi «Қалдықтарды ақылды басқару» секілді сөз тiркестерi бүгінде ешкiмдi таң қалдырмайды. Халықаралық ақпараттарға сәйкес, ақылды қалаларда интернет құрылғыларға қосылған тұтынушылардың саны 2015 жылғы 1 миллионнан 2018 жылы 3 миллиардқа жетедi», – дедi Д.Абаев. «Жаһандық экономика мен технологиялық нарықтан қалыс қалмау аса маңызды. Қазақстанда урбанизация деңгейi 60 пайызға жетедi және осы көрсеткiш бойынша бiз Орталық Азияда көш бастадық. Бұл процестiң жарқын үлгiсi бiздiң жас астанамыз болып отыр», – деп атап өтті ол.