• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
05 Желтоқсан, 2016

Кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілер болмайды

145 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстанда «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи саясаты» тақырыбында мәжіліс өтті. Жиынға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдары басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, діни конфессиялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет ұйымдарының басшылары қатысты. Сонымен қатар, семинар жұмысын бейнеселектр арқылы қала және аудан әкімдері, мектеп директорлары мен бас дәрігерлер, жастар мен қоғам өкілдері көрді. Мәжіліске төрағалық еткен Ж.Түймебаев Мемлекет Басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесіне баса назар аударылғанын айтып, бүгінгі талқыланатын - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған басты тақырыптың өзектілігіне тоқталды. - Жемқорлықтың мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық дамуды тежейтіні баршаға мәлім. Осыған орай, жемқорлықтың пайда болуына ықпал ететін жағдайларды жою, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі қоғамның ең басты мәселесі. Мемлекетіміздің қозғаушы күші кәсіби мемлекеттік аппарат, яғни мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Сондықтан да, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын қатаң сақтау аса маңызды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа алып баратын жол қарапайым әдеп нормаларын сақтамаудан туындайтынын атап өткен жөн, - деді аймақ басшысы. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.