Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай және Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында бірнеше әлеуметтік жаңа нысандар ашылып, екі ірі кәсіпорын пайдалануға берілді.
Әуелі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ басқармасының төрағасы Әділ Мұхамеджанов «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Бәйтерек» ҰБХ еншілес ұйымы – Қазақстандық ипотекалық компаниясы салған тұрғын үйден ақтөбелік 25 отбасыға жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты жағдайда тапсырып, қоныс тойларымен құттықтады.
Өңір басшысы «Батыс-2» шағын ауданында «Нектар» балабақшасының салтанатты ашылуына қатысты. 320 орындық «Нектар» мектепке дейінгі балалар мекемесі екі қабатты, жалпы аумағы 6,5 мың шаршы метрді құрайды.
Мұнан кейін Бердібек Сапарбаев облыстық аурухана алаңында су жаңа 16 «Мерседес-Бенц» маркалы реанимобильдің кілттерін жедел жәрдем бригадаларына салтанатты жағдайда тапсырды.
Келесі кезекте Бердібек Сапарбаев облыстық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының салтанатты ашылуына да қатысты. Бұған дейін бұл мектеп-интернат икемделген ескі ғимаратта орналасқан-ды. Енді міне, мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі арқылы жаңа ғимаратқа көшті.
Аймақ басшысы жаңадан пайдалануға берілген «Сайлан» ЖШС магни ұнтағы және «Хромикс» пигмент-толтырғыш өндірістік цехына да барды. Жобаның негізгі бағыты құрамында хром бар қалдықтарды кәдеге жарату болып табылады. «Хромикс» пигмент-толтырғыш және магни ұнтағы өндірісінің жобалық құны 650 млн теңге тұрады.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе қалалық сал ауруларына шалдыққан азаматарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінде болып, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайымен танысты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ