Осы орайда, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атсалысуымен халықаралық көрме аясында халқымыздың этностық ерекшеліктерін насихаттайтын ұлттық спорт түрлерінен маңызды жарыстар өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлады ҰСТҚ баспасөз қызметі. Осындағы көрме сәнін келтіретін дүбірлі бәсекелердің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған бәйге түрлерінен ЭКСПО-2017 кубогының өтуі. Алдағы 10 маусымда ашылу салтанаты жоспарланып отырған көрменің келесі күні, яғни 11 маусымда елордадағы «Қазанат» атшабарында аталған жарыс жалауын көтереді. Алғашқы болып 25 шақырымдық қашықтыққа ауыздығымен алысқан аламан бәйгенің сәйгүліктері жіберіледі деп күтілуде. Одан кейін 2,4 және 1,8 шақырымға шабатын ұшқыр жүйріктердің арыны анықталады. Келесі кезекте 15 шақырымдық топ бәйге тұлпарлары сынға түссе, іле-шала 7 шақырымдық құнан бәйгенің бәсі қызады. Соңында көрермен қауым тайпалған жорғалар жарысын тамашалай алады. – Тек бұл жарыстармен шектеліп қалмаймыз, – дейді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлен Оспанов. – Жоғарыдағы жарыс түрлерінің жалғасы ретінде тамыз айының 11-13-і күндері жамбы атудан «Алтын жебе» атты халықаралық турнирі өтеді. Оған кемінде 20 мемлекеттен садақшылар шақырылып отыр. Бұлардың бәрі жамбы атуды біз бекіткен ереже бойынша орындайды. Яғни, әлем мергендері қазақтың байырғы жауынгерлік өнерімен танысып, ат үстінде шауып келе жатып нысана көздейді.
– Ерлен Әбілханұлы, бұл жақсы жаңалық екен. Жоғарыдағы ЭКСПО-2017 көрмесі қыркүйек айына дейін жалғасады емес пе? Басқа қандай жоспарларыңыз бар?
– Жоспар көп. Атап айтар болсақ, тамыз айының 16-18 күндері Астана қаласында аударыспақтан әлем кубогы жолындағы халықаралық тағы бір жарыс өтеді. Тамыз айының 20-28-і аралығында көкпардан әлем чемпионатын өткізу жайлы шешім қабылданды. Бұдан басқа қыркүйек айының басында елордада тоғызқұмалықтан әлем біріншілігі өтеді.
– Жоғарыдағы жарыстарды өткізу және ұйымдастыру ісіне сіздерден басқа жауапты қандай мекеме-ұйымдар бар?
– Халықаралық көрме аясында өтетін жоспарлы жарыстарға Мәдениет және спорт министрлігі өте үлкен қолдау көрсетіп отыр. Ал ұлттық сайыс барысын жаңадан құрылған Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығы қадағалайды.
– Соңғы жылдары дәстүрлі өткізіліп келе жатқан «Алтын тұлпар» аламан бәйгесін биыл қай уақытқа жоспарлап отырсыздар?
– Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылатын 51 шақырымдық «Алтын тұлпар» аламан бәйгесін өткізуді 3 қыркүйекке жоспарлап қойдық.
Бекен Қайратұлы, «Егемен Қазақстан»