• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Қыркүйек, 2011

Өңір өмірінің шежіресі

738 рет
көрсетілді

«Есігіңнің алды дөң болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылыңда шежіреші қарт болса, жа­зып қойған хатпен тең» демекші, елі­­міз­дің әр өлкесінде «жазып қойған хатқа» ба­лар­лық қариялар болады. Мұнаралы Маң­ғыс­тау өлкесінің сондай қариясы – қазір жасы тоқсанға келіп отырған Өтежан Алшымбаев. Өтекең сонау, соғыстың дүрсілі барша елімізді дүбірлетіп тұрған тұстан атқа мініп, ол кезде бір аудан ғана болған түбектің барлық қиыр-шиырын аралап, барлық сырына қа­нық­қан, жаманына күйініп, жақсысына сү­йініп, хал-қадерінше халықтың өмірін жақ­сартуға, көңілін марқайтуға маңдайтерін аяу­сыз төккен жан. Сондықтан да бүгін маң­ғыстаулықтар ол кісіні алақанына салып аялап, алдына салып құрметтеп отырады. Жуырда Ө.Алшымбаевтың өмір жолынан мол мағлұмат берген, сонымен бірге, мұнай­лы өлкенің соңғы 60-70 жылдық тарихына шынайылықпен шолу жасаған, онда ізі қал­ған жақсылар мен жайсаңдардың өрелі істерін еске алған және ақынжанды жанның ұзақ жылдардан бері тірнектеп жазған жыр­лары мен көкейкесті сырларын қамтыған «Есей­дім бірге еліммен» атты жинағы жа­рық көрді. Кітаптың алғысөзін жазған қазақтың ай­маң­дай азаматы, сол өңірдің тумасы Әбіш Ке­кілбайұлына сөз берсек: «Ол жылдары Маң­ғыстаудай ұлан-ғайыр өлкеде бар бол­ғаны Форт-Шевченко қаласы мен Таушық кенті, жиырмашақты ауылдар болатын. Бай­тақ далада жайылған мал мен жүгірген аң­нан басқа ештеңе көрмейтінбіз. Сонда да жер түбіндегі бұл өлкеге сонау астанадан мүйізі қарағайдай ел жақсылары ат құр­ғат­пайтын», деп еске ала келіп, мұнда қар­қа­ра­дай болып Сәбит Мұқановтың, Серке Қо­жам­құловтың, Шара Жиенқұлова мен Роза Бағланованың, Ғари­фол­ла Құрман­ғалиев­тің, Шәмші Қалдая­қов пен Төлеген Ай­бер­­ге­новтің және т.б. келгенін жазады. Сон­дай, қадірменді мей­ман­­дарды арала­та­тын, елді көрнекті жағы­­нан көрсете білетін, көр­генді де көсем­сөз­ді адамды іздегенде ау­парткомның хатшысы Өтекеңнен оңтайлы адам болмайды екен. Ал жақсылармен жа­нас­қан Өтекең олар­дың айтқан сөздері, қы­зықты қылықтары мен өзінің көңіліне түй­гендерін қағаз бетіне түсіре беріпті. Сол жанды естеліктер кезінде облыстық, республикалық газет беттеріне шығып та жатқан, енді солардың бә­рін іздеген жан бір жерден табатын болады. Сонымен бірге, Өтежан ақсақал жергілікті жердегі жыр сүлейлері болған Сәттіғұл Жанғабылов, Түмен Балтабасов, күй дүлдү­лі Мұрат Өскенбаев туралы деректерге толы естеліктер жазып, осы кітабына енгізген. Ө.Ал­шымбаев олармен өлең-жырлары арқы­лы ғана таныс емес, көздерін көріп, көңіл­де­рі жақын жүрген және талайына демеу бо­лып, қолтықтарынан сүйеген адам. Сондық­тан олардың жан-дүниелерін жақсы біледі. Өтекеңнің кітабында Маңғыстау өңірін басқаруға, елдің еңсесін көтеріп гүлденуіне, өнері мен мәдениетінің өсуіне қолдарынан келгенше мол еңбек сіңірген Төлесін Әлиев, Ибаш Жанболатова, Төлеген Қағазов, Есбол Өмірбаев, Қойсары Сарғожаев, Үсен Сағым­баев, Орынбай Балдеков, Нәсіпқали Марабаев, Нұрлыхан Бекбосынов және т.б. жайлы да еске алу барысында көптеген деректер берілген. Сонымен қатар, бүкіл елімізге аты шыққан маңғыстаулық ғы­лым мен өнер қайраткерлерімен де Өтежан қария жақсы қарым-қатынаста болғандар туралы өзі­нің көргендері мен көңілге түй­гендерін, жазысқан хаттарын жү­й­е­леп, кітабына енгізген. Олар­дың қатарында филолог ғалым Қабиболла Сыдиқов, атақты дә­рі­гер Естөре Оразақов, ақын-жазу­шылар Әбу Сәрсенбаев, Жәрдем Кейкин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оң­ғар­сынова, Темірхан Медетбек және т.б. бар. Өтежан Алшымбаевтың өмір жолы туралы қысқаша айта кететін болсақ, ол 1947 жылдан зейнет демалысына шыққан 1983 жылға дейін Форт-Шевченко, Маңғыстау, Мақат, Жаңа­өз­ен аудандық, қалалық атқару комитеті төр­аға­сының орынбасары, төрағасы, партия хат­шысы болып істеген жан. Бес ұл, екі қыз өсіріп, оларды елге үлгілі азаматтар етіп тәрбиелеген. Қазір олардан 21 немере, 10 шөбере көріп отырған жайы бар. Бірнеше орден-медальдардың иегері. Көп жылдан бері Жаңаөзен қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы. 700 беттік аталған еңбегі оның барлық өмір жолын қамтыса, қызықты да, ұлағатты деректерге толы. Соның ішінде 1994 жылы сол жылдарда АҚШ-та қызмет жасаған ұлы Зейнолланың үйінде 45 күн болып, көрген-түйгендерін «Америка күнде­лі­гі» атты естелігіне топтастырып, оқырман­ға ұсыныпты. Бұл кітапты түйсініп, сүйсініп оқыған жандарға берер тәлімі мен тәрбиесі өте мол. Жақсыбай САМРАТ.