«Нұр Отан» партиясының мүшелігіне өтті
Тәуелсіз Қазақстанның 25 құрдасы «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды. Олардың қатарында ғалымдар, спортшылар, дәрігерлер, ветеринарлар, әртістер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, журналистер, фермерлер және мемлекеттік қызметкерлер бар. Жас патриоттарға партиялық билеттерді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед тапсырды.
Партия Орталық аппаратының ғимаратында өткен салтанатты шарада Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Қазақстан халқы – Тұңғыш Президенті күні мен алдымыздағы ең ұлық мерекеміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы – бұл екі мереке Елбасымыз, партия көшбасшысы есімімен тығыз байланысты. Елбасымыздың кемеңгерлік басшылығымен тәуелсіз Қазақстан бүкіл әлемге танылды. Нұрсұлтан Әбішұлы әсем Астанамызды салып, оны дүние жүзіне жарқырата көрсетті. Әлем халқы біздің Астанамызды «Болашақтың қаласы» деп атайды. Ал болашақ – сіздердікі. Бүгін сіздер Елбасы партиясының қатарына қабылдандыңыздар. Бұл сіздерге үлкен сенім ғана емес, зор жауапкершілік те жүктейді. Сіздердің Елбасы сенімін ақтайтындарыңызға кәміл сенемін», деді.
«Бүгінде Астанада 300 мыңнан астам жас буын өкілдері тұрады. Ақмола еліміздің елордасы атанған тұста қала халқы бұдан да аз болатын, – деді әрі қарай «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. – Сондықтан Астананы жастар қаласы деп толық сеніммен айтуға болады. Өкінішке қарай, астаналық жастардың тек 5 пайызы ғана «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Бұл айтарлықтай аз. Сол себепті, партиямыз жастардың мүшелікке өту белсенділігін қолдайды. Бүгінде еліміздегі министр, әкім, депутат, ұлттық компания басшыларының арасында жастар жетіп артылады. Табандылықпен жұмыс істесеңіздер сіздер де солардың қатарынан көрінесіздер. Бұл жолда мен сіздерге шын жүрегіммен сәттілік тілеймін».
Партиялық билеттерді тапсыру кезінде өздерінің партия ісіне адал қызмет ететіндері жөнінде пікір қосқандар да болды. «Bugin Group» ЖШС-нің коммерциялық директоры Қуаныш Сейсембаев: «Еңбегімді ескеріп, партия мүшелігіне қабылдағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің кез келген елдің экономикалық жағынан өсуі мен өркендеуінің негізі екенін өте жақсы біледі. Елімізде кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматқа мемлекетіміз еркін мүмкіндіктер алаңын қалыптастырды. Сіздердің қатарларыңызда еліміздің одан әрі өркендеп дамуы үшін барынша ат салысуға, өз үлесімді қосуға бар күшімді саламын. Ел үшін қызмет ету – жастың да, жасамыстың да парызы. Ал біздер, жастар жағы сөзбен де, іспен де қызмет етуге тиіспіз», деді ағынан жарылып.
Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров: «Мен қазіргі уақытта спорт саласында әлемді аралап, қай жаққа барсам да, Қазақстанды танып, құрметтеп жатады. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде әлемде өз орнымызды айқындай білдік. Осы ерен еңбектің барлығы Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы. Мен Елбасы саясатын қолдаймын, Елбасы басқарып отырған «Нұр Отан» партиясы мүшелігіне қосылғаныма қуаныш-
тымын. Еліміздің Туын әлемдік деңгейде желбіретуге бар күш-жігерімді саламын», деді.
Ал «Назар аудар» КТК командасының мүшесі Мәди Әбдуғалиев: «Егемен елімнің еркін ойлы азаматы ретінде «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне өткеніме қуаныштымын. Мен Тәуелсіз елдің төл перзенті болғанымды бақыт санаймын. Өз Отаныма адал қызмет ету – басты парызым. «Нұр Отан» партиясы жастарға үнемі қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда, партияның «Сәтті қадам», «Жастардың кадрлық резерві» сынды жобалары жастардың еңбекке орналасуына мүмкіндік туғызып, өз армандарын жүзеге асыруына көмек беруде. Республика жастарының сүйікті ойынына айналып үлгерген «Жайдарман» ойындары «Жастар Отанға» атты кең көлемді жобасының аясында жүзеге асырылуда. «Жас Отан» қолдаған «Жайдарман» ойындарының 2013 жылғы чемпионы атанып, бала күнгі арманымның бірі орындалды. Бұл да менің үлкен жетістіктерімнің бірі деп білемін», деді.
Партиялық билеттерін алғандардың қатарында елордалық теміржол вокзалының жетекші инженері Ержан Айтпанбетов, Көкшетау университетінің ұстазы Юлия Монтариди, танымал әнші Әли Оқапов, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының журналисі Іңкәр Қарашаева, Алматы облысындағы «Әлібаев» шаруа қожалығының жетекшісі Қуаныш Құдайбергенов, ветеринар Манат Рысқұлбеков, «ASTANA CITY» велокомандасының спортшысы Павел Гацкий және басқалар бар.
Қатарына жас патриоттарды тарту – «Нұр Отанның» басым бағыттарының бірі. Тек биыл ғана партияға 23 мыңнан астам жастар өкілі мүше болды. Ал қазіргі таңда «Нұр Отан» сапындағы жас буынның жалпы саны 170 мыңнан асады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»