Британдық «British Civilians For Peace in Libya» үкіметтік емес ұйымы Триполиде, Зауииде, Бин-Валидте және Ливияның батысындағы басқа да қалаларда бір апта инспекция өткізген соң, елде Муаммар Каддафидің қылмыстық режімі болмаған деген мәлімдеме жасаған.
Ол аз болса, ұйымның алдын ала жасалған баяндамасында НАТО авиациясының бомбалауы салдарынан бейбіт тұрғындардың қаза тапқаны туралы айғақтар табылғаны айтылған. Ал үкімет әскерінің бейбіт халыққа қарсы шабуыл ұйымдастырғанына дәлел жоқ көрінеді. Сапар қорытындысы бойынша батыстық журналистер, шындықты бұрмалай отырып, жұртшылыққа әділ хабар тарату жөніндегі өз міндеттерін орындамаған деген түйін жасалған.
Үндістанда жер сілкінді
Жексенбі күні Үндістанның солтүстік-шығысында болған күшті жер сілкінісінен 42 адам қаза тапқан.
Қазіргі уақытта Сикким штатында және оған жақын аудандарда әскери тікұшақтардың қатысуымен іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Өңірге 5 мың әскери қызметші аттандырылған. Қайғылы статистиканың бұдан да гөрі өсе түсуі мүмкін деген күдік бар. Көптеген шалғай аудандар көшкін салдарынан қоршауда қалған, бірқатар елді мекендерде электр жарығы мен байланыс жоқ.
Үкімет жасақтау тұйыққа тірелді
Ливия көсемі Муаммар Каддафиді жақтайтын күштер ереуілшілердің Сирт және Бени-Валид қалаларына жасаған шабуылына тойтарыс берген.
Сонымен бірге, үкімет жасақтаумен айналысып жатқан Өтпелі ұлттық кеңес оппозиция ішіндегі алауыздық салдарынан кабинет құрамын хабарлаудың кейінге қалдырылатынын мойындап отыр. Өтпелі ұлттық кеңес атқару комитетінің басшысы Махмуд Джибрилдің айтуынша, бірқатар кандидатуралар бойынша келісімге қол жеткенімен, қалған орындарға талас нақты нәтиже бермей отырған көрінеді.
Тәуелсіздікті мойындауға шақырды
Палестина ұлттық әкімшілігінің басшысы Махмұд Аббас дүйсенбі күні Израиль билігін Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындауға шақырды.
Нью-Йоркке келген соң Аббас журналистерге Тель-Авивтің Палестинаның тәуелсіздігін мойындауы Таяу Шығыста бейбітшілікке қол жеткізу үшін жақсы мүмкіндік болар еді деп түсіндірген. Осы аптада Аббас Палестина мемлекетінің 1967 жылғы шекарасын мойындау жөнінде БҰҰ-ға сұрау жібермек ниетте. Израиль өкіметі болса бұл бастамаға қарсылық білдіріп отыр.
Берлиндегі социал-демократтар жеңісі
Берлиннің жер парламентіне өткен сайлауда социал-демократтар жеңіске жетті.
Олар жеке федералдық жер мәртебесіне ие Германия астанасының депутаттар палатасында 28,3 пайыз дауыс алған. Сөйтіп, астаналық социал-демократтар жетекшісі Клаус Воверайт үшінші рет Берлиннің басқарушы бургомистрі болып отыр. ФРГ канцлері Ангела Меркель басқаратын христиан-демократиялық одағы өз позициясын жақсартқанымен, сайлауда жеңіліс тапты.
Түркия Египетпен одақтаспақ ойда
Түркияның сыртқы істер министрі Ахмед Давутоғлу түрік үкіметінің Египетпен альянс құруға қарсы емес екенін мәлімдеген.
Ол өз шешімін Египеттің елдің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрактің билігінен шығып, демократияны қайта құра бастауымен негіздеген. Сонымен бірге, түрік министрі өз елінің Египетпен одағының Израильге, Иранға немесе басқадай бір елге қарсы бағытталмайтынын атап көрсеткен. Сондай-ақ ол Түркияның Египетке салатын инвестициясының екі жылда 5 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін де айтқан.
Авиашоудағы ұшақ апаты
АҚШ-тың Батыс Виргиния штатында өткен авиашоуда 1958 жылы шыққан бір моторлы ұшақ апатқа ұшыраған.
«Троян салт аттылары» командасының мүшесі болып табылатын ұшқыш қаза тапқан. Америкалық БАҚ-тардың хабарлауынша, ұшақ белгісіз себептен ангар сыртына құлап, жарылып кеткен. Осы орайда америкалық авиашоу барысында бір аптада екі ұшақтың апатқа ұшырағанын айта кету керек.
Нью-Йорктегі «ашу-ыза күні»
Жексенбі күні «АҚШ-тағы ашу-ыза күні» шеңберінде Уолл-Стрит жанына бірнеше жүздеген адам жиналған.
Ереуілшілер, өз пікірлерінше, қатардағы азаматтардың мүдделеріне қайшы келетін америкалық қаржы жүйесіне қарсылық білдірген. Олардың айтуларынша, Американың қаржы жүйесі қарапайым азаматтардың әл-ауқатын байлардың мүддесі жолында құрбандыққа шалып отыр. Халық қолдарына қаржы топтары мен ірі корпорациялардағы жемқорлықпен күреске шақырған плакаттар ұстаған.
Қытай ғарыш аппаратын ұшырды
Қытай елдің оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясындағы Сичан ғарыш айлағынан «Чжунсин-1 А» байланыс аппаратын ғарышқа табысты ұшырды.
Спутникті «Чанчжэн-3В» зымыран ұшырғышы орбитаға алып шыққан. Аппаратты Қытай аэроғарыш ғылымы мен техникасы корпорациясы жанындағы Қытай ғарыштық технологиялар академиясы әзірлеп, жасап шыққан. Ол бүкіл ҚХР аумағында жоғары сапалы байланыс орнатуға және хабарлар таратуға арналған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.