Жуырда иірімі терең интернетті парақтап отырып, әлемдегі ең биік тутұғырлардың рейтингін көзім шалып қалды. Оны жариялаушы «Sputnik» сайты. Сан елдің ту байлаған тұғырын салыстырған аталмыш сайт біздің байрағымыздың биік орналасу рейтингін тоғызыншы деп бағалапты. Енді мына сәйкестікке сүйсінбей көріңіз: территориясының ауқымы бойынша әлемде тоғызыншы орынды иеленетін Қазақстан бұл рейтингте де тура сол орнына тұрақтапты. Көңіліміз өсіп, кеудеміз көтеріліп қалды. Расында да, елордамыз Астананың қақ төріндегі 111 метрлік тутұғырдан желбіреген көк байрағымыз қаланың қай қырынан да менмұндалап көзге шалынатындай биік емес пе?! Ал әлгілер түзген рейтингтегі көштің басын 171 метрлік тұғырға ту тіккен Сауд Арабиясының Жидда шаһары бастайды. Дәл содан кейінгі орынды Душанбедегі 165 метрлік Тәжікстанның бас байрағы иемденіпті. Үштікті түйіндеу Әзербайжанның Баку қаласына бұйырған сияқты. Мұндағы тудың биіктігі – 162 метр. Одан кейінгі орынға КХДР-дің Киджондон қаласы жайғасқан. Бұл елдің алып туы 160 метрлік деңгейде. Жоғарыдағы тізімді одан әрмен Түрікменстанның Ашхабады жалғайды. Бұл елдің бас байрағы 133 метр биіктіктен желбірейді екен. Тіпті, бір-бірінен асырып, қос-қостан тутұғыр қойған мемлекеттер де табылды. Мәселен, 2003 жылы Иорданияның астанасы Амман қаласы үшін 128,5 метрлік флагшток арнайы жасалған. Ал кейіннен осы елдің Акаба шаһарында одан да биік ту пайда болды. Оның биіктігі 136 метрді құрады. Тағы бір мемлекеттің бас туы 122 метрлік деңгейде орналасыпты. Бұл Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби шаһары болатын. Міне, сайт түзген тізім осылай тізбектеліп кете барады. Тоғызыншыға тұрақты жайғасқан Қазақстаннан кейінгі орындарды Малайзия, тағы да Түрікменстанның Аваза қаласы, Қырғызстан, Беларусь, Украина, Бразилия мемлекеттері өзара бөлісті. Бір ескеретіні, негізінен бұл рейтинг Азия мен Шығыс Еуропа елдерін ғана қамтыған сияқты. Ал АҚШ пен Еуропа жұрты бұл таластан тысқары қалғандай көрінді.
Амангелді ҚИЯС, «Егемен Қазақстан»