«Әл Каида» ұйымының мүшелері өздерінің опат болған көсемі Усама бен Ладеннің бейнеүндеуін таратқан.
Үндеуде Батыстың таяу уақыттарда күйреуге ұшырайтыны, ал АҚШ-тың ислам әлеміне қарсы тұруда жеңіліске жақын екенін мойындауға күші жетпей отырғаны айтылған. Сонымен бірге онда «араб көктемі» деген атау алған оқиғалардың «Әл Каиданың» қолымен жасалып отырғаны да атап көрсетілген.
Тағы да атыс басталды
Йеменнің астанасы Санада үкімет әскерлері мен оппозиция күштері арасында тағы да атыс басталды.
Режімге қарсы топтың бас алаңда тұрғызған палаткалы лагеріне екі снаряд келіп түскен. Алдын-ала мәліметтер бойынша, екі адам қаза тауып, тағы бес адам жарақаттанған көрінеді. Айта кету керек, осының алдында ғана Йемен армиясы мен оппозиция күш қолданбау туралы келісімге келді деп хабарланған болатын.
Түркия Кипрге әскер жөнелтпек
Анкара халықаралық қоғамдастық мойындамаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасымен бірге Шығыс Жерорта теңізінде мұнай мен газ өндіруді бастамақ.
Бұл іс-қимыл Кипр республикасының аралдағы шельфті талдау жұмыстарына жауап ретінде жасалып отыр. Кипр республикасы өзінің ғана экономикалық аймағы деп санайтын ауданға қатысты біздің көзқарастарымыз әртүрлі, деп атап көрсеткен Түркия премьер-министрі Т.Ердоған. Біз бұрын оларға аталған экономикалық аумақтың даулы екенін, онда бұл сияқты қадамдар жасау дұрыс емес екенін айтқан болатынбыз. Сондай-ақ, ол ахуалды бақылау үшін аралға әскери-теңіз күштері мен әскери авиацияның жіберілетінін де жеткізген.
«Азшылық» та әскери қызмет атқарады
АҚШ-та өздерін «азшылық» санайтын гомосексуалдар мен лесбиянкалардың қарулы күштер қатарында қызмет етуіне шектеу қоюдың күшін жоятын заң күшіне енді.
Президент Барак Обама қол қойған заңның мәні гомосексуалдар мен лесбиянкалардың әскери қызмет атқаруына рұқсат беруге, олардың өздері туралы шындықты айтпауларына, ал әскери басшылықтың ол жөнінде сұрақ қоймауына келіп саяды.
Бейбіт тұрғындар қаза болуда
«Франс Пресс» агенттігі Бани Валид ауданында Каддафиге адал отрядтар мен жаңа билік әскерінің арасында кескілескен ұрыс жүріп жатқанын хабарлаған.
Төңкерісшілер алғашында Бани Валидқа кіргенімен, кейін Каддафи күштерінің тегеурініне шыдамай, қаланы тастап шығуға мәжбүр болған. Ал куәгерлер болса, Сирт қаласында НАТО әскерлерінің бомбалауынан 300-ден астам бейбіт тұрғынның қаза болғанын, 500 пәтердің қирағанын айтқан.
Жапондар электрден бас тартуға дайын
Жапондардың жартысынан астамы (ерлердің 60 %-ы және әйелдердің 70%-ы) өздерінің тұрмыс деңгейлерін төмендете отырып, электр пайдалануды қысқарту жөнінде пікір білдірген.
«Майнити» газеті жүргізген сауалнама қорытындысы осындай нәтиже көрсеткен көрінеді. Сұрау салынғандардың 60 пайызы неғұрлым үлкен қатер төндіретін реакторлардан бастай отырып, елдегі АЭС-тер санын қысқарту қажет деп атап көрсеткен. Ал 20 пайызы АЭС-тер санын көбейтпей-ақ, қазіргі барларын ғана пайдалана беру керек деген ұстанымда болған.
Грузияның талап-арызы қаралмақ
Страсбург қаласындағы Еуропалық соттың жоғарғы палатасы 22 қыркүйекте Грузияның Ресейге қарсы берген талап-арызын қарамақ.
Грузия тарабы Ресейге 2008 жылғы тамыз соғысы кезінде Адам құқықтарын қорғау жөніндегі еуропалық конвенцияның 1,2,3,5 және 8-інші баптарын бұзды деген айып тағып отыр. Ал Ресей жағы болса, тағылған айыптар негізсіз және дәлелсіз дегенді қайталаудан танбай келеді.
Меркель Түркияның Еуроодаққа өтуіне қарсы
Германия канцлері Ангела Меркель Түркияның Еуроодаққа өтуіне қарсы шықты, деп хабарлайды Augsburg Allgemeine басылымы.
Онда келтірілген мәліметтер бойынша неміс үкіметінің басшысы Түркияның Еуроодаққа толыққанды мүше болуына қарсы, бірақ ол сонымен бірге Анкара мен Берлиннің әріптестігінің маңызды екенін де атап көрсеткен. Айта кету керек, ЕО-ға мүшелік жөніндегі Германия мен Түркия арасындағы келіссөздер Анкара мен Кипр арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісуі жағдайында өтіп отыр.
Аббас әзірге айтқанында тұр
Арабтың көптеген бұқаралық ақпарат құралдары Нью-Йоркке келген ПҰА басшысы Махмуд Аббастың БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі жайында хабарлауда.
Олардың жазуларына қарағанда, Махмуд Аббас Палестина мемлекетін мойындау жөнінде Қауіпсіздік Кеңесіне ұсыныс білдіру ниетін әлі өзгертпеген көрінеді. Сонымен бірге осы қадамға байланысты АҚШ тарапынан берілетін қаржылық көмек тоқтатылатын болса, Палестина жағдайының қиындай түсетіні де айтылуда.
Ғарыш қоқысы қайда құлайды?
Салмағы жарты тонна болатын ғарыштық қоқыс Жерге қарай асқан жылдамдықпен жақындап келеді.
НАСА мамандарының айтуларынша, жұмыс істемейтін америкалық спутниктің сынықтарының жұма күні планетамыздың үстіне келіп құлауы мүмкін. Мәселе оның дәл қай жерге келіп түсетінінде болып отыр. Өйткені, одан адамдарға келер қауіп өте зор. Сарапшылардың бір бөлігі солтүстік ендіктің 57 градусы мен оңтүстік ендіктің 57 градусына дейінгі аралықта құлауы мүмкін дегенді айтуда. Ал ол сынықтар Мәскеу маңына құлайды дегенді білдіреді екен. Бірақ, Ресейлік ғарыш мамандары сынықтар Үнді мұхиты айдынына құлайды деп халықты тыныштандырған көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.