Мұндай пікір ЕҚЫҰ-ның Қысқы мәжілісіне қатысушылар тарапынан жиі естілуде
Сәрсенбі күні Сенат Төрағасы Қасымжомарт Тоқаев бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы ЕҚЫҰ-ның Қысқы мәжілісіне қатысу үшін Вена қаласына келді.
Жақсыбай САМРАТ – Венадан. Делегация құрамында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Саяси мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі жалпы комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ЕҚЫҰ аталмыш комитетінің мүшесі Әмзебек Жолшыбеков және басқа парламентарийлер бар.
Адамзат тарихындағы Штраус, Моцарт, Бетховен, Шуберт сияқты ұлы композиторларды туған Вена қаласы қай күндегісіндегідей өткір самалмен желпініп, музыкалық күй танытып тұр екен. Бұл самал бір жағынан Қазақстандағы ерте көктемде қарды алып кететін “алтын күрек” желін еске салып, қала көшелерін жасаңғыратып тұр. Қазақстан делегациясы осы күннің кешінде, ешқандай ресми шара болмағандықтан, Венаның опера театрында “Жарқанат” балетін тамашалады.
Ресми шаралар кеше таңертең басталды. Алдымен ЕҚЫҰ ПА Тұрақты комитетінің мәжілісі болды. Оған журналистер толығымен қатыстырылып, олар отырыстың қаншалықты қызғылықты дәрежеде өткенін өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Мәжілісті ЕҚЫҰ ПА төрағасы Жоао Соареш ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің сөзінде ЕҚЫҰ-ның жаңа төрағасының алғашқы қадамдарына қысқаша бағалар беріп өтті. Іс басындағы төраға Қанат Саудабаевтың ұзаққа созылған кикілжіңдерді реттеуге ықпал ету үшін жасап жүрген талаптарына да жоғары баға берді. Бұл Қазақстанның өзіне жүктелген міндеттерді тереңнен түсініп, оны тиімді орындауға кірісе бастағанының көрінісі, деді ол. Қазақстанның төрағалыққа өтуін қолдаған көптеген елдердің лидерлері, іштерінде Франция Президенті Н.Саркози, Ресей Президенті Д.Медведев және т.б. бар, Қазақстанның осы тарапта тиімді төраға болатындығын айтқан еді, енді біз соның жемісін көре бастадық. Осы тарапта Ж.Соареш өзінің атынан Грузия мен Ресей арасындағы кикілжіңді реттеу үшін бізге аса күрделі саяси шешім қабылдауға тура келетін шығар. Сондықтан бізге саяси батылдылық пен шешімділік керек, деді ол.
Одан әрі төраға сөз кезегін баяндама жасау үшін ЕҚЫҰ ПА қазынашысы Роберте Бателлиге берілді. Өзінің баяндамасы қатысушыларға бұрын таратылғандықтан, ол барынша қысқаша сөйлеп, ЕҚЫҰ ПА үшін қаржылық жыл 30 қыркүйекте аяқталатынын айта келіп, есепті кезеңде белгіленген шығыс сомасының 4 пайызы игерілмей қалғанын жеткізді. Бұл үнем іссапарлардың азаюы есебінен болды, деді ол.
Келесі сөз, күн тәртібіне сәйкес, ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы Спенсер Оливерге берілді. Оның баяндамасы да қысқа болды, ол Ұйымның есепті кезеңдегі жұмысына оң баға бере келіп, өзінің келесі мерзімге кандидатура ұсыну мәселесі әлі шешілмегенін жеткізді.
Күн тәртібіндегі келесі үлкен мәселе ЕҚЫҰ ПА-ның ДИАҚБ жұмысына қорытынды жасауына арналды. Соның ішінде ДИАҚБ-ның Украинадағы сайлауға қатысуы туралы сөз болды. Осы мәселе қозғалғанда жаңа ғана тыныш өтіп жатқан отырыс жанданып қоя берді, сөйлеуге сұранғандар саны да өте көп болып, төраға уақыттың шегіне сәйкес оларды шектеу қажеттігін ескертті.
ДИАҚБ-ның жалпы шешімі бұл сайлауға оң баға беріп, оның демократиялық жолмен өткенін жария етті. Бірақ осыдан кейін бірінші болып сөз алған Украина өкілі жан-жаққа тиісе сөйлеп, өз елінің мемлекет басшысын ауыстыруға басқа шығыстық көршілер сияқты қорықпайтынын айтты. Одан әрі жаңа президент В.Януковичтің көзқарастары мен ұстанатын позициясын сынады. Ол – кеңестік әдіспен басқаратын орысшыл бағыттағы көшбасшы. Батыстық, демократиялық әдістер оған жат, дей келіп, Украина халқы оны қолдамағанын, жиырма бес өңірдің тек тоғызы ғана оған дауыс бергенін, сайлауда заң бұзушылыққа молынан жол берілгендігі себепті қарсы жақ сотқа жүгінуге мәжбүр болып отырғанын жеткізді. Бірақ оның сөзін ПА-ның басқа мүшелері негізінен қолдаған жоқ, соның ішінде пікірталаста сөз алған Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қандай да болса украин халқының таңдауымен санасу қажеттігін, сайлаудың демократиялық жолмен өткендігін барлық байқаушылар да мойындағанын, сондықтан Украинаның жаңа президенті В.Янукович жеңіске жеткені үшін құттықтауға лайықты екенін айтты.
Осы мәселе бойынша Албаниядағы сайлаудың жәй-күйі де әңгіме арқауына айналды. ДИАҚБ-ның қорытындысы бойынша ондағы сайлау да заң бұзушылықсыз өтті делінгенімен, оппозиция онымен келіспей, бойкот жариялап жатқаны дұрыс әрекет еместігі аталды. Бірақ бұл да демократияның көрінісі, олардың құқын ешкім да аяққа баса алмайды, деді Ж.Соареш.
Отырыста бұлардан да басқа кейбір елдердегі демократиялық құндылықтардың, адамдардың құқы бұзылғандығы аталып өтті, соның ішінде Белоруссиядағы аз ұлттардың, атап айтқанда, поляк диаспорасының мүддесіне қол сұғылғандығы көлденең тартылды. Бірақ Беларусь өкілі В.Иванов бұл мәселенің дұрыс қойылмай тұрғанын, мәселе поляк диаспорасының өз арасындағы кикілжіңде екенін, екі топқа бөлінген олар араларындағы жалғыз ғимаратты бөлісе алмай, адам құқы бұзылды деп байбалам салғанын жеткізді. Осы мәселеге арналған пікірсайыстар тым ұзаққа созылды.
Келесі кезекте Алматы қаласында үстіміздегі жылдың 14-16 мамырында болатын “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемдері” атты парламенттік форумына дайындық туралы сөз ЕҚЫҰ ПА вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді. Ол өзінің сөзін біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалығына кіріскен тарихи сәтінде айтып тұрғанын тілге тиек ете келіп, алдымен қазақстандық төрағалықтың уақытында болатын мерейтойларға және оларды лайықты атап өту мәселелеріне тоқталды. Біз төрағалықты ЕҚЫҰ-ның сенімді әріптесі, тарихи межемен алғанда өте аз уақыттың ішінде демократиялық институттарды құру мен нарықтық экономиканы дамыту жолында үлкен жетістіктерге жеткен еуразиялық беделді мемлекет ретінде алып отырмыз. Біздің төрағалыққа қол жеткізуімізге ПА-ның әрқашанда қолдаушы болғаны үшін сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді және оның болашақтағы қолдауы арқасында біз төрағалықты табысты жүргіземіз деген сенім білдіремін, деді ол. Сенат Төрағасы Қазақстанның төрағалықты қалай қабылдайтынына тоқталғанда оны үлкен жауапкершілік ретінде мойындайтынын жеткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында да дәл осылай деп жариялады, деді ол.
Сөзін Президент Н.Назарбаев мәлімдеген қазақстандық төрағалықтың ұрандарына шолумен жалғастырған Қ.Тоқаев олардың маңызы туралы айтып берді. Ал төрағалықты іске асыру бағытындағы біздің қадамдарымыз Іс басындағы төраға Қанат Саудабаевтың сөзінде айтылатын болады, деді ол. Менің елім осынау әлемдік Ұйымға төрағалық етуді қатысушы елдердің арасындағы өзара экономикалық ынтымақтастықты дамыту, гуманитарлық байланыстарды тереңдету және демократиялық құндылықтарды нығайту мүмкіндігі деп біледі. Сондықтан да Қазақстан төрағалығының басымдықтары арасында терроризмге қарсы бірлескен күрес, Ауғанстан экономикасын қалпына келтіру және т.б. сияқты нақты тақырыптар бар. Бұларды шешпесек, біздің жоғарыда айтылған мақсаттарға жетуіміз қиын. Сондай-ақ, біз Қазақстанның төрағалығы Шығыс пен Батыс арасындағы өзара сенімді арттыра түсуге ықпал етер деген сенімдеміз.
Одан әрі Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ-ның соңғы уақыттардағы жемісті істерін, соның ішінде “Корфу процесінің” маңызын атап өтті. Осы қатарда Қазақстанның конфессияаралық және этносаралық татулықтарды сақтаудағы тәжірибесінің тиімділігін атай келіп, оның ЕҚЫҰ тарапынан үлкен бағаға ие болғандығының белгісі ретінде Астана қаласында жазда төзімділік және қысым көрсетушілікке жол бермеу мәселелеріне арналған конференция өткізуге шешім қабылданғанын қанағатпен атады. Қазақстанның бастамасымен 2010 жылдың Мәдениеттер жақындастығы жылы болғанын және Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі болып өткенін де атап айтты.
Осыдан әрі Қ.Тоқаев өзінің сөзінде аса маңызды мәселелердің біріне тоқталды. Ол ПА мүшелерін Қазақстанның биыл ЕҚЫҰ Мемлекет басшыларының кезекті саммитін өткізу туралы бастамасын қолдауға шақыру еді. Біздің бұл бастамамызды қазірдің өзінде көптеген елдердің басшылары қолдап отыр, дей келіп, оны өткізудің белгілі себептерін санамалап берді. Сонымен бірге, тағы да бір дабыл қақтырар жағдай бар, деді ол. Осы он жыл бойы өздерінің кездесулерінде сыртқы істер министрлері бірлескен саяси декларация қабылдай алмауда. Ал Қазақстан оны жоғары деңгейдегі саммит қана шеше алады деп санайды. Мұның өзі Ұйымның негізгі, бұдан 35 жыл бұрын қабылданған Хельсинкидегі қағидатына сәйкес болар еді. Сонымен бірге, саммит ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер лидерлеріне Ұйымның болашақтағы ең негізгі бастамаларын айқындауға мүмкіндік берер еді.
Сөзінің соңында Қ.Тоқаев Алматы қаласында үстіміздегі жылдың 14-16 мамырында болатын “ЕҚЫҰ- ның еуразиялық өлшемдері” атты трансазиялық парламенттік форумына дайындық туралы баяндады. Бұл – қазақстандық төрағалық шеңберінде Қазақстан Парламентінің бастамасымен өткізілгелі отырған шара. Оған ЕҚЫҰ мүшелерінен тыс Ұйымның Жерорта теңізіндегі және Азиядағы әріптестері де қатысатын болады. Сондай-ақ, форумға Қытай, Үндістан және Пәкстан парламентарийлері де шақырту алды. Оның күн тәртібін үш сессияға бөлуді ұйғарып отырмыз. Біріншісі – аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелеріне, соның ішінде Ауғанстан проблемасына арналады. Екіншісі – экономикалық даму, сауда, қоршаған ортаны қорғау және еңбек миграциясы мәселелерін қамтиды. Ал үшінші сессияда қалыптасқан дәстүрге сәйкес адами құндылықтар мәселелері талқыланатын болады. Оның қорытындысында ЕҚЫҰ елдерінің басшыларына 2010 жылы саммит өткізу туралы қарар қабылдау қажеттігін ұсынамын, деді ол сөзінің қорытындысында.
Сенат Төрағасының сөзі үлкен ыждаһатпен тыңдалып, оған ұзақ қол соғылды. Осыдан кейін қатысушылар ПА үш комитетінің бірлескен отырысы болатын Хофбург сарайының екінші қабатына түсті.
Мұндағы төралқада ЕҚЫҰ-ға мүше барлық 56 елдің мемлекеттік тулары тұр. Ең ортасында, бәрінен де көрнекті болып Іс басындағы төраға – Қазақстанның туы орналасқан. Жұрттың бәрінің аузында неше түрлі мақаммен айтылған “Казагистан”, “Казахистан”, “Казахстан” деген сөздер. Барлық әлемнің аузында жүргенімізді сезінудің өзі де бір бақыт екен...
Бірлескен отырысты да ЕҚЫҰ ПА төрағасы Жоао Соареш сөз сөйлеп ашты. Ол қазақстандық төрағалықтың алғашқы қадамдарына үлкен баға беріп, оның жоғары деңгейдегі тыңғылықты жұмыстармен басталғанын атап өтті. Одан кейін сөз қарсы алушы ел Австрия Парламенті Ұлттық кеңесінің төрайымы Барбара Праммерге берілді. Ол қонақтарға өзінің “үй иесі” ретіндегі сәлемін жолдап, жұмыстарына табыс тіледі. Осыдан кейін сөз ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа берілді. Сөзін өзіне көрсетіліп жатқан құрметке рахмет айтудан бастаған Іс басындағы төраға биылғы төрағалықтың алдына қойылған міндеттері мен атқарылып жатқан жұмыстары туралы толық мағлұмат берді.
Біз ЕҚЫҰ ПА-мен ынтымақтаса жұмыс істеуімізді өзіміздің жұмысымыздың тиімділікке қол жеткізер бір жолы деп санаймыз. Сондықтан сіздердің жасайтын ұсыныстарыңыз бен идеяларыңызға үлкен құрметпен қараймыз, деді Қ.Саудабаев. Келесі кезекте ол төрағалық тарапынан Алматы қаласында үстіміздегі жылдың 14-16 мамырында болатын “ЕҚЫҰ- ның еуразиялық өлшемдері” атты трансазиялық парламенттік форумның жұмысына да үлкен маңыз берілетіндігін атап өтті.
Атқарылып жатқан міндеттер қатарында Украинада болған президенттік сайлаудың байқаушылығына Ұйымның белсене қатысқандығы және бұл істе ДИАҚБ-мен тығыз ынтымақтастық болғаны айтылды. Президент Н.Назарбаев мәлімдеген ұрандардың арасындағы “Дәстүр” мәселесіне тоқтала келіп, оның “Корфу процесін” жалғастыруда көрініс табатынын атап өтті. Біз осындай үнқатысуларды жақтай отырып, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі бөлінбейтін қауіпсіздіктің сақталуын жақтаймыз және бұл істе Ресейдің Еуропалық қауіпсіздік туралы келісім-шарт әзірлеу қажеттігі жөніндегі бастамасын да қолдаймыз, деді ол. Одан әрі Қазақстанның үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған тұжырымдама және көптеген мәселелер бойынша нақты келіссөздер жүргізу қажеттігі жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлегенін жария етті. Соның ішінде ЕҚЫҰ-ның кикілжіңдердің алдын алу және реттеуіне арналып жоспарланған үшінші кездесуі 23 ақпанда Вена қаласында болады, деді. Өзінің Кавказ елдеріндегі ұзаққа созылған кикілжіңдерді реттеуге ықпал етуге бағытталған сапарларының қорытындысы туралы баяндап берді. Енді осы кездесулерде жинаған деректеріміздің негізінде кикілжіңдерді бейбіт жолмен реттеуге ықпал ететін “Жол картасын” жасау ниетіміз бар. Оның шеңберінде біз бейбіт келісімге шақыратын кез келген бастаманы қолдауға дайынбыз.
Ал Днестр жағалауы кикілжіңдерінде біз Женева қаласында басталған сөзсайыстың жалғасқанын қалаймыз және оны қарапайым адамдардың ауыз су мен газды алу сияқты қатардағы мәселесін шешуге қызмет етуге бұруға тырысамыз. Осы қатарда парламенттік әлеуетті де кеңінен қолдануға шақырамын.
Біз өзіміздің Еуропада кәдімгі қару-жарақты бақылауға еуропалық режімнің сақталуын қалайтындығымызды және сенім мен қауіпсіздікті нығайту шараларын қолдайтындығымызды атап өткіміз келеді. Осыған орай 2010 жылы Еуропадағы кәдімгі қару-жараққа шектеу қою туралы келісім-шарттың іске асуында прогресс болар деген үмітіміз бар, деді Іс басындағы төраға.
Одан әрі Қ.Саудабаев ЕҚЫҰ-ның жуырда Еуроодақпен арада болған келіссөздері және онда қол жеткізілген мәселелер туралы баяндап берді. Бұл келіссөздер Еуропадағы ғана емес еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті сақтауға ықпал етер деген үміттеміз, деді ол. Құрама Штаттарында АҚШ және БҰҰ басшылығымен кездесулер кезінде саммит туралы идеяның талқыланып, олардың тарапынан оң пікір білдірілгені айтылды. Лондонда болған Ауғанстан проблемасына қатысты конференцияда сөйлеген сөзімізде оны қазіргі таңдағы әлемдік басым мәселелердің бірі ретінде қарастыру қажеттілігі атап көрсетілді. Бұл ұсынысымыз да түсіністік тапты және болашақ саммитте де бұл мәселе басым орында болады деп білеміз. Біз ауғанстандық мәселелерді шешуде оның гуманитарлық қырларын күшейтуді қалаймыз. Осылай дей келіп, шешен Қазақстанның осы тараптағы нақтылы істері туралы айтты. Бұл елдің проблемаларын шешу терроризмге, діни экстремизмге қарсы күрес пен есірткі саудасын реттеуге тікелей байланысты. Бұл ретте Астана қаласында қазан айында болатын Терроризмнің алдын алуға арналған конференция мен Венада болатын есірткі саудасына қарсы күресті үдету мәселелеріне арналған конференциялардың маңызы зор болмақ.
ЕҚЫҰ-ның екінші себеті туралы айтқанда ол “Азия – Еуропа жолдарындағы логистиканың рөлі туралы” және Вена қаласында 1 ақпанда болған осы тақырыпқа арналған экономика- экологиялық форумның маңызы жөнінде әңгімеледі. Сонымен бірге, Афинадағы Сыртқы істер министрлері саммитінің шешімінде қаралған энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және еңбек миграциясы мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінетін болады. Ал экологиялық апаттар туралы айтқанда Арал проблемасының өзектілігі тілге тиек етілді.
Адамгершілік өлшемдер мәселесін қарастыратын себетке тоқталғанда төраға ЕҚЫҰ ДИАҚБ-мен және Ұлттық азшылықтар мен БАҚ жөніндегі Жоғарғы комиссармен тығыз ынтымақтастық орнатып, олардың іс-әрекеттерін қолдайтынын білдірді. Осы қатарда Астанада болатын төзімділік пен қысым көрсетушілікке қарсы конференцияның да маңыздылығы атап көрсетілді.
Сөзінің соңында Іс басындағы төраға Қазақстандағы жағдайларға тоқталып, ЕҚЫҰ-ның төрағалығына сайлану Қазақстандағы саяси либерализациялануға қуатты катализатор болатынын атап өтті.
Іс басындағы төрағаның сөзі үлкен қызығушылықпен тыңдалды.
Осыдан кейін ЕҚЫҰ ПА-ның Саяси мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі комитеті мен Экономикалық мәселелер, ғылым, технология және Қоршаған орта мәселелері жөніндегі екі комитеті өз отырыстарын өткізді. Отырыстар аяқталған соң Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев Австрия Ұлттық кеңесінің төрайымы Б.Праммермен кездесіп, келіссөз жүргізді. Онда екіжақты қатынастардың өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан Парламенті делегациясының Австриядағы сапары одан әрі жалғасуда.