• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2016

«Қазақстан сырт көз қызығатын елге айналды»

202 рет
көрсетілді

Ресей консулы Саид Забитов өз ойын осылай сабақтады Орал қаласында «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі» атты кең ауқымды конферен­ция өткізілді. Оған қатысу­шылар Елбасының мемлекет құ­ру мен саяси және әлеуметтік реформаларды іске асырудағы ұлан-ғайыр еңбектері жөнінде салмақты да салиқалы ой-пі­кірлер өрбітті. Сондай-ақ, кон­­­ференцияда Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген қа­зақ­стандық даму жолы мен моделі туралы жүйелі де жан-жақты әңгімелер қозғалды. Елбасы саясатына тарихи тұрғыдан талдау жасаған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақ­стан мемлекеттік уни­вер­ситетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев Әбілқайыр хан мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатында сабақтастық бар екенін баяндап берді. Жаңабек Жаңабайұлының айтуынша кәсіби тарихшыларға жақсы таныс әлем тарихындағы айтулы тұлғалар қамтылған «Адамзат хроникасы» кітабына төл тарихымыздан Әбілқайыр хан мен Нұрсұлтан Назарбаев ен­гізілген. Бұл кездейсоқтық болмаса керек. Аталған тұл­ға­лар қазақ халқының тағдыры таразыға тартылған және тағ­дыршешті тұста оң шешім қабылдаған болатын. Әйтпесе, халқымыздың ұлт ретінде өмір сүруі де екіталай болуы ғажап емес еді. Батыс Қазақстан облы­сын­дағы орыс мәдени орта­лығының төрағасы Сергей Погодин тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы Елбасының шексіз рөлі турасында сөз өрбітті. «Кейбір саясаткерлер мен зерттеушілер егер бір мемлекетте бес түрлі ұлттың өкілі болса, ол елде тұру қиындау болатынын айтады. Он этнос өкілі өмір сүрсе, онда ұлтаралық жағдай екі есе қиындайды. Ал жүз болса, онда елде өмір сүру мүмкін емес деп тұжы­рымдайды екен», деді ол. Ал Қазақстанда қазіргі таңда 138 ұлт­тың өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Бұл Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мүмкін болды деп есептеймін. Сондықтан мен өзімді осындай президенті бар мемлекетте өмір сүріп жатқаным үшін бақытты санаймын», деп қорытындылады өз сөзін  С.Погодин. Жиын барысында сөз алған Ресейдің Орал қала­сын­дағы консулы Саид За­битов Қазақ елі 25 жыл ішінде өз Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен биік белес­терді бағындырғанын атап көрсетті. Мені, әсіресе, қазақ­стандықтардың қоғам­дық ке­лісім саласындағы же­тіс­тіктері әр кез тәнті қы­лады, деді ол. Конференция барысында сондай-ақ, «Заман» Ба­тыс Қазақстан облыстық өн­дірушілер қауымдастығының төрайымы Айгүл Туркина, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің төртінші курс студенті Әйгерім Төлен және басқа қоғамдық ұйым өкілдері Елбасы мен ел тәуелсіздігі және оның ертеңі туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ