• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2010

ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ТҮСІНІСТІК

1445 рет
көрсетілді

– өзгелермен ортақ тіл табысуға ұмтылыстың жемісі Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллді қабылдады. Орыс православие шіркеуінің басшысы Қазақстанға Елбасының шақыруымен келген-ді. Кездесу барысында толеранттылыққа, конфессияаралық және ұлтаралық келісімге қатысты мәселелер талқыланды. – Бүгінде Қазақстанда діннің еш кедергісіз дамуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған, – деп атап өтті кездесуде Н.Назарбаев. – Дінге, діндарлардың мүддесіне құрметпен қарау және олармен қалтқысыз қарым-қатынас жасау – біздің мемлекетіміздің түбегейлі саясаты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы орыс православие шіркеуі басшы­сы­ның Қазақстанға келуі – алда­ғы уақытта елімізде тұратын түрлі этностардың дінаралық ынтымақ­тас­тық қатынастарына, сенім­ді­лігін, толеранттылығын дамытуға қызмет ететінін айта келіп, мәртебелі мей­манның небәрі он жылдың аясын­да тұрғызылған Астанада болғаны­нан хабардар екенін, ондағы Ор­талық Азиядағы ең үлкен ғиба­дат­хана – Успен кафедралды собо­ры­ның елордада салынуын басы­нан аяғына дейін қадағалап отыр­ғанын, мұны елімізге келген қо­нағымыз бен православиеліктерге жасалған сыйлық ретінде қабыл­дауын, өйткені, еліміздің тәуел­сіз­дік алған жылдары Елбасының саясатын қолдап, түсіністікпен қарағанына ризашылығын айтты. – Қазақстан мен Ресей бүгінде бірегей мемлекеттер, өйткені, олар Кеңес Одағы тарап кетсе де осы уақытқа дейін тек саяси, эконо­ми­ка­лық қатынастарды ғана емес, мә­дени және діни, рухани байл­а­ныс­тарды да сақтап қалды. Сон­дық­тан сіздің келгеніңізге риза­шылығымды білдіремін. Осы сапа­рыңызда біздің халықтың қонақ­жайлығын, құрметін және сізге деген сүйіспеншілігін сезінді деп ойлаймын, – деді Мемлекет бас­шысы. Өз кезегінде Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Қа­зақстан Президенті Н.Назар­баевқа ұлтаралық және конфес­сия­аралық келісім жүргізіп отыр­ғаны үшін ризашылығын білдірді, сондай-ақ қазақстандық көшбас­шы­ның интеграциялық бастама­ла­рын жоғары бағалады. Қазақ­стан­дағы бейбіт қатар өмір сүру мен этносаралық келісім қандай оң саяси және экономикалық жетіс­тік­терге жеткізгенін, сонымен қа­тар елде этносаралық қатынас­тар­дың дамуына жайлы жағдай жаса­лып отырғанын, осының барлығы елдегі тұрақтылықтың маңызды саяси факторы екендігін ерекше атап өтті. – Мен Астанада болып, жаңа салынған Успен кафедралдық собо­рын көрдім. Қатты ұнады. Мұны Қазақстанның православиеліктерге деген ізгі көзқарасы мен құрметі­нің белгісі деп білемін. Ең көне дін­дер саналатын ислам мен пра­во­славие арасында ешқашан қақтығыс болған емес. Болмайды да. Өйткені, Сіздің салиқалы сая­сатыңыздың арқасында Қазақ­стан­да қазір түрлі діндерді ұстана­тындар тату-тәтті өмір сүріп жа­тыр. Бұл әлем елдеріне үлгі болар­лық үдеріс, – дей келе, мәртебелі мейман Қазақстанда осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1983 жылы болғанын, бүгінде мұнда көп ша­руаның шапшаң қарқынмен дамып, мемлекеттің танымастай өзгергенін айтып, әсіресе, бір мезетте бой түзеген елордаға деген таңданысын жасырмады. – Сайын дала төсінде керемет нысандары, ғимараттары, әсем үйлері мен заманауи инфра­құры­лымдары бар және мәдениеті жо­ға­ры адамдар тұратын қаланың пайда болуы – соны құбылыс дер едім, – деді ол. Кездесу барысында Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Ки­рилл Президент Нұрсұлтан На­зарбаевқа дінаралық ынтымақ­тас­тыққа, бейбітшілік пен халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін “Даңқ және құрмет” орденін тапсырды. * * * Елбасы қабылдауына дейін мәртебелі мейман жексенбі күні әуежайдан бірден Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына келіп, Алма­ты қаласының жұртшылығымен кездесті. Онда Патриарх екі елдің Еуразия кеңістігінің экономика­лық дамуында маңызды рөл атқа­ратынын, қазіргі жағдайда тек эко­номикалық қана емес, рухани және мәдени байланыстарды ны­ғайту да маңызды екенін айта келе, Қазақстан бүгінде халық­ара­лық қоғамдастықтың белді де бе­делді мүшелерінің бірі болып табылатынын атап көрсетті. Бұған Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төраға­лығы да айқын айғақ екені анық. Одан кейін орыс православие шіркеуінің басшысы Никольский соборында құлшылық рәсімін өткізуге қатысты. Мұнда 1995 жылы Алексий ІІ болып, мінәжат еткен. Бір айта кетерлігі, осы жыл­дар аралығында Қазақстанда елдегі жұмыс жасап тұрған православие храмдары мен соборларының үштен екісі жаңартылды. Қазір олардың саны 300-ге жуықтап, 6 монастырь ашылған. Құлшылық рәсімінен кейін мейман 28 панфиловшы-гвардия­шы­лар саябағындағы Даңқ мемо­риалына гүл шоқтарын қойды. Ал дүйсенбіде таңертең Возне­сен кафедралдық соборында Па­триарх Кириллдің қатысуымен Құдайға құлшылық – қасиетті сумен аластап, ғибадат ету рәсімі өтті. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ