• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Маусым, 2017

Ұлттық болмыс ұстыны

546 рет
көрсетілді

Республикамыздың шалғай аудандарының бірі Ырғызға журналистік іссапармен барғанымызда өңір жұртшылығы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ма­қа­ласына байланысты байыпты пікір білдіргендеріне куә болдық. Олар бізге пайымды да парасатты дүниеден туындаған өз ойларын жеткізді. Солардың бір­қатарын газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Терек Қарғабаев,  еңбек ардагері: 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақ­стан» газетінде жария­лан­ған мақаласында адам баласының рухани діңгегі – ұлттың өзін­дік болмыс-біті­мін сақтай отырып, жаңа заманға сай алға дамуы жөнінде сөз қозғағаны өте құптарлық деп ойлаймын. «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында», дейді Елбасы. Расында да халқымыздың болмысына мүлдем үйлеспейтін батыстың қаңсық дүниелерін таңсық ету үрдісі кейінгі ұрпақты рухани жұтаңдыққа ұшыратуда. Бүгінгі жастар сол орынсыз еліктеп-солықтаудың зардабын тартып отыр. Міне, осындай ұлттың тамырына балта шабатын келеңсіздіктерден біз тек рухани байлығымызды, тереңнен тамыр тартқан салт-дәстүрлерімізді қарсы қою арқылы ғана арыла аламыз.  Мақалада Елбасы «Туған жер» бағ­­­дар­­ламасын қолға алуды ұсынды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүр­лерін жаңғыртуға айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл біздің облысымызда, оның ішінде ауданымызда соңғы жылдары жүзеге асырылып келе жатқан «Туған жерге тағзым» акциясымен үндесетін дүние.  Елбасы ұсынған бүгінгі замандас­тарымыздың жетістіктерін көрсететін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы да мейлінше қызықты. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолында жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымы аса зор. Осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың есімдерін жарыққа шығарып, көпке жария ету – әрине құптарлық іс. Мақалада басқа да мәселелердің қатарында «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау да ұсынылған. Дұрыс. Ырғыз өңірінің де тәуелсіздік жылдарындағы 100 жаңа есімін жарыққа шығарайық, өзімізге де, өзгеге де танытайық дегім келеді.

  Рахия Омарова, Ырғыз аудандық орталық кітапхананың директоры:  – «Мен елі­міз мықты әрі жауап­кер­шілігі жоғары Бір­тұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатыны­мыз және бұқаралық сананы қалай өзгер­тетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», деп өз мақаласының кіріспесінде келтіргеніндей, Елбасы шынымен де көп мәселені тереңнен қозғап, айқындап бергендей. Мақаланың ұлттық бірегейлікті сақтау турасындағы үшінші бөлігінде өте салиқалы әңгіме қозғалады. Кез келген саналы адамды селт еткізердей. Өзім мә­дениет саласында көп жылдардан бері қызмет жасап келе жатқан маман ретінде мұны жаныма жақын қабылдадым. Ел­дік турасында, мәдениет жайында көп нәрсені кемеңгерлікпен келтірген. Мақаланың таяу жылдардағы мін­дет­терді айқындаған екінші бөлімін оқи отырып, қайда барамыз, бағытымыз қандай, не істейміз деген сұрақтарға жауап ал­ғандай болдым. Себебі, Президентіміз Үкі­метке алдағы уақытта атқарар бірнеше жаңа жобалар мен бағдарламаларды тап­сырған. Мұның барлығы жаһанданып жат­қан әлемнің жылдамдығынан қалып қоймас үшін көздеген мақсаттарға жету жолындағы бағытымыз болмақ деген ойдамын. 

Ербол Ермаханов,  аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жетек­шісі:  – Елбасы бағ­дар­ламалық еңбегінде ха­лықтың санасына  жалпыұлттық қа­сиетті орындар ұғы­мын сіңіру керектігін баса айтып, бұл үшін «Қазақстанның қа­сиет­ті рухани құн­ды­­лықтары» немесе «Қазақстанның кие­лі жерлерінің географиясы» жобасын жа­сау керектігін көрсетіпті.  Жалпы, әрбір өңірдің өзіне тән киелі жерлері бар. Біздің туған өлкеміз де рухани-мәдени құндылықтардан кенде емес. Ырғыз да қазақтың қастерлі өңірлерінің қатарынан. Оның шежіресі қазақ тарихының ажырамас бөлігі болып табылатыны дау тудырмайды. Өлкеміздегі Алмат мазары мен Жаныс би кесенесін, Дүйсенбі, Исатай мешіттері мен тағы басқа тарихи маңызы бар орын­дарға келушілер көп. Бұлар қазіргі танда жергілікті тұрғындарға, сырттан келген қонақтарға ауданымыздағы тарихи-өлкетану музейі арқылы насихатталуда.  «Қазақстан киелі жерлері геогра­фия­сының» жобасы жасақталған жағдайда, біз бірінші кезекте ауданымыздағы Жа­ныс би кесенесін осы жобаға қосуға ұсы­на аламыз. Өйткені, кесене сирек кезде­сетін тарихи ескерткіш ретінде  мем­лекет қарауына алынып, 2009-2011 жыл­дар аралығында «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында жөндеуден өтті. Жалпы, қазіргі таңда Алмат мазары мен Дүйсенбі, Исатай мешіттерінің салынғанына 100 жылдан аса уақыт болып тозығы жетіп тұр, бұл нысандар қазіргі таңда күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан, алдағы уақытта бұл нысандар арнайы тізімге еніп, күтімге алынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Дайындаған Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы,  Ырғыз ауданы