• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Есімімді Елбасы қойған

387 рет
көрсетілді

Жас Нұрсұлтан Назарбаевтың 1958-1960 жылдары комсомолдық жолдамамен Украинаның Днепродзержинск қаласында білім алғанын білеміз. Сол тұста металлург мамандығын игеруге болашақ Президентпен бірге алғаш аттанған қазақ жастарының қатарында жуалылық Рақымжан Мырзахметов те болған. Білім мен біліктілікті шыңдап, еліміздің металлургиясын дамытуға үлес қосуды мақсат еткен бір топ жастың басын қосқан Теміртау қаласы еді. Алпысыншы жылдары оқуларын бітіріп, елге оралған жас металлургтердің мақсаттары айқын болатын. Алғаш еңбек жолын Теміртау қаласында бастаған Рахымжан Мырзахметов Нұрсұлтан Назарбаевпен бір пештің қасында иық тірестіре жұмыс істегенін айтады. Бір үйдің баласындай болып кеткен жас металлургтер 1964 жылдың 6 шілдесінде Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнін атап өтеді. Арада алты күн өткеннен кейін алғаш шойын балқытып шығарылған күні, Рахымжан мен Сәнияның үйінде шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. Қуанышқа қуаныш қосылып, бақыттары екі еселенген достар ұлға Шойынхан деп есім қоймақшы болған көрінеді. Бірақ, бұл есім жас Нұрсұлтанға ұнай қоймайды. Қатарластары «Енді кім деп қоямыз?» деп тағы ойланады. «Шойынхан дөрекі естіледі. Теміртаудың құрметіне Темірхан деп қойсақ қалай болады?» – дейді ол. Жастардың бәрі «дұрыс, дұрыс» деп бұл ұсынысты бірден қостай жөнеледі. Сол күннен бастап Темірханның өкіл әкесі Нұрсұлтан Назарбаев атанады. – Теміртауға алғаш барған жылы бізге жас отбасы ретінде үй берді, – деп Сәния апа сол бір күндерді сағынышпен еске алады. – Үйімізден қонақ үзілмейтін. Рахымжанның достары, курстастары үйге жиі келіп тұратын. Солардың ішінде Нұрсұлтан да бар. Нұрсұлтан сол кездің өзінде зеректігімен ерекшеленіп тұратын. Ақылды, байсалды көрінетін. Өз ауысымынан тыс уақытта қоғамдық жұмыстарға араласатын. Ол сол кездің өзінде зауыттың комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқаратын. Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Бірде Рахымжан екеуміз қатты ұрсысып қалдық. Мен шағым айтып комсомолға барсам, Нұрекең отыр. Арызымды алып қалды. Кешке үйге келіп, Рахымжан екеумізді қатар отырғызып қойып, ақылын айтты. Рекеңді – курстасын әрі әріптесін қатты сынға алды. Намысына қамшы салар жігерлі сөздер айтып, екеумізді табыстырып кетті. Нұрсұлтан Сараға үйленген соң үйге жиі келіп тұрды. Екеуі де балажан. Құр келмейтін. Келген сайын Мейірханға ойыншық немесе тәтті нан әкелетін. Мейірханды орталарына алып ойнатып, мәре-сәре болып қалатын. Ол кезде олардың балалары жоқ еді. Сөйтіп жаңа қосылған олар біздің баланы еркелетіп жүрді. Екеуінің жұбы жазылмайтын. Демалыс күндері киноға барады. Қыста үйдің алдындағы биік қырға шығып екеуі шаңғы тебеді. Екінші балам – Темірханыма аяғым ауыр болатын. Толғағым келіп ауруханаға түстім. Металлургтар күні босандым. Мерекеден шыққан соң барлығы перзентханаға келді. Рахымжанның жолдастары маған «Балаңның атын Шойынхан деп қоямыз» деп қалжыңдап жатыр. Сөйтіп даурығысып тұрғанда Нұрсұлтан «Біз Теміртауда жұмыс істеп жүрміз ғой, жас нәрестенің атын Темірхан деп қоялық» демесі бар ма? Бәрі қостай кетті. Сөйтіп екінші ұлымның есімін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қойды. Кейінірек Рахымжан мен Сәния ауылдағы қарашаңырақта жалғыз қалған ата-анасына алаңдап, елге қайтып кетеді. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Осы жылдарда ол құдай қосқан қосағымен жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Колхозшы, одан кейін балабақшада 15 жыл тәрбиеші болып жұмыс істеп, зейнетке шықты. «Алтын алқа» иегері атанды. Бүгінде ұл-қызынан 11 немере, 7 шөбере сүйіп отыр. «Менің бір арманым бар. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Алпысқызын бір рет болса да жүзбе-жүз көру. Шалым Нұрсұлтанмен екі рет жүздесті. Екі жүздесуінде де «Сәния аман ба, жағдайы қалай?» деп мені сұрапты. Арада қанша жыл өтсе де мені ұмытпапты. Мен де сол бір жастық шақ, әрбір отырысымыз, көңілді кештеріміз, отбасымызбен араласқан қызықты күндерді ұмытқаным жоқ. Үнемі Нұрсұлтан мен Сараның жетістіктерін газеттен оқып, теледидардан көріп, қуанып, тілектес болып отырам», деп Сәния апа ағынан жарылды. Бүгінде Теміртауда кіндігі кесілген Темірхан Мырзахметовтің жасы елуден асты. Жуалы жерінде білім нәрімен сусындап, Отан алдындағы борышын өтеп келген азамат білім саласында 19 жыл бойы еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз. Еңбек жолын еңбек пәнінің мұғалімі боп бастаған Темірхан Рахымжанұлы Жуалы ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы болып 3 жылдан аса қызмет еткен. Қызметі барысында Елбасының сындарлы саясатын көпшілікке жіті түсіндіріп, шалғай ауылдарға мемлекеттік бағдарламалардың мазмұнын жеткізіп жүреді. Ол қай салада, қай орында жұмыс істемесін, өзінің есімін қойған Елбасын үнемі құрметтеп отырады. Әр кез мақтан тұтады. Президент туралы пікір білдіргенде айрықша тебіреніп те кетеді. – Қатарластардың арасында алғаш болып менің ата-анам шаңырақ көтеріпті. Сондықтан да болар, достардың бәрі көбіне біздің үйде бас қосады екен. Бәрі сондай тату-тәтті орта болып араласыпты. Ата-анам Президенттің сол кездің өзінде айрықша қасиеттерімен дараланып көрінгенін үнемі айтып отырады. Менің есімімді қойғанда да оның ұсынысы шешуші мәнге ие болыпты. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Президент достары оқу бітіргендеріне 50 жыл толуына орай 2008 жылы Теміртау қаласында кездесті. Сонда жора-жолдастары әкеме «Кезінде біз төбемізге көтерген кішкентай сәби үлкен азамат болған шығар, кездесуге алып келсеңші», деп қолқа салыпты. Кейіннен әкемнің достарымен кездесіп, ақ баталарын алдым. Елбасы халықпен кездесуге қаланың орталық стадионына кіріп келгенде, тұла бойымды ерекше сезім биледі. Нұр-аға көппен қол бұлғап амандасып, тұп-тура мен отырған қатардың жоғары жағына жайғасты, – дейді Темірхан Мырзахметов. Темірхан Мырзахметов бүгінде үш ұлдың әкесі. Үшінші ұлының есімін Елбасы есіміне ұқсатып Нұрбақыт деп қойған. Қазіргі таңда Темірхан Рахымжанұлы Жуалы ауданы Түктібай ауылы М. Әуезов атындағы №12 мектептің директоры. Өскелең ұрпақты білім мен ұлтжандылыққа тәрбиелеуді мақсат еткен Темірхан ағамыз Елбасымен тағы да жолығар күнді асыға күтуде. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.