• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Мамыр, 2017

Солтүстік Қазақстан делегациясы Ресей қазақтарының «Туған жер!» фестиваліне қатысты

115 рет
көрсетілді

Макушин ауданы Обутковское селосында Қорған облысында тұратын қандастарымыздың «Туған жер!» атты мәдениет фестивалі өтіп, Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы делегация қатысып қайтты.

Мәдени шараны Қорған облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы ұйымдастырды.  «Бұл өңірде 15 мыңға жуық ағайынымыз тұрады. Көпшілігінің ата-бабалары үркіншілік, ашаршылық жылдары тағдырдың тәлкегіне ұшырап, туған топырақтан көз жазып қалған. Біз үшін Қазақстанның орны бөлек. Атажұртымыз болғандықтан, тілегіміз де, жүрегіміз де бір. Барлық сала бойынша қоян-қолтық араласып тұрамыз», – дейді автономия төрағасы Қайрат Оралов.  Автономия демеушілік, қайырымдылық шараларына үзбей атсалысып тұрады. Жоғары білімді маман Руслан Жүсіповтың Б. Окуджва атындағы халықаралық әндер байқауына қатысуына қаржылай жәрдемдескен. Ол болса, үмітті ақтап, Гран-при иегері атанған. Сол сияқты Қорған қаласындағы қазақ студенттерінің футбол командасы, автономия жанындағы жастар қанаты тұрақты қамқорлыққа алынған. Соңғы он жылда алтын медаль алған оқушылардың үштен екісі–қазақ балаларының үлесінде. Мектептерде мақтау марапатын иеленетіндердің жартысына жуығы өзіміздің бүлдіршіндер.  «Туған жер!» атты мәдениет фестивалі қалың ағаш баурайында орналасқан Обутковское ірі елді мекенінде өтті. Солтүстік Қазақстан обылысы делегациясының жетекшісі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық бөлімшесінің төрағасы Сағындық Салмұрзин жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақстандықтарға «Туған жер» бағдарламасын ұсынғанын, оның «Туған елге» деген ауқымды жобаға ұласатынын жеткізді.  Фестивальде ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, қолданбалы өнер көрмелері мен дәмділігі тіл үйіретін ұлттық тағамдар жаймасы тамашаланды. «Ашамайға мінгізу» рәсімі көрсетілді.  Макушин ауданының басшысы Виктор Воротынцев өз сөзіне тарихи тамырластығы әріден өрбитін Қазақстан мен Ресей арасындағы достықты, көршілік татулықты арқау етті. Қазақтардың ауызбірлігін, еңбексүйгіштігін, бауырмалдығын, ұлттық құндылықтарды қастерлейтінін сүйсініспен атап өтті.  «Шекаралық аймақта орналасқандықтан, Солтүстік Қазақстан облысымен экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланыстарымыз жан-жақты дамып келеді», – деді ол.  Орал өңірі халықтар ассамблеясының төрағасы Владимир Уфимцев бір топ қазақ азаматтарын марапаттады. Қорған облысының құрметті азаматы, филология ғылымдарының докторы Валентина Федорованың Қазақстан, қазақтар жайлы толғаныстары жиналғандарға ерекше әсер етті.  Шетте жүрсе де, «Қазақстан» ұғымын жүрегінің түкпірінде сақтап, парасат-біліктілігімен, еңбекқорлығымен қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытып жүрген намысшыл, мінезді, жігерлі қандастарымыздың көптігі қуантады.  Өмір Есқали,  «Егемен Қазақстан».  Солтүстік Қазақстан облысы.