• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2011

Үлкен дастарқан үлкен тілектерге жайылады

330 рет
көрсетілді

18 қазан Бүкіләлемдік рухани келісім күні деп жария­лан­ғаны белгілі. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған елең-алаң шақта-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылдың осы күні «Рухани келісімнің бүкіләлемдік конгресін» өткізген болатын. Содан бері 18 қазан – Бүкіләлемдік рухани келісім күні деп аталады. Былтыр бұл күн Астана қа­ласында 18-20 қазан аралы­ғын­да атап өтіліп, оның бары­сында «Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы» өткізілген болатын. Оған 70-тен аса елден 500-ден артық қонақтар қатысты. Әлемнің ғылым, мә­де­ниет, саясат сала­сындағы аты мәшһүр қайраткерлері, өнер адамдары әлемдік рухани келісімге келудің жолдары ту­ралы өздерінің ойларын ортаға салды. Форум өзара келісімді тату көршілік жағдайында бейбіт өмір сүру үшін және төзім­сіздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы бірігуде адамзаттың рухани күшін, айнымас құн­ды­лы­ғын пайдалануды мақсат етті. Ал биыл бұл күн «Рухани мәдениет – әлемді жаңартудың кілті» атты халықаралық ғы­лы­ми-практикалық конференциямен атап өтілмекші. Ол 17-19 қазан күндері Бейбітшілік және келісім сарайында бола­ды. Әзірге 23 елден айтулы қайраткерлер, өнер адамдары келетінін білдірген. Конференция барысында «Қазақстан Гол­ливуд жұлдызы­ның көзі­мен» атты фильмнің тұсау­ке­сер рәсімі болады. Осы шараға байланысты ұйым­дас­ты­ру комитетінің тең төрағасы, Сенат депутаты Төлеген Мұ­ха­меджанов журналистермен бас­пасөз мәслихатын өт­кіз­ді. Бұл мәслихаттың ерекшелігі сол, мұн­да өзім ғана сөйлемей, сіздердің де Рухани келісім күнін қалай өткізгеніміз дұрыс деген пікірлеріңізді естігім келді, деді ол өзінің сөзінде. 1997 жылдың 18 қазанын біз айрықша шарамен атап өттік. Дәл осы күні біздің еліміздегі 60 мың адамды бір мезгілде дастарқан басына отыр­ғыза алдық. Оған қоғамның барлық бұқара топтарының өкіл­дері: ауқаттылар мен әлеу­меттік жағынан әлсіз қорғал­ғандар, қызметкерлер мен уа­қытша жұмыссыздар, зейнеткерлер, жетімдер өкілдері – бәр-бәрі қатысты. Дас­тар­қан­дағы отырыс Ислам мен Православие діндері басшылары­ның құдайдан Қазақстанға, хал­қымызға бейбіт өмір мен жақсы тұрмыс тілеп, сыйыну рә­сімін жасаудан басталды. Сөйтіп, барша қазақстандық­тың өкілдері бір дастарқаннан бір мезгілде дәм татты. Ал қа­зақ халқы үшін дастарқаннан үлкен, дас­тар­қан­нан сыйлы орын жоғы белгілі. Қазақ ата­мыз «асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деген ғой. Оның үстіне Қазақ ең жағымсыз қы­лықты да «дастарқаннан ат­та­ды» деп сөгіп жатады. Ондай кісіге қазақтың жүрегі еш­қа­шан жібімейді, сондықтан да қазақ баласы қандай асығыс болса да дастарқаннан аттамай, дә­мін татып кетеді. Басқа халықтар арасында да дастарқанның құдіретін жоғары қоятын дәстүрлер бар. Рухани келісім күні барша қазақстандықтар ор­талық үлкен дастарқанмен бірге үйлерінде де дастарқан жай­ып, елімізге амандық, ба­қыт, баянды өмір тілеп отырса, қандай ғанибет. Айта кететін жәйт, деді сө­зі­нің соңында Т.Мұхамед­жанов, бізге 1997 жылғы үлкен дастар­қан­ды жаюға Қазақ­станда сол кездері жұмыс істеген амери­ка­лық іскерлер демеушілік жасаған еді. Олар біздің идеямызды бірден түсініп, қол­даған болатын. Осының өзі оларға мұндай дәс­түрдің жа­қын­дығынан болса керек. Осы­лай деген сенатор осы идея­ның қолдау тауып, Рухани келісім күнін қазақстандықтар жыл сайын осындай үлкен дас­тарқан жаюмен атап өткенін қалай­ты­нын жеткізді. Журналистер бір­қатар сұрақтар қой­ып, артынан озық идеяны қол­дап, халыққа жеткізуге уәде берді. Жақсыбай САМРАТ.