Орал қаласының іргесіндегі Желтау биігінен басталған эстафетаға байкерлер, байдаркашылар және велосипедшілер қатысты. Әуелі мотоцикл мінген шабандоздар Орал-Атырау трассасы бойындағы «ОРАЛ» жазуының тұсынан көк туды желбірете жүріп, эстафетаны «Динамо» спорт базасының тұсында ескекшілерге тапсырды. Байдаркашылар Шаған өзенінде ағысқа қарсы жүзіп, орталық демалыс паркіне жетті. Осы жерде Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, самбо күресінен төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров бастаған спортшылар туды күтіп алып, П.Атоян атындағы стадион алдындағы алаңға жиылған велошабандоздарға жаяу жүгіріп алып жетті. Бұдан кейін көк байрақ велокортеждің алқалауымен бүкіл қаланы кесіп өтіп, Орал қаласының жаңа алаңына жеткізілді. Бұл жерде «Батыс қамқор», «Жасыл ел», «Орал студенттерінің альянсы» жастар ұйымдарының өкілдері әдемі флешмоб жасап, күтіп тұрған еді. Көк тудың желбірегені – талай жанға қуат бергені анық!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
ОРАЛ Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ