Францияда келесі жылы сәуір-мамыр айларында өтетін президенттік сайлаудың басты оқиғасы бүгіндері жүзеге асқандай болып отыр. Елдегі жетекші саяси партиялардың бірі – «Республикашылар» партиясы праймериз сайлауында өз үміткерін анықтады. Оңшыл центристер атынан тартысқа бұрынғы премьер-министр Франсуа Фийон түсетін болды.
Қазір жетекші саяси сарапшылар ғана емес, француз қауымы да негізінен сол Франсуа Фийонды бірден-бір басты үміткер ғана емес, күмәнсіз президенттей қабылдап отыр. Оның мынадай мәні бар. Қазіргі биліктегі Франсуа Олланд та, оның социалистік партиясы да қатты сынға ұшырап, жеңіске үміт етпейтінін мойындағандай жағдайда. Әсіреұлтшыл «Халық майданы» партиясы мен оның көсемі Марин Ле Пеннің біршама жақтаушыларын көбейткенімен, оған қарсы күресте консерваторлар мен социалистер бірігіп кетіп, әсіреұлтшылдарға жол бермейтіні айдан анық. Сонда Елисей сарайына Фийонның жолы ашылып тұр, дейді сарапшылар.
Жалпы, «болжам айту жосықсыз әрекет» деген бар. Әсіресе, бұл соңғы кезде шындыққа айналып бара жатқандай. Ұлыбританиядағы референдумда елдің Еуроодақтан шығуы мақұлданбайды деген болжамды көп адам айтқан. Оған премьер-министр Дэвид Кэмерон да сенген. Соған орай, саяси ұпай да алмақ ойда еді. Ал британдықтар мақұлдап жіберді. Әйтпесе, АҚШ-тағы сайлауда Хиллари Клинтонның жеңісі күмәнсіздей еді. Бірақ Дональд Трамп жеңді. Тіпті, осы Францияда «Республикашылар» партиясының праймериз сайлауында Фийонның жеңісі көп адамның түсіне де кірмеген. Тартысқа түскен үшеу де бұрын билікте болғандар: Николя Саркози – президент, ал Ален Жюппе мен Фийон – бұрынғы үкімет басшылары. Жұрт Жюппе мен Саркозидің бірі жеңеді деген. Фийонға үшінші-төртінші орын берілген. Жалпы, ұлттық ауқымдағы сауалдамада басты үміткер Ален Жюппе саналды. Ал праймеризде Фийон жеңді.
Бұл жеңістің сырын сарапшылар Франсуа Фийонның өз бағдарламасын жасауға айрықша мән бергенінен көреді. Ол апталық жұмыс уақытын 35 сағаттан 39 сағатқа өсіруді, зейнеткерлік жасты 62-ден 65-ке көтеруді ұсынып қана қоймай, мұның ұлттық мүддеге ғана емес, халықтың жағдайын жақсартуға тиімділігін дәлелдеді. Далиған мемлекеттік аппаратты 500 мың адамға қысқартпақ. Ал Жюппе бұл қысқартуға қарсы болған.
Қазіргі заманда мультикультурализм мәселесі айрықша маңызға ие. Бұл Францияға да тән. Бұл елде келімсектер көп. Жюппе бұл мәселеге адамзаттық биіктен қарап, бәрінің ерекшеліктері ескерілсін десе, Фийон басым сайлаушылардың ұлттық сезімін қозғап, басқалар француздармен ассимиляциялансын дегенді алға тосады. Бұл көпшіліктен қолдау табады.
Сарапшылар тағы да бір факторға назар аударады. Фийон Ресейге, президент Владимир Путинге оң көзқараста. Кезінде екеуі әріптес болған. Бір мезгілде бірі Францияда, бірі Ресейде үкімет басқарды. Жақсы қарым-қатынаста, сыйластықта болды. Путин оны жақында «өте кісілікті адам», жоғары деңгейдегі қайраткер деп мақтап та жіберді. Бұл Фийонның жолын аша ма, жоқ кедергі болып тие ме, бұл жағы белгісіз.
Сонда бүкілхалықтық дауыс беруде Фийонның оппоненттері кім болмақ? Әсіреұлтшыл Марин Ле Пен жайында жоғарыда айттық. Социалистер әлі өз үміткерлерін айта алмай жатыр. Президент Олланд жеңіске сенімді болмаған соң, күреске түспесе керек. Үкімет басшысы Мануэль Вальс үнсіз. Бұрын оларда экономика министрі болған Эммануэль Макрон өз қозғалысын ашып, іргесін бөлді. Сарапшылар оны есепке де алып отырған жоқ. Сонда барлық көзір Франсуа Фийонның қолында тұрғандай көрінеді.
Бірақ болжам айту жосықсыз әрекет деген тәмсіл ойға орала береді. Партиялық сайлауға 4,2 миллион адам қатысса, ертеңгі жалпы сайлауда 36 млн француз дауыс береді. Олардың көпшілігі Фийонға дауыс береді деп кесіп айту қиын.
Бітім екі жақтың да мүддесін көздеуге тиіс
Соңғы біраз уақыттан бері сөз болып келе жатқан Колумбия билігі мен елдегі қарулы көтерілісшілер арасындағы бітімге қол жететін түрі бар. Ел президенті Хуан Мануэль Сантос пен Колумбия революциялық қарулы күштерінің (КРҚК) жетекшісі Родриго Лондоньо Эчеверри келісімнің жаңа нұсқасына қол қойды.
Жарты ғасырдан аса уақыт билікке қарсы қарулы әрекет жасап келе жатқан ұйыммен бітімге келу жөніндегі Колумбия президенті Хуан Сантостың бастамасын әлем жұртшылығы қызу қолдап, назарда ұстады. Тіпті оған сол үшін биылғы Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығы да берілгені бар. Бірақ біршама кедергіге ұшырап, сол бітім жүзеге аспай қалған. Сонда біраз жұрт сол сыйлық орынсыз берілді-ау деген ойға да келген сыңайлы еді.
Келісімнің алғашқы нұсқасына биылғы 26 қыркүйекте қол қойылды. Оның рәсіміне Латын Америкасындағы 15 елдің басшылары, тіпті БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун қатысқан. Бірақ 2 қазанда өткен референдумда бітім қолдау таппады. Дауыс бергендердің 50,21 пайызы қарсы болды. Қарсыластардың уәжі – жарты ғасырдай уақытқа созылған қарулы қақтығыстан 200 мыңнан астам адам қаза тапса, соған көтерілісшілер жауапты, олар жазалануы керек, дейді.
Дегенмен, халықаралық ұйымдар, көптеген мемлекет басшылары, колумбиялықтардың өздері де президент Сантостың бастамасын құптағаны анық. Қантөгісті қақтығыс қалайда тоқтауға тиіс, бұл жерде екі жақтың да мүддесі ескерілуі тиіс деген ұстанымға жүгінген ел басшысы бітімге жету күресін тоқтатпады.
Бітім үшін келіссөз қайта жалғасты. Әрине, қарсыластардың пікірлері ескерілгені анық. 50 пунктке өзгерістер енгізілді. Ең бастысы – қаруға сүйенген ұйым бейбіт жолды ұстанатын саяси күшке айналатын болды. Келісім бойынша КРҚК-нің 6 мың сарбазы таратылып, қарулары тәркіленеді. Оның есесіне, осынау бұрын радикалдық бағыт ұстаған, енді бейбіт саяси күшке айналған ұйымның басшылары мемлекеттік қызметтерге сайлана алатын болды, оларға Конгрестен (парламент) 10 орын берілмек.
Жоғарыда айтқандай, қарашаның соңғы күндері бітімнің жаңа нұсқасына екі жақтың жетекшілері қол қойды. Бірінші нұсқаға қол қою үлкен салтанатпен өтіп, оған басқа елдердің басшылары қатысқанымен, ол кейін референдумда бекімей қалып, айтарлықтай ыңғайсыздық туған. Бұл жолы да солай болып жүрмей ме деген күдікке келсек, енді оны референдум емес, парламент бекітеді. Ал онда президент Сантостың жақтастары көпшілік. Оған қоса, басқа ағымдағы депутаттар ішінде де бұл бітімді жақтайтындар баршылық. Демек, осынау басқа жерлердегі қақтығыстарды тоқтатуға да өнеге болғандай маңызды құжаттың жолы ашылатынына сенім мол.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист