дейді Жаңақала ауданының әкімі қызметін 18 жыл атқарып келе жатқан Төлеген Мерғалиев
Егемендік алғаннан кейін Елбасы Жарлығымен енгізілген әкімдік басқару институтының бұрынғы партиялық басқару құрылымынан басты айырмашылығы – халыққа жақын болуында. Айталық, кеңестік жүйеде аудандар мен облыстарды басқаратын бірінші хатшылар мен халықтың арасында атқару комитеті, кәсіподақтар, комсомолдар делінетін далиған аппараттар болды. Сөйтіп аудандағы бірінші басшы, яғни бірінші хатшы қарапайым халықтан алшақтап кетті. Әлгі тоталитарлық режім деп жүргеніміздің бір ұшы осыдан шығады.
Ал тәуелсіздікпен бірге енгізілген әкімдік басқару институтының бұрынғыдан басты ерекшелігі әкімдердің халықпен, қарапайым тұрғындармен тікелей бетпе-бет келуінде. Олармен қоян-қолтық, тонның ішкі бауындай бітісіп, қайнасып қызмет атқаруында. Бұл құрылымның жаңа мемлекеттегі адамдар мен тұрғындардың мүддесі үшін қызмет жасап келе жатқанына да жиырма жылға жуықтады.
Бүгін біз сол уақыттан бір ауданды табан аудармастан басқарып келе жатқан басшы жөнінде әңгіме жасамақпыз. Ол сонау 1992 жылдың басында шалғайдағы Жаңақала ауданының әкімі болып тағайындалған Т.Мерғалиев. Оның бір ауданды осыншама уақыт бойы басқаруының сыры неде? Осы ұзақ отырыс өзін-өзі ақтай алды ма? Осы мерзім ауданға не берді? Төлеген Тастайұлының өзіне не берді? Осындай басы ашық сауалдарға талдау жасасақ нені байқар едік?
Әуелі бұл шіркінді бастау қиын демекші, біріншіден, мұның сыры бірден ауданды басқарудың сауатты, өркениетті жолы таңдалып алынғанында. Жаңақала ауданын алға қарай дамытудың айқын бағыт-бағдары белгіленгенінде. 1992 жылдың қаңтарында, яғни Төлеген Мерғалиев аудан басшылығына келген кезде республика егемендігінің жарияланғанына небәрі екі апта ғана уақыт өткен еді. Бұл кезде жас мемлекетті алға қарай дамыту жөніндегі экономикалық және саяси реформалар жаңадан белгіленіп жатты. Ал реформа дегеніміз бір күннің, бір айдың немесе бір жылдың жұмысы емес. Ол ондаған жылдарды керек етеді. Бір қоғамдық құрылыстан екінші бір қоғамдық құрылысқа, бір формациядан екінші формацияға көшу қашанда күрделі мәселе. Ең қиындығы оған адамдардың моральдық-психологиялық тұрғыдан әзір болмай шығуында. Мерғалиевтің аудан тізгінін қолға алған кездегі бірінші жеңісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген реформалардың ойдағыдай іске асатынына, оның нақты нәтиже беретініне аудан тұрғындарының көздерін жеткізе білгендігі.
Содан кейін көп кешікпей елде жаппай жекешелендіру науқаны басталды. Осы науқан елдің қиян бір түкпіріндегі Жаңақала ауданында өркениетті түрде, аса бір жанашырлықпен өткені Мерғалиевтің екінші жеңісі деуге болады. Бұл тұста аудан басшысы тарапынан бір де бір әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени нысандар бұзылмасын деген талап қойылды. Осы тұста Төкең ар-ұят деген мәселені бағдаршамдай алға ұстай білді. Ұят болады деген бір ауыз сөз әкем Тастайдан қалған өсиет, өнеге еді. Осы қағида менің өмірлік ұстанымыма айналды. Алайда кейінгі кезде ұят болады деген тәрбиелік тіннің арқауы босап барады. Мені тәрбиелеген, адам қатарына қосқан әрі алға талпындырған осы бір ауыз сөз. Сондықтан да қолымнан келгенінше осы ұят боладыны аудан тұрғындары мен жас жеткіншектердің сана-сезімдеріне жеткізуге ұмтылып келемін, — дейді ол.
Жаны бар пікір. Ақиқатын айтқанда ауыл әкімдерінен бастап облыс әкімдеріне дейінгі атқарушы органдардың басшылары ең біріншіден тәрбиешілер емес пе? Тәрбиеші болғанда да сөзімен емес, ісімен өнеге көрсететін тәрбиешілер. Жекешелендіру кезінде Жаңақала ауданында бір де бір нысанның бұзылмағаны, бір де бір үйдің қирамағаны өнеге емей немене?
Т.Мерғалиевпен бұдан кейінгі әңгімеміз сұрақ-жауап түрінде өрбіді.
– Төлеген Тастайұлы, халқымызда ұстазы жақсының ұстамы жақсы деген нақыл бар. Сізге өмірде жол көрсеткен, ел басқарудың бағыт-бағдары жөнінде көмек берген кімдер?
– Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Мендалиев. Жаңақала ауданы ракеталық сынақтар жүруіне байланысты жабылған тұста Фурманов ауданының құрамында болды. Оны Кенжақаң басқаратын. Ол кезде жас маманмын. Ең алғашқы ұстазым осы кісі. Ол талапшыл, ары таза, халықтың мұң-мұқтажына ортақтаса білген басшы еді. Тоталитарлық режімнің адамы деуге қимаймын Кенжақаңды.
Одан кейінгі ұстаздарым Сатқали Сапаров пен Әділғазы Нұрғалиев. Екеуі менің алдымда бірінен соң бірі Жаңақала ауданын басқарды. Осы ұстаздарымның алғашқысы Сатқали марқұм сабырлы, салмақты, кез келген күрделі мәселені байыппен шеше білетін демократиялық тұрпаттағы басшы еді. Ал Әділғазы Нұрғазыұлы өзінің іскерлігімен әрі тез шешім қабылдай білуімен ерекшеленді. Ол кісі менің алдымда Жаңақала ауданын он бес жыл басқарды. Қазір Орал қаласында тұрады. Жақсы сыйласып аға мен інідей араласып келеміз. Ол кісі осы күнге дейін маған сен деп айтып көрген жан емес. Мен осы ұстаздарымның бойындағы барлық жақсы қасиеттерді ала білуге ұмтылдым.
– Бір ауданды жиырма жыл басқару өте сирек кездесетін жағдай. Тіпті баяғы социалистік жүйе кезінде де тап осылай сіз секілді бір ауданды тапжылмай ұзақ басқарған хатшы болмаған секілді. Қазір республикада дәл өзіңіздей бір ауданды осыншама уақыт бойы басқарып келе жатқан әріптестетеріңіз бар ма? Болса кімдер?
– Жиырма жылға жуық уақыт аудан әкімі қызметінде жүрген әріптестерім бар екені анық. Алайда олардың бәрі де ротациялық жолмен екінші бір ауданға ауысып әкімдік қызметтерін жалғастырып келеді. Дегенмен, дәл мен секілді бір ауданды он тоғыз жыл бойы басқарып келе жатқан әріптесімді білемін. Әрі онымен хабарласып тұрамын. Ол Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданының әкімі – Басшы Әзірханов.
– Өзі басшы, аты да Басшы болғаны ма?
– Дәл солай. Өзі де басшы, аты да Басшы. Әкімдік өтіл жөнінен сәл айырмашылығымыз Басекеңнің Бейнеудегі он тоғыз жылдық әкімдік өтілінің арасында сегіз ай үзіліс бар. Ал менде ондай саңылау жоқ.
– Өзіңіз осылай тұрақты түрде аудан әкімі қызметін атқаруды дұрыс деп ойлайсыз ба? Белгілі бір өңірді басқарған кезде ол адам өзінің мүмкіндігін әрі кеткенде төрт-бес жылда сарқады деген тұжырым бар. Бұл пікірге қалай қарайсыз?
– Басшылық қызметтегі тұрақтылық негізінен дұрыс деп ойлаймын. Айталық басшы кадрлар жиі ауысқан кезде белгілі бір істе кеткен кемшіліктерге байланысты кім кінәлі десіп қалатын жағдайлар кездеспей тұрмайды. Ал белгілі бір орындағы тұрақтылық жағдайында оны біреуге жаба алмайсың. Ондай жабатын кісің болмаса қалай жабасың. Сөйтіп аудан мен оның тұрғындары және әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі барлық жауапкершілікті тек бір өзің арқалауға тура келеді.
Ал сұрағыңыздың екінші тармағына қатысты қайтарар жауабым мен өмір бойы өзімді өзім қамшылаумен келе жатқан адаммын. Қашанда өзімді өзім жетілдіріп отыруға, қоғамдық өмір көшінен қалып қоймауға, бір орында тұрып қалмауға ұмтылып келемін. Әрі осы ізденістерім нәтижесіз емес деген ойға табан тірей аламын.
– Сіздің ойыңызша әкім болу дегеніміз не? Лауазым ба, билік пе, жоқ әлде жоғары қызмет пе?
– Бұлардың ешқайсысы да емес. Менің ойымша әкім болу – халықтың құлы болу деген сөз. Мұның мәнісін халық не айтса, соны істеу деп түсінсек сәл қиғаштау болар. Ең дұрысы, халықтың көңіл-күй ауанын дұрыс аңғарып, қапысыз сезіп, соған сай ел-жұрттың көңілінен шыға алатын, олардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеруге септігі тиетін шешімдер қабылдап, оны нақты істермен шегелей алсаң – мақсатыңның орындалғаны.
– Зейнет демалысына шығатын уақытыңыз да келіпті. Сайлау мерзіміңіз де өткен жылы аяқталыпты. (Т.Мерғалиев 2005 жылғы он екі тамыз күні өткізілген республикадағы төрт аудан әкімінің эксперименттік сайлауында баламалы түрде сайланған — Т.Қ.). Пайғамбар жасына да жетіпсіз. Енді не істейсіз? Жұмысыңызды жалғастыра бермексіз бе? Бұл жөнінде облыс басшысы, өзіңізді сайлаған аудан тұрғындары не дейді?
– Әрине, өтінішімді жазып зейнет демалысына шығамын.
– Егер қала тұрсаңыз, әлі де біразырақ уақыт істей тұрсаңыз деп қолқалап жатса ше?
– Ол ниеттеріне тағы да рахмет айтып, бәрібір осы алғашқы пікірімде қалмақпын.
Осы арада бүгінгі мақала кейіпкерімен жүргізілген бүкпесіз сұрақ-жауапты тежей тұрып сөз бен істің бірлігі туралы айтқымыз келеді. Мысалы, ауыл мен қала халқының арасындағы тұрмыс деңгейін бір-біріне жақындату, түбінде олардың арасындағы осы айырмашылықты жою деген мәселе кеңестік кезеңде өте жиі айтылатын. Бірақ ол сол сөз күйінде қалып қойды. Бүгінгі егемен елімізде бұл міндет жаңаша бір қырынан көрініс тауып келе жатқандай. Рас бұл өте күрделі мәселе. Кешенді көзқарас тұрғысынан алғанда тіпті мүмкін еместей іс.
Айталық, ауылдағы тұрмыстық деңгейді қала деңгейіне жақындатудың басты бір көрінісі – отын-суы ішіндегі жанға жайлы пәтерлер десек, бұл жаңақалалықтар үшін өткен жылдардың жемісі. Жаңақала деген атына заты сай өңірде соңғы жылдары тұтас бір тұрғын аудандар бой түзеді. Ол аудан орталығының бас жоспарына сай тұрғызылған. Бір сөзбен айтқанда шағаладай. Оны ешкім бағаламай кете алмайды. Ауданда саябақтар мен стадиондар, спорт алаңдары жасақталды. Қысқасы, мұнда өмір сүріп, еңбек етуге барлық қолайлы жағдайлар туғызылды. Шағын және орта бизнестің дамуына қажетті барлық алғышарттар жасалды.
Республикада тек бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын аудандар бар. Алайда сол өңірдегі жергілікті тұрғындар мал өнімдерін өткізуге келгенде кедергілерге тап бола береді. Өйткені, оны ыңғайлы бағамен өткізетін орын жоқ. Мал союға арналған орын тағы да жоқ. Осы мәселенің өзектілігі соншалық өткен жылдың аяқ шенінде ол республика Үкіметінің кезекті мәжілісінде арнайы талқыланды. Енді осының алдындағы ойымызға оралсақ, Жаңақала ауданының артықшылығы мұнда ауылдық ет тұтыну кооперативі құрылған. Бұл нысан ұзақ жылдардан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Соның арқасында жаңақалалықтар өздерінен артылған ет өнімдерін көршілес Атырау, Маңғыстау облыстары тұтынушыларына да өткізіп әжептәуір пайда тауып отыр. Мұндағы қондырғылар мен жабдықтар әлемдік стандарттар деңгейіне жауап бере алады. Атап айтқанда, кооператив меншігіндегі фреонды тоңазытқыштар өндіріс қауіпсіздігі кепілі. Бір сөзбен айтқанда, оны пайдалану тиімді әрі қолайлы. Міне, осындай жетістіктер мен табыстарда аудан әкімі Төлеген Мерғалиевтің лайықты қолтаңбасы бар.
Егемендікке ие болғаннан кейінгі кезеңдегі Жаңақала ауданының даму жолдары туралы әңгіме қозғаған кезде айналып өтуге болмайтын тағы бір мәселе бар. Оқырманға белгілі шығар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаппай урбанизация, яғни ауыл халқының қалаға қарай жоспарсыз көшу үрдісі басталды. Мұндай нышан республиканың барлық өңірлерінде орын алды. Осы үрдіс Батыс Қазақстан облысының аудандарын да айналып өте алмады. Әсіресе Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандары тұрғындарының біраз бөлігі облыс орталығына, кеншілер қаласы Ақсай маңына қарай жөңкілді.
Айтайын дегеніміз, бүкіл республика жұртшылығы үшін үлкен сын болған осындай өтпелі шақта Жаңақала ауданы тұрғындары ішкі көші-кон шылауына түспеді. Яғни Нарын өңірінен өзге жаққа қоныс аударғандар некен-саяқ. Мүлдем жоқтың қасы. “Арқада жыл жақсы болса, арқар ауып несі бар” деген осы да. Керісінше, Жаңақала өңіріне өзге көршілес аудандардан көшіп келіп қоныстанушылар көбейді. Сондай-ақ 1999 және 2009 жылғы халық санағының нәтижелеріне үңілген адам Жаңақала ауданындағы тұрғындар саны осының алдындағы кезеңмен салыстырғанда әжептәуір өсе түскенін көрер еді. Ол негізінен табиғи өсім, яғни сәбилердің дүниеге көптеп келуі есебінен.
2005 жылдың 12 тамызы күні республиканың төрт ауданында әкімдерді эксперимент ретінде сайлау өткізілгені белгілі. Олар Алматы облысының Ескелді, Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев және Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті аудандары еді. Эксперименттің аты эксперимент. Сол кезде жергілікті атқарушы органдар Орталық сайлау комиссиясына сайлауға түсетін әкімнің аты-жөнін ұсынған кезде жеті рет өлшеп, бір рет кесіп дегендей, сауысқаннан сақ мінез танытқаны анық. Өйткені, ұсынған адамдары баламалы түрде өткізілетін сайлауда өтпей қалса ыңғайсыз болар еді.
Осындай алмағайып шақта таңдаудың өзгеге емес, нақ Төлеген Тастайұлына түсуі тектен-тек емес-ті. Бұл жерде біріншіден оның аудан тұрғындары алдындағы абыройы мен беделі ескерілгені хақ. Қысқасы үш үміткер қатысқан аудан әкімі сайлауында Т.Мерғалиев тұп-тура жүз пайыз дауыс алғанын айта кеткеннің де артықшылығы жоқ.
Міне, өзіне жүктелген жауапкершілікті жақсы сезіне білетін, қандай жағдайда да ар-ұяттан аттап көрмеген, әрі ешкімге кек, дық сақтамайтын, алды қашанда кең кешірімді жетекші, халықтың алғысы мен үлкеннің батасын алған басшы Төлеген Мерғалиев бүгінде пайғамбар жасына жетіп отыр. Біздің ойымызша оның осы қызметтегі тынымсыз да ақ-адал еңбегі, жергілікті жерде ұзақ жылдар бойы Елбасы саясатын жүзеге асырудағы алымдылығы мен шалымдылығы оның өзге әріптестеріне өнеге болар деген оймен осы мақаланы жазып отырмыз.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы.