• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Парламент 06 Маусым, 2017

Ғарыш саласында даму бар

481 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы ғарыш қызметінің даму барысы туралы» тақырыбында «Үкімет сағаты» өтті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева жетекшілік еткен жиында негізгі баяндаманы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов жасады. Ол өз сөзінде жыл соңына дейін Астанада ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталып, отандық ғарыш аппаратының орбиталық топтамасын дамыту жұмысы жалғасатынын мәлімдеді.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биыл елордада ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысын аяқтап, келер жылдан бастап шетелдік тапсырыстарды алу үшін халықаралық стандарттар бойынша сертификаттау шарасын қолға алмақ. Сонымен қатар, аталған кешен аясында тәжірибелік өндірісі бар арнаулы конструкторлық-технологиялық бюроны пай­да­лануға беру ісі де биылғы жылы аяқталады деп күтілуде. Ал енді құрастыру-сынау кешенінде қандай қызмет көрсетіліп, нендей шаралар атқарылады деген мәселеге келсек, министр Б.Атамқұлов ол туралы былай деді: «Кешен қолданысқа берілгеннен кейін салмағы 100 килограмнан 6 тоннаға дейінгі жер серіктерін жобалау және құрастыру-сы­науға дейінгі қызметтер мен жер серіктеріне арналған құрам­дау­ыштарды әзірлеу жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Тағы бір айрықша атап өтерлік жайт, осы шаруалардың барлы­ғын да өз отандастарымыз, қа­зақстандық мамандар жүргіз­бек. Бұл жер серіктерінің түрі мен мақсатына байланысты қа­зақ­стандық қамтуды 55 пайызға де­йін жеткізуге мүмкіндік береді».

Қазіргі уақытта кешеннің ғимараты бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 46 пайызға, ал өндірісі бар АКТБ ғима­ра­тына қатысты жоспар 95 пайызға орындалған. Сонымен қатар, кешеннің сынау учаскелерінің барлық технологиялық жабдығы әзірленіп, зауыттық сынаудан ойдағыдай өткізілген. Маман­дардың  пайымдауынша, мұндай стратегиялық объектінің болуы елі­міздегі ғарыш қызметін дамы­тумен қатар, Қазақстанға жер серіктерін жобалау мен жасау бойынша қызмет көрсететін халық­аралық нарыққа шығуына зор мүмкіндіктер береді.

Б.Атамқұлов арнайы тоқ­та­лып өткен келесі мәселенің бірі – отандық ғарыш аппаратының орбиталық топтамасын дамыту ісі. Жиында осы күндері аталған бағытта елдің экономикалық салаларының міндеттерін шешу үшін қазіргі заманғы ғарыш инфрақұрылымы тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұ­мыс­тар жасалып жатқаны баса айтылды.

«Еліміздегі ғарыш аппарат­тары­ның орбиталық топтамасы бүгiнгi таңда 4 спутниктен тұ­рады. Ал келесi жылдың басын­да олардың қатары тағы екi жер­серiкпен толығуы тиiс. «KazSat» ғарыш байланыс жүйе­сi жер бетiндегi екi бас­қа­ру кешенi бар «KazSat-2» және «KazSat-3» байланыс жүйе­лерi­нен тұрады. Жүйе елдiң бүкiл аумағында спутниктiк байла­ныс пен телевизиялық тараты­лымды қамтамасыз етуде. Сон­дай-ақ, мемлекеттiк орган­дарды, ұлттық компаниялар, же­кеменшiк ұйымдар мен ұялы бай­ланыстың шалғайдағы база­лық стансаларының жұмы­сын мәлiметтермен толық қам­туда. Спутниктердi қолдану мер­зi­мiнiң аяқталуына байланысты «KazSat-2» спутнигiн жоспарлы ауыстыру үшiн 2023 жылға қарай «KazSat-2R» жер серiгiн жасап, iске қосу көзделiп отыр», – дедi Б.Атамқұлов.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда Жер­ді қашықтықтан зондтау ға­рыш жүйесінің табысты жұ­мыс істеп тұрғаны бел­гілі. «KazEoSat-1» және «KazEoSat-2» спутниктері арнайы бюд­жеттік бағдарлама шеңберінде ғарыштық жоғары дәлдіктегі орбиталық топтаманың сурет­терін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға өтеусіз беріп ке­леді. Мәселен, бір ғана өткен жыл­дың өзінде аталған қызмет аясында тиісті органдарға шамамен 12 млрд теңгені құрайтын 20 млн шаршы шақырым аумақ­тың суреттері берілген. Егер бұл қызметті шетелдік опера­тор­лардың тарифімен ұқсас суреттерді сатып алған жағдайда оның құны 23 млрд теңгені құрайды екен.

Сонымен қатар, отырыста «Бәй­терек» ғарыш зымыран ке­шенін құру жобасы «Байқоңыр» кешенін сақтап қалуға және оны тиімді пайдалануға мүмкіндік беретіндігі де атап айтылды. Қорғаныс және аэроғарыш өнерөкәсібі министрінің сөзіне қарағанда, «Байқоңыр» кеше­нін­дегі ынтымақтастықтың 2050 жылға дейінгі келешегін пысықтау туралы Қазақстан мен Ресей президенттерінің уағ­да­лас­тықтарына сәйкес, «Бай­қоңыр» кешені бойынша одан әрі Ынтымақтастық тұжы­рым­дамасы әзірленіп, бекітілген. Осы орайда кешен мен қала ин­фра­құрылымының дамуы, ғарыш жобаларының іске асыры­луы негізінде қолда бар кешен нысандарын және бірінші кезекте «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені бірлескен жобасын құру қарастырылған. Қол жеткі­зілген уағдаластықтарға сәй­кес «Бәйтерек» жобасы қа­зіргі қолданыстағы «Зенит» ғарыш зымыран кешені мен орта деңгейдегі перспекти­валы ресейлік зымыран ұшырғышты іске асыру негізінде жоспарлануда. Бұл ретте, «Зенит» ҒЗК нысандарын Ресей Федера­ция­сының жалға алуынан, сондай-ақ, оларды Қазақстан тарапына беру 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүргізіледі деп күтілуде.

«Сондықтан да бізге аталған нысандарды күтіп-ұстау мен пайдалану бойынша жұмыстарды қаржыландыру мәселесін шешу керек. «Бәйтерек» жаңа ғарыш зы­мыран кешенінен бірінші ұшы­рылымды 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Бәйтеректі» құру ғарыш ай­ла­ғының экологиялық проблемаларын шешуде айрықша маң­ызға ие. Жаңа зымыран гептиль­ді «Протонды» алмасты­ра­­тын болады», – деді Б.Атам­құлов.

Оның түсіндіруінше − бұл Қа­зақстанның ұлттық мүдде­лері үшін стратегиялық маңы­зы бар жоба, себебі, ол «Байқо­ңыр» ғарыш айлағының келе­шегін сақтап қалуға және коммер­циялық ұшырулар арқылы елі­міздің әлемдік нарыққа кіруіне мүмкіндік береді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»