• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Мамыр, 2017

«Атамекен» ҰКП алқасының төрағасы Солтүстік Қазақстанда болды

284 рет
көрсетілді

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алқасының төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болып, бірқатар кәсіпорындарды аралады.

Ол Қызылжар ауданында орналасқан «Радуга» ЖШС-інде бәсекеге қабылетті өнімдер шығару барысымен танысты. Мұнда пластмасса өнімдерінің 200-ге жуық түрі жасалады.  Компания директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуынша, цехтар Еуропаның озық технологияларымен жарақталған. Жеңілдікті субсидиялық қаражаттың үштен бірі жылдам дайындалатын кеспе өндіретін зауыт тұрғызуға жұмсалған. Соның арқасында қазір айына 140 миллион теңгенің кеспе түрлері өндіріледі. Өнімдер ішкі нарықпен қатар, Ресейдің Омбы, Екатеринбург, Челябі, Новосібір аймақтарына да жөнелтіледі.  Аймақтық отырысқа Тимур Құлыбаев пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, шағын және орта бизнес саласын дамытудың өзекті мәселелері талқыға салынды. «Атамекен» ҰКП алқасының төрағасы өз сөзінде бүгінгі күні кәсіпкерлікті жаппай өрістетуге мемлекет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалып отырғанын, ұлттық палата құрылғанннан бергі үш жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап көрсетті. Бизнес өкілдері үкіметтік органдармен іскерлік қарым-қатынастар орнатылып, өз құқықтары мен міндеттері шеңберінде нақты шаралар атқарып келеді. «Дамудың аймақтық картасы» шеңберінде кәсіпкерлердің әлеуетін көтеру, ауылдарда инфрақұрылымдар құру, озық жобаларды іске асыру, білікті кадрлар даярлау бағыттары бойынша жақсы тәжірибелер қалыптасқан.  Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақовтың есебі тыңдалды. Былтыр 3,5 мыңға жуық кәсіпкер қайрылып, 264 мәселе оң шешім тапқан. Олардың пайдасына 364 миллион теңге өндірілген.  Құмар Іргебайұлы өңірде 28 мыңдай шағын және орта бизнес субьектісі құрылғанын, оларда 100 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін жеткізді. Соңғы бес жылда өнім өндіру көлемі 269 млрд теңгеден 385 млрд теңгеге дейін, ал салық мөлшері 29 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге ұлғайған. Алайда, жалпы өнім шығаруда үлесінің төмендегені байқалады. Мониторингтік талдау бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасы республикада ең соңғы орында келеді. Бұл орайда жергілікті атқарушы органдары атына біраз сындар айтылды. Жер телімдерін бөлу, қаржылық ресурстарды шешу, жылу, жарық жүйелеріне қосу мәселелерінде, қажетті құжаттарды рәсімдеуде бюрократтық кедергілер, қағазбастылықтар аз кездеспейді. Әсіресе, бос жер телімдері, оларды саудаға қою мәселелерінде ақпараттың ашықтығы, қолжетімділігі қамтамасыз етіле бермейді.  Алқалы басқосуда ауыл шаруашылығын қолдау қоры және шағын қаржылық ұйымдар арқылы елді мекендерде кәсіпкерлік саланың өркендеуіне ықпал жасау, отандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау, экспортқа мамандандырылған өндіріс орындарын көбейту мәселелері талқыланды.  Өмір Есқали,  «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.