Жаңа жағдайда жаңғыруға деген әркімнің ішкі ұмтылысы біздің дамуымыздың ең басты қағидасы болып табылады. Бұл, ең алдымен, адами өзгеріске қадам жасау, ата-бабамыз бізге аманат етіп қалдырған жақсылықты істерге қарай бет бұру деген сөз. Ал адамның санасы, жан әлемі халқымыздың рухани дәстүрлерінің негізімен сусындамаса, жалпыұлттық қасиетті құндылықтарды сіңіре алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, әлемдегі озық елдердің қатарына қосылуға бет алған Қазақстан жастарына лайықты үлгі көрсете алуымыз бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі екені сөзсіз. «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», деді Елбасы. Бұған, ең алдымен, сананың ашықтығы, жан дүниенің тазалығы қажет. Ал жастардың жан дүниесі, санасы қашанда таза. Сол таза жан дүниеге болашағымызды көркейтуге сеп болатын таза үлгілер негіз ретінде қаланса, рухани жаңғыруымыз сөзсіз жүзеге асады. Өйткені, таяу жылдарға арналған нақты жобалардың жүзеге асуына жастарымыздың қазір жаңғырған жан дүниесі, санасы себеп болмақ. Бірақ бұл қайткенде, қалай жүзеге аспақ? Міне, көпшілікті толғандыратын осы сұрақтар екені анық. Елбасы айтқандай, бұл ең алдымен, адамның туған елге, туған жерге деген сүйіспеншілігінен туындайды. Туған жерге деген сезім – ең ыстық сезім. Бірақ сол ыстық сезімнің ләззатына шын мәнінде жету үшін оның қайтарымының да сайма-сай болғаны жөн. Мәселен, бәріміз де туған жердің тазалығына бас иеміз. Ал туған жердің тазалығы дегеніміз тек ғимараттардың салынуы мен әсем жолдардың төселуі ғана емес, сондағы адамдардың жан дүниесінің тазалығы. Осы рухани тазалықтың иісі аңқыған ауылдың саумал ауасымен, адамдардың ақкөңіл ниетімен, дархан көңілімен, жүрекжарды дәм-тұзымен – туған өлкенің кереметтігін, тіл жетпейтін құндылығын, жанымызға жайлылығын, ештеңеге айырбастауға келмейтіндігін мақтан етіп, жан дүниемізбен беріле жақсы көреміз. Біраз туған жерге деген біздің осы махаббатымыз, сүйіспеншілігіміз, ынта-ықыласымыз оған егілетін адал дәннен басталса екен дейміз. Өйткені, бұл әркімнің өз ауылына баруымен және онда ата-бабасының ескерткішін тұрғызып, қолынан келсек мектеп немесе жол салуымен ғана бітпесе керек. Әрине, туған жерге баратын әр азамат өзінің маңдайтерімен тапқан қаржысына мешіт, мектеп, балабақша, т.б. тұрғызып, кәсібін жүргізуі тиіс екені сөзсіз. Бірақ біреудің көз жасына қалып қамқорлықпен алынған, арамдыққа былғанған ақшаға ғимараттар тұрғызу тазалыққа жатпайды. Өйткені, оның қабырғасында болашақ жастарымыз елге, жерге деген шынайы патриоттыққа тәрбиеленуі тиіс. Сондықтан туған жердің табиғи таза, бұлақтай мөлдір болуын осы кезден қамданғанның артықтығы жоқ. Ал мұндай тазалық тек арамдық, әділетсіздік, пайдакүнемдік, күндестік, көреалмаушылық жоқ жерде ғана болады. Сонда туған жердің ауасы, суы, нуы – бәрі-бәрі тек жақсылықты ғана бойына сіңірген табиғи таза, мөлдір рухани құндылықтардың нұрынан құралатындығын айтады ғалымдар. Міне, осыны келешек ұрпағымыз бойына күнде зәмзәм суындай сіңіре берсе, одан түбінде тек жақсы нәтиже шығатыны анық. Бұрын түрлі кеселдерден, кемшіліктерден, жат идеологиялардан бойын аулақ, таза ұстаған ата-бабаларымыз қашанда қара қылды қақ жара білуімен, шындықты бетке ұстауымен, әділдіктің туын желбіретуімен небір дау-дамайды еңсере алған. Осының бәрі олардың бойында тау суындай таза құндылықтарымыздың жоғала қоймауында еді. Ендеше, сол құндылықтар мен мәдени, рухани дүниелерді біз туған жерді өсіп-өркендете отырып, жастарымыздың бойына еге білуіміз керек. Өйткені, бәріміз де: «Біз жат идеологтардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз», деп Елбасы түйіндеген ойға толық қосыларымыз хақ. Ендеше, туған жерге деген сүйіспеншілікті, Отанға деген шынайы махаббатты әркім өзінің адалдығы мен тазалығынан бастайтын уақыттың жеткені күмәнсіз.
Александр Тасболатов, «Егемен Қазақстан»