• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2017

Рамазанның алғашқы күндерінде балалар үйін қуанышқа бөледі

294 рет
көрсетілді

Рамазан айының алғашқы күнінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы №3 балалар үйінің тыныс тіршілігімен танысты.

Министр балалар үйіне соңғы үлгідегі медициналық физиокабинетке арналған «Бином» медициналық құрылғысын сыйға тартса, өңір басшысы 20 тәрбиеленушіге ЭКСПО -2017 көрмесінің билеттерін тарту етті.

«Мұнда балалардың ештеңеге алаң болмай өсуіне, оқуына, жалпы азамат болып қалыптасуларына барлық жағдай жасалынуы тиіс. Сондықтан мекеме қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артылады»,- деген облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы балалардың Астанаға барып-қайту шығындарын да өз есебінен жүзеге асыратынын жеткізді.

Аталған мекеме жыл басынан бері ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қамқорлығына алынған болатын. Қазіргі таңда мұнда 3 жастан 11 жасқа дейінгі 68 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленеді. Мекемеде 45 қызметкер жұмыс істейді. Оның 21-і педагог, онбесі тәрбиеші, төртеуі дәрігер.

Айта кетейік, 2016-2017 жыл аралығында балалар үйінің 9 тәрбиеленушісі қамқоршылыққа, 3-тәрбиеленушісі патронаттық тәрбиеге беріліп, 6 бала туған отбасына қайтарылған.

Тәрбиеленушілердің барлығы тұрғын үй алуға кезекке қойылған. Жетім балалардың жәрдем ақылары өз есеп шоттарына түсіп отырады. 46 мектеп жасындағы бала, қаладағы №33 К. Қасымұлы атындағы жалпы орта мектепте білім алады, 22 бала мектепке дейінгі топтарда тәрбиеленеді. Мектепке дейінгі топтар «Зерек бала» бағдарламасы бойынша дәріс алады.

Балалар үйінде оқу-тәрбие жұмысы толығымен қазақ тілінде жүргізіледі, би, вокал, қол өнер үйірмесі жұмыс істейді. Үйірмеге 58 бала қатысады. Сабақтан тыс уақытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Балалар оқу құралдармен толық қамтылған.