ЕҚЫҰ: ӘРЕКЕТ ЖАСАЙТЫН КЕЗ
1 қаңтарда Қазақстан КСРО елдерінің ішінен бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығын қабылдады.
Қазақстан тәжірибеге, түрлі тетіктерге бай, бірегей жағрапиялық қатысушылар құрамына ие Ұйымды Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі ынтымақтастық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өмірлік мәні бар құралдардың бірі ретінде қарастырады. Солай десек те, “қырғи-қабақ соғыстың” аяқталғанына қарамастан, Ұйым кеңістігі қауіпсіздігін құруды шектеп отырған “қызыл сызық” және “қаржысыз ойындар” сипатындағы пікірлер әлі де болса жойыла қойған жоқ.
ЕҚЫҰ-ның басқа мемлекеттерімен бірге Қазақстан қазіргі әлем бетпе-бет келіп отырған негізгі қауіп-қатерлерді толыққанды түсіну үшін Шығыс пен Батыстың жақындасуын толық қолдайды.ЕҚЫҰ ХХІ ғасырдағы әлемнің алуан түрлілігін мойындайтын құрылым ретінде қалыптаса ме, жоқ әлде біз білетін “Венадан шығысқа созылған” кеңістікте үй қызметін атқарып тұрған батыстың құрамдас бөлігі ретінде Ұйым болып қана қала бере ме? Міне, Ұйым болашағын айқындаушы негізгі сұрақ қайда жатыр.
Екі онжылдық бойына демократиялық қоғамдастыққа кірігіп кетсек те, “бұрынғы кеңес елдері” туралы қалыптасып қалған пікір әлі күнге дейін ЕҚЫҰ-дағы серіктестеріміздің санасында жаңғырығуда. Осыны ескерер болсақ, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің бізге көрсеткен сенімі Қазақстан үшін өте маңызды. Демократиялық қоғам құру – еліміздің саналы түрде таңдаған жолы және біз ары қарай елімізді саяси тұрғыда дамытуға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жаксартуға тырысатын боламыз.
Қазақстандық төрағалық девизі төрт “Т” әрпінен тұратын болады. “Траст” (сенім) – бізге ауадай қажет бір-бірімізге деген сенім, “традишн” (дәстүр) – ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттары мен құндылықтарын қалтқысыз ұстану, “транспаренси” (ашықтық) – халықаралық қатынастарда “қос стандарттардан” азат және “екіге бөлетін шектеусіз” барынша ашық болу, қауіп-қатерлерге қарсы тұруда сындарлы ынтымақтастыққа бейімділік. “Толеранс” (төзімділік) – қазіргі кезде маңыздылығы артып отырған мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуды нығайтудың ғаламдық жолын көрсету.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның басты бағыттарының бірі ретінде Ұйым дамуының негізгі мәселелері жөніндегі консенсус алаңының нығаюы мен дамуын қарастырмақ. ЕҚЫҰ саммитіндегі он жылдық үзіліс Ұйымның консенсустық негізі дағдарыс жағдайында болмаған күннің өзінде анық тығырыққа тірелгендігін көрсетеді. Осыған байланысты біз ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді 2010 жылы аталмыш кездесуді өткізу туралы Қазақстан бастамасын қолдауға шақырамыз. Аталмыш саммит, сонымен қатар, Хельсинки Қорытынды актісіне 35 жыл, Париж хартиясына 20 жыл және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 65 жыл толуын атап өтуге мүмкіндік бермек.
Мазмұндық тұрғыда саммит ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздік, Ауғанстандағы ахуал және толеранттылық мәселелерін қарастыруды көздейді. Бұл өз кезегінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер көшбасшыларына саяси ерік-жігер танытып, олардың халықтары алдында тұрған күрделі қиындықтарға жауап беру мүмкіндігі болып табылмақ.
Айта кету керек, ЕҚЫҰ – бүгінде теңдесі жоқ Ұйым. Оның тығырыққа тірелуі немесе жойылып кетуі еуро-атлантикалық кеңістікте жарылу (бөліну, ыдырау) қаупі бар вакуумның пайда болуына әкеліп соғады.
Қазақстандық төрағалық ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемінің үйлесім табуын назарда ұстайтындығына тоқталғым келеді. Мұндай қадам қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы тұрып қана қоймай, сонымен қатар, олардың пайда болу көздерімен де жұмыс істеуге мүмкіндік бермек.
Төрт тұғыр: СЕНІМ
Әділ АХМЕТОВ, Парламент Сенатының депутаты.
12-15 қаңтар аралығында Австрия астанасы Вена қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның тікелей төрағалық ете бастағанын айғақтайтын ауқымды шаралар болып өтті. Ұйымның қазіргі төрағасы еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған Қазақстан делегациясы әлгі шараларға қатысып келді. Мен де сол делегацияның құрамында болдым. Аталған белді Ұйымның жанындағы Тұрақты кеңестің кезекті отырысына бұл жолы Қанат Саудабаев басшылық етті. Өз баяндамасында ол Ұйымның үстіміздегі жылы атқаратын жұмысының негізгі бағыттарын айқындап берді. Қазақстанның төраға ретінде қандай түйінді мәселелерге ден қоятыны жайлы Тұрақты кеңеске қатысып отырған 56 мемлекеттің делегациялары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен экрандардан көрсетілген бейне үндеуін зор ықыласпен тыңдады. Үндеу өте үлкен әсер қалдырды. Мемлекет басшысы қазақстандық төрағалықтың негізгі нысаналары төрт “Т”, яғни “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транспаренси” (ашықтық) және толеранс “төзімділік” деген ұстанымдар болатынын қадап айтты.
Сол маңызды ұстанымдардың ішіндегі Сенімнің өте үлкен рөл атқаратынына ерекше тоқталып өткім келеді. Өйткені, сенім барлық шешімдердің бастауы болып табылады. Елбасы “Бірлік болмай – тірлік болмас” деген халық даналығын да тегін айтқан жоқ. Қарап отырсақ, аталған Ұйымның құрылғанына да 35 жыл болып қалыпты. Осы орайда оған мүше болып табылатын мемлекеттердің бір-біріне деген сенім деңгейіне келер болсақ, оны Венадан шығысқа қарай және Венадан батысқа қарай деп екіге бөліп қарауға тура келеді. Себебі, Батыс Еуропа елдерінің, әсіресе, ТМД елдеріне деген сенімі әлі күнге дейін ескі стереотипке негізделеді де, батысқа және шығысқа бөлу ара-тұра болса да сыр беріп қалып жатады. Осындай сенім мен пиғылдан арылатын кез келгенін Президент өз сөзінде ашық айта келіп, Қазақстанның бұл Ұйымға басқалармен терезесі тең мемлекет ретінде басшылық ететінін жеткізді. Әлгіндей сенімсіздік жойылмайтын болса, бірлік болмаса, жақсы нәтижеге жете алмаймыз дегенді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шегелеп айтты. Ол сөз рас та. Қазақшалап айтқанда, мүше елдердің бірі бәйбішеден, ал екіншісі тоқалдан туған жоқ қой. Барлығы да тең құқықты елдер.
Батыста кейінгі кезге дейін “стан” деген ұғымға үрке қарайтын әдет қалыптасқан. Мысалы, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, оның сыртында Ауғанстан, Чешенстан және Пәкстан сияқты елдер бар. Міне, атаулары осындай “станға” бітетін елдерге Батыс оң қабақ таныта бермейді. Өйткені, Ауғанстандағы жағдай қаншама жылдан бері шиеленісіп келеді. Сол елдегі 35 жасқа келген азаматтардың көргені тек қару-жарақ пен оқ дәрі. Экономика саласы жамбастап жатыр. Күнкөрістің көзі тек есірткі сатумен байланысты болып тұр. Президент өз үндеуінде осы мәселеге қатты мән берді. Бұл шиеленісті әлгі мемлекеттің жалғыз өзі шеше алмасына назар аударды.
Былтыр біздер Торонтоға (Канада) ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының кезекті күзгі сессиясына барған кезде канадалық Сенат төрағасы ауған соғысын жалғыз Америка Құрама Штаттары шеше алмайды дегенді ашық айтты. Оның түйінінің өте тереңде жатқанын, шешімін табуға көптеген мемлекеттер қолұшын беруі тиіс екенін, әсіресе, Орталық Азиядағы мемлекеттер, соның ішінде Қазақстанның үлкен рөл атқаратынын алға тартты. Бұл сөздің жаны бар, өйткені, Орталық Азиядағы мемлекеттердің менталитеті, салт-дәстүрі, психологиясы ерекше. Оны Батыс біле бермейді. Сондықтан оларда осы мәселенің түйінін шешуге Қазақстан қолұшын береді-ау деген үміт бар. Қазақстан тарапынан қазір осы елге гуманитарлық көмек беріліп жатыр. Мемлекет шешімімен Ауғанстанға 50 миллион доллар бөлініп, мыңдаған ауғандық азаматтарды біздің елде оқытып, ол елдің әлеуметтік саласына қажет мамандар даярлауды қолға алып жатырмыз. Ұйым мүшелері бұл қадамымызға дұрыс көзқарас танытып отыр.
Парламент депутаты ретінде былтыр күзде Берлин қаласындағы Маршалл орталығы ұйымдастырған, Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесіне арналған семинарға қатысып, Бундестагтың (парламенттің) бір топ депутаттарымен кездесу кезінде олардың бірі ауғандар неге үндемей отыр деп қалды. Сонда ауғандық депутаттардың бірінің былай дегені бар: “Батыс бізге инвестицияны төгіп жатырмыз деп ұрандатады. Ал сіздер сол инвестициялардың қалай жұмсалып жатқанын білесіздер ме? Оның бір тиыны да халыққа жетіп жатқан жоқ. Оның үстіне Ауғанстанда соғыс талибандарман жүру үстінде. Ал талибандардың кім жағында екенін сіздер білесіздер ме? Талибан қозғалысын халық қолдайды, сондықтан соғыс халықпен жүріп жатыр”. Мен осы орайда жаңағы депутаттың пікірімен санасу қажеттігін айтқым келеді. Егер халық талибандарды қолдайтын болса, онда халықты ешкім де жеңе алмайды. Халықпен соғысып ешкім абырой тапқан емес. Ауғандық депутаттың әлгі уәжіне жете мән беру қажет екені анық. Қазір АҚШ Ауғанстандағы әскерилерінің санын көбейтіп, барлық шиеленісті қарулы күштердің көмегімен ретке келтіру ниетінде. Бірақ бұдан дұрыс нәтиже шыға қоя ма?
Міне, дәл осы тұрғыдан қарайтын болсақ, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара ауызбіршілігі дәл қазір ауадай қажет. Оның үстіне Ұйымға мүше елдер басшыларының соңғы саммиті Түркияда осыдан 10 жыл бұрын өтті. Ал одан бергі заманда, әсіресе, Америкада 11 қыркүйекте орын алған алапат оқиғадан кейін қауіпсіздік мәселесіне төнген қатер мүлде ұлғайып кетті. Сондықтан ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммитін өткізу туралы Қазақстан Президентінің бастамасы өте орынды. Бұл орайда ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы Спенсер Оливер былай дейді: “Саммит туралы бастама Қазақстаннан, оның ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан шығып отыр. Мен бұл ұсынысты 100 пайыз қолдаймын. Себебі, кейбір елдер бұл тек Қазақстан үшін ғана қажет деп ойлайтын сыңайлы. Олар қателеседі, саммит Қазақстан үшін емес, Ұйымның өз абыройы үшін қажет”.
Осы Ұйымның ішіндегі сенімді қалпына келтіру, сөйтіп, оның қауқары мен беделін күшейту үшін ең алдымен саммит керек. Президент ұсынысын көптеген мемлекеттердің өкілдері қолдады. Мәселе саммиттің қай жерде өтуінде емес, ең алдымен оның Қазақстанның бастамасымен өтуінде. Күн тәртібіне келер болсақ, ЕҚЫҰ-ның үш себетіндегі мәселелер теңдей алынып жүрілетіндігіне де Қазақстан басшысы жіті назар аударды. Қазір байқап отырсаңыз, түйіні шешілмеген мәселелер көбейіп келеді. Кавказдағы, Ауғанстандағы және өзге де аймақтардағы шиеленістер жыл санап арта түсіп отыр. Сол мәселелерді шешуде өзара сенім қажеттігін уақыттың өзі дәлелдеді. АҚШ-та өткен Хельсинки комиссиясының отырысында менің баяндамамнан кейін комиссия төрағасы: “Жер бетінде ешкімді шеттетпейтін, ешкімді кемсітпейтін бір ел болса, ол – Қазақстан. Осы елдің тәжірибесін, ғибратын бүкіл жер жүзіне таратуымыз керек. Қазақстан бұл мәселе жөнінде Америкаға да үлгі’’, – деді. Мұндай бағаның еліміздің абыройын асқақтатқаны айтпаса да түсінікті.
Әрине, мұндай нәтижеге біз ел ішіндегі өзара сенім мен төзімділіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Олай болса, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің арасында өзара сенім болмайынша, Ұйым абыройын арттыру да мүмкін емес. Сенім барлық шешімдердің бастауы екендігі үнемі назарда болуы тиіс. Ұйым жұмысында да осыны үнемі қаперде ұстаған жөн.