• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Маусым, 2017

Әдеби биеннале өтеді

185 рет
көрсетілді

12-14 маусым аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп, «Қоғамның рухани көкжиегіне жазушылардың ықпалы. Әлемнің тұрақты дамуы» атты Халықаралық әдеби биеннале өткізеді.

ҚР Президент Әкімшілігі, ҚР Премьер-Министрдің кеңсесінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының, Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) аймақтық өкілдігінің, «Ақ Орда» Республикалық қозғалысының Құрметті төрағасы Қайрат Сатыбалдыұлының қолдау көрсетуімен Ұлттық кітапхана ғимаратында өтетін Биенналеге әдебиет бойынша Нобель және басқа да сыйлықтар лауреаттары, белгілі жазушылар, әлемнің 20-дан астам елінен ғылым және мәдениет қайраткерлері, 40-тан астам шетел қонақтары қатысады. 

Экономикалық өзара әрекеттестікті нығайтумен қатар, әдебиетшілердің шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, қоғамның рухани кеңістігін кеңейте түсу қажеттілігін көрсетуді мақсат тұтқан Халықаралық әдеби биеннале «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған мәдени іс-шаралар топтамасы аясында өткізілмек.

Биеннале әлемдік мәдениеттердің алуан түрлілігіне деген құрметпен қатар, түрлі елдер авторларының тең құқықты қарым-қатынас орнатуын негізгі қағида етіп ұстайтын халықаралық әдебиет алмасудың тұғырнамасы болмақ.Аталмыш шара Қазақстанды ұлттық мәдениеті мен менталитеті сан алуан халықтардың бір-бірімен тату тұратын әрі достық пен рухани тұтастыққа ұласқан сындарлы байланыстар орната алатын қоғам үлгісі ретінде таныта түспек.

«Орталық Азия - Араб әлемі: тарих пен мәдениеттің өзара ықпалдастығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, Библио-түн, «Қоғамның рухани жаңғыруындағы кітапханалардың рөлі», «Ұлттық авторларды ағылшын тіліне аудару» атты дөңгелек үстелдер, «Маған кітап оқып берші» халықаралық акциясы, бейресми әңгімелесу, кітап-экспозициялық және фотокөрмелер, арнайы экскурсиялық бағдарламалар, әлемге танымал жазушылармен кездесулер сияқты бірнеше бағдарламаны қамтитын Биеннале қорытындысы бойынша Әлем мәдениеті қайраткерлеріне Үндеу жасалынатын болады.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ