мызғымайтын мақсатымыз болуы тиіс
Елбасымыз бұдан бірнеше жыл бұрын ауыл шаруашылығы құрылымын түбегейлі өзгертетін мықты кооперативтер ұйымдастыру қажеттігін айтқан еді. Биылғы жылдың басынан «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» арнайы заң қолданысқа енгізілді. Соған орай Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кооперативтер жұмысын жандандыруды тағы бір пысықтады. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тең жартысын дайындап отырған жеке қосалқы шаруашылықтарды тауарлы өндіріске тартуды тапсырды.
Елбасының тапсырмасымен осы жылдың аяғына дейін Агроөндірістік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Бұл бағдарламаның басымдылығы – өндірісті әртараптандыру және өнім көлемін арттыру. Дегенмен, біздің Үкімет ол бағдарламаны жүзеге асыруға дайын ба? Қазіргі уақытта кооперативтер қалай құрылып жатыр? Елбасы айтқандай, мықты кооперативтер құру Үкіметтің қолынан келе ме? Бұл сұрақтарға бірден жауап табу қиын. Өйткені, бастапқы дүрмекпен10-15 жыл бұрын құрылған жүздеген ауылдық тұтыну кооперативтерінің біразы қайта тарауға мәжбүр болды. Неліктен? Олардың әу бастағы бірігудегі мақсаты – жеңілдетілген несие алу болатын. Бірақ, көпшілігі кепілдікке беретін мүлкі болмағаннан кейін, ондай несиеге қол жеткізе алмады. Екінші себебі, кооперативтің негізгі принциптері сақталмағандықтан, атап айтқанда, кооперативке ерікті мүше болу, демократиялық жолмен басқару, түскен табыспен барлық мүшені тең қамтамасыз ету талаптары бұзылғандықтан да, олар жұмысты бірлесіп жүргізе алмады. Оның үстіне кооперативтерді мемлекеттік деңгейде қолдау тетігі де толық жетілмеген болатын.
Қазіргі жағдайда Үкімет осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында арнайы жұмыс тобын құрды. Бұл жұмыс тобы барлық аймаққа, барлық облыстарға барып, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін құрылымдар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Әйтсе де, осы жұмыстар өте жүйелі, жан-жақты ойластырылып жүргізіліп, мамандар барлық сұраққа жауап бере алатындай кооперативтер құру тетіктерін бүге-шүгесіне дейін көзіне анық елестете алатындай деңгейде деп айта аламыз ба? Елбасымыз кооперативтер құруда, жалпы ауыл шаруашылығын қайта құрылымдау ісінде шетелдік тәжірибені зерделеуді, кеңес үкіметі кезіндегі шаруашылықтардың тәжірибесіне сүйенуді тегіннен-тегін айтқан жоқ. Осы арада бізге зерделеу мен сүйенудің ара-жігін жақсылап ажыратып алған жөн сияқты.
Біз кооперативтердің ісін өркендету үшін шетелдік тәжірибені зерделеуіміз керек. Бұл ретте Швеция, Дания, Италия мен АҚШ сияқты ауылшаруашылық кооперативтері ел экономикасында ең басты орын алатын мемлекеттерді басты назарға аламыз. Мәселен, Швецияда кооперативтерге салықтық жеңілдіктер, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, экспортты субсидиялау мәселелері жақсы шешімін тапқан. Кооперацияларды дамыту ісі арнайы үлкен бірлестік – кооперативтік одақтар арқылы жүзеге асырылады. Онда мүшелерінің саны көптігі мен айналымының үлкендігіне байланысты Сүт фермерлерінің одағы, Жабдықтау-өткізу бірлестігі және Мал етін дайындау одағы ең ірі құрылымдар болып табылады. Осы ірі одақтардың барлығы бірыңғай Ұлттық фермерлер одағына біріккен. Соның нәтижесінде Швециядағы кооперативтер мықты орталық органға ие болып отыр. Бұл кооперативтер қозғалысын ұйымдастыруға, жұмысын жолға қоюға және жаңа өзгерістерге, өндіріске енген жаңа технологияларды тез меңгеруге көмектеседі. Бірінің үстіне бірі бірігіп, сол арқылы үлкен бір жүйеге айналған кооперацияны басқару, ұйымдастыру, олардың арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, мүшелерге ортақ келісімдер жасауына да қолайлы. Мұны көзге ауыл шаруашылығы мамандары мен кооперативтердің үлкен диалог алаңы ретінде де елестетуге болады. Қандай мәселе туындайды, сол бойда осы алаңда жан-жақты талқыланып, тез оңтайлы шешімі табылады. Былайша айтқанда, жақсы үйлестіру жүйесі қалыптасқан. Сондықтан бұл елде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтындар кооперативтерге шаруалар өз ынталарымен еш алаңсыз кіре береді.
Швециялық кооперативтер бүгінде қызметінде ең соңғы технологиялар мен бизнес тәсілдерін қолданып отыр. Бұл елде тіпті супермаркеттер де түрлі кооперативтерге біріккен. Олардың ең басты принциптері: басқарудың демократиялық сипаты, мүшелерінің тең құқылығы және кооперативтер құрылымның төменнен жоғары қарай демократиялық қағидаларға негізделіп қалыптасуы. Бұдан соң, ең бастысы – бір кооператив мүшесінің келесі әріптесінің есебінен баюына жол бермеу, түскен табысты мүшелер арасына олардың экономикалық қатысуына байланысты пропорционалды түрде тең бөлу қағидалары қатаң сақталған. Міне, Швеция кооперативтерінің ең мықты тұстары осыдан бастау алады. Соның нәтижесінде, олардағы тұтыну кооперативтерінің мүшелері бүгінде 2,2 млн адамнан асып кетті. Осынша адам 102 қоғамдық ұйымға біріккен. Олардың қарауында 105 сауда үйі, 500 жанармай стансасы бар. Тіпті, ол елдегі кез келген ең үлкен үздік сауда компанияларының өзі кооперативтің мүшесі, бір кооперативтің ішінде керек десеңіз, осындай он шақты сауда компаниясы болады. Фермерлер өндірген тауарлық өнімнің 80 пайызы ауылшаруашылық кооперативтері жүйесі арқылы сауда нүктелеріне түседі, ал өнімді өткізу мен өңдеу кооперативтерде жүз пайыз атқарылады. Мұның өзі ол елде кооперативтердің мықты қалыптасқанын көрсетеді. Яғни, Елбасы айтқан мықты кооперативтер құру іс жүзінде мүмкін екенін осы шетелдердің тәжірибесінен көріп отырмыз.
Дания мен АҚШ және басқа елдер жайлы да осылай жүйелеп айтуға болады. Бұларда кооперативтердің құрылымдық жүйесі қандай айқын болса, қаржыландыру, қолдау және басқа шаралары да сондай айқын. Осындай жүйеге олар 40-50 жылға, тіпті ғасырларға созылған қалыптасқан дәстүрлі шаруашылықтары арқасында қол жеткізіп отыр. Мұндай мықты кооперативтер құру – біздің болашақтағы негізгі межеміз. Біз шетелдік тәжірибені зерделеу арқылы бірнеше он жылда қандай даму деңгейіне көтеріле алатынымызды шамалаймыз.
Біз кооператив құру ісіндегі алғашқы кезеңдегі жұмыстарды бұрынғы кеңестік тәжірибеге сүйеніп, соны қазіргі заманға сай жетілдіріп пайдаланғанымыз жөн. Шетелдіктер 40-50 жылдан, тіпті одан да көп уақыттан бері қалыптасып келе жатқан өздерінің дәстүріне сүйенді. Соны жетілдіріп дамыту арқылы бүгінгі биікке қол жеткізді. Сондықтан біз де өзімізге бұрыннан таныс тәжірибеге, дәстүрге сүйенуіміз керек. Бүгінде ондай тәжірибені басынан өткерген мамандар бар. Солардың басын қосып жиі кеңес құру арқылы да нақты бір бағытты айқындауға болар еді.
Қазіргі құрылып жатқан кооперативтердің кейбірінде агроном, мал дәрігері немесе тағы сондай ең қажетті мамандар толық бола бермейді. Арнайы агроном ұстап, оған ақша төлегісі келмейді. Жұмыстың бәрін өзі жүргізуге тырысады. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі кооперативтер құру ісінде жұмысты жүргізу бағытын әлі де көбірек талқыға салып, нақты бағытты айқындау қажет. Науқаншылдыққа бой алдырып, биыл 160 кооператив, келесі жылы 200 осындай шаруашылықты атүсті құра салу бізді көздеген мақсатқа жеткізбейді. Оның бәрі көп өтпей тарап кетіп жатса, қайтып бастарын құрау тіптен қиынға соғады. Сондықтан ең абзалы – тәжірибелі мамандардың сөзіне құлақ түріп, олардың ой-пікірлерін ортаға салуына мүмкіндік беру. Көп талқыға түсіп табылған жолды таңдап алсақ, мақсатымызға жетер едік.
Амангелді ДӘУРЕНБАЕВ,
Мәжіліс депутаты