• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2016

Сымбатты бозбала, сұлу бойжеткен

370 рет
көрсетілді

Вена балының сәнін келтірді Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте «Вена вальсі» әуенімен тербелген студенттер жұптары би билеп, таңғажайып көрініс сыйлады. Бұл мереке Қазақстан студенттер Альянсы мен университет белсенділерінің ұйымдастыруымен өтті. Сән-салтанатқа толы кеште сұлу қыздар мен сұңғақ бой­лы жігіттер нұрлы жүз­де­ріндегі қуаныштарын жасыра алмады. Бәрі де толқулы, ертегідей таңғажайып сәтті кү­теді... Міне, міне, сол сәт те кел­­ді! Смокинг киген сымбатты боз­­балалар сұлу бойжеткендерді биге шақырды. XVIII ғасырдың би балы дәстүріне сай 32 жұп жарқыраған салтанатты кең залда бір-бірін тербете билей жөнелді. Тартымды жұптар би балының шырайын келтірді. Өткен күннің еншісінде қалған дәстүрлер мен әдепті, сұлулық пен өнерді паш ететін «Вена вальсіне» және «Вена балына» қатысушылар классикалық бидің таңғажайып әлеміне жетелегендей. Жан жадыратар әуендермен қалықтаған қыз-жігіттерге қарасаң, жастық шақты сағынғандай күй кешесің. Классикалық би өнерінің құді­ретіне қайран қаласың. Балдың алғашқы үш кезеңінде тарихи билер көрсетілді. Бекзадалар мен сұлу бойжеткендер полонез, менуэт, павана, француз кадрилі би­лерін билеп, сүйсіндірді. Жұп­тар  билердің бұл түрлеріне арнайы жат­тығып, мазмұн-тари­хына ар­налған сабақ­тардан  өтіпті. Кеш бағ­дар­ламасында қо­нақтардың кө­ңілін көтеретін қызықты театр­­лан­дырылған қойылымдар да сахналанды. Университет фи­­лармониясының әншілері му­зыкалық ән-шашу жасады. Сту­денттер бір уақ лекциялардан бас көтеріп, би кешінде веналық ер­­те­гілер кейіпкерлеріне айналды. – Студенттік бал өткізу – біздің оқу орнының әдемі дәстүрі. Бал – кеңістік пен уақыттың жаңғыруы, әуеннің ырғағымен дөңгелене биге оранған ғажайып әлем. Сол дәуір ғажабымен тыныстадық, – дейді студенттер Альянсының төрағасы Айдар Мұратов. Ал бал ханшайым мен ханзадасыз бола  ма? Вена балында би билеудегі шеберлігін асырып, этикетін нәшіне келтір­ген Дина Чумарова  (энергетика  факультеті) және Темірлан Мейрамов (химия­лық технологиялар және жаратылыстану факультеті) кеш ханшайымы мен ханзадасы атанды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР Суретті түсірген Руфина ТОРПИЩЕВА