Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Көліктегі ішкі істер департаментінің басшылары мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Ғимарат алдындағы саптық алаңда Ұлттық ұлан оркестрінің сүйемелдеуімен салтанатты шеру өткізілді. Бұдан соң жаңа ғимараттың нышандық кілті ЖІІБ-нің басшылығына тапсырылды. – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы нәтижесінде ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Бүгін, міне, көлік полициясы Астана әуежайында ЖІІБ-нің барлық қажеттіліктерге жауап бере алатын жаңа қызметтік баспанасына қол жеткізіп отыр,– деп мәлімдеді Ішкі істер министрі салтанатты шарада. Қ.Қасымов өз сөзінде халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу қарсаңында елорданың әуежайы мен вокзалдарына шетелдік қонақтар және еліміздің тұрғындары көптеп келетінін атап өтті. Сондықтан Астанаға жолы түскен қонақтар өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінулері үшін көлік полициясына жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр. Атап өтер жайт, Астана қаласының әуежайы тәулігіне 10 мыңнан астам жолаушы қабылдайды, ал мереке күндері бұл көрсеткіш екі есеге көбейеді. Әуежайға күніне 160 жолаушы ұшағы ұшып-қонады. Соған байланысты еліміздің көлік полициясы құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөледі. Министр жаңа ғимаратты аралап, ішкі жабдықтарымен, сондай-ақ, көлік полициясының қызмет атқаратын орындарымен танысып шықты. Содан соң Көліктегі ішкі істер департаменті мен бөлімшелерінің жеке құрамы алдағы уақытта да азаматтардың құқығы мен мүдделерін лайықты қорғап, олардың көліктегі қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ететініне сенім білдірді. Желілік ішкі істер бөлімінің жаңа ғимараты ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және оны өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету іс-шаралары жоспары аясында салынды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»