Ақмола облыстық филармониясында Қазақстан республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Көкшетау – тал бесігім» атты І халықаралық музыка фестивалі үлкен гала-концертпен аяқталды. Қазақ мәдениетінің мәйегі саналатын көркем өлке үш күн бойы әлемдік классика, ұлттық жауҺар әуендермен толғана тербелді. Туған елдің тебіренетіндей жағдайы да бар. Бұл күндері әлемнің айтулы өнер ордаларында еңбек ететін Көкшенің төл перзенттері сахна төріне көтерілді.
Фестиваль шымылдығы бұрынғы Қызылту ауданының тумасы, қазір Германияның Крефельд және Менхенгладбах қалалары театрларының әншісі Қайыржан Жолдыбаев пен республикамыздың еңбек сіңірген әртісі, облыстық филармонияның солисі Шолпан Дүкімбаеваның орындауындағы «Біржан-Сара» операсындағы айтыспен ашылды.
Көкше фестивалі «талантқа тағзым» ұғымын аспандатқан айрықша оқиға екендігі даусыз. Әр нөмір сайын жан дүниеміз шымырлап, жүрек лүпілі күшейе түскендей көрінді. Әлемдік деңгейдегі мэтрлермен иықтаса сынға түскен жастарымыз, Вена консерваториясының профессоры Гернот Винишхофер мен Астана мемлекеттік филармониясының концертмейстері, жерлесіміз Бағдат Әбілханов Иоганн Бахтың «Қос концертін» ерекше нақышта құйқылжытып, жұртшылықты тербетіп тастады.
Көрермендер жас болса да жер жүзінің айтулы сахналарындағы жетекші опералық әншілер санатындағы жерлестері, бүгінгі фестивальда «жұлдызды төрттік» атанған Салтанат Ахметова (Италия), Ольга Спицына (Мәскеу), Дмитрий Федоров (Санкт-Петербург), Қайыржан Жолдыбаевқа (Германия) алғыс жаудырумен болды. Квартет, әсіресе, Вердидің «Риголетто» операсынан үзінділерді шеберлікпен орындады. Сондай-ақ, Италияда сынақтан өтіп жатқан Махаббат Мұхамеджанова мен Бауыржан Әндіржанов өздерінің талғам биігіндегі талант иелері екендіктерін танытты.
Халық әндері симфониялық музыкамен сабақтаса шарықтады. Астана филармониясының белді домбырашысы, халықаралық байқаулардың лауреаты Анар Мұздаханова «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің жетекшісі, көкшелік Руслан Қойшыбаевпен жұптасып, қазақ күйінің құдіретін шалқытты. Фестиваль қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева жерлестеріне Үкілі Ыбырайдың «Сұлу Көкше» әнін сыйға тартты. Сонымен бірге, алматылық сазгер, музыка зерттеушісі Еділ Құсайыновтың ежелгі ұлттық аспаптар – жетіген, сыбызғы, саз сырнай, қамыс сырнай, қауырсын сырнай, шаңқобызды шебер сөйлетуі ұлттық өнер шеберлігінің шексіздігін әйгіледі.
Тұңғыш фестивальдің соңғы күні тұтастай ұлттық музыканы әспеттеуге арналуы көңілден шықты. Көпжанрлы әндер, классикалық ариялар облыстық филармонияның халық аспаптары ансамблінің (дирижері Тұрлықожа Базаров) сүйемелдеуінде үздіксіз күмбірледі. Мәскеудің жетекші опера әншісі Вениамин Егоров пен Санкт-петербургтік Дмитрий Федоров Абайдың «Көзімнің қарасы» және «Қаламқас» әндерін жоғары деңгейде әуелетсе, Ольга Спицына халық әні «Алқоңырды» классикалық мәнерде шырқады. Екі жерлесіміз – Астана мемлекеттік филармониясы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Дәурен Ғылымов пен Қостанай филармониясы оркестрінің бас дирижері Берік Оразалиннің басқаруымен халқымыздың жауҺар күйлері түрлене толқынданды.
Риза көрермен фестиваль финалындағы «Сопрано шеруіне» тік тұрып құрмет көрсетті. Өнер мерекесінің көркемдік жетекшісі, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры симфониялық оркестрінің бас дирижері Абзал Мұхитдинов осынау зор ауқымдағы шараны ұйымдастырған облыс басшылығы мен көрермендер ықыласына ризалық білдіріп, оның дәстүрлі сипат алуына тілек қосты.
Облыс әкімі С.Дьяченко ақмолалықтар атынан өнер қайраткерлеріне алғыс айтып, фестиваль жұлдыздарын арнайы дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапаттады.
Бақберген АМАЛБЕК.
Көкшетау қаласы.
Суреттерде: Қайыржан Жолдыбаев пен Шолпан Дүкімбаева; Ольга Спицына; Марина Алешонкова мен Дмитрий Федоров.
Суреттерді түсрген Елена ТЕПЛЯКОВА.