• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2017

Кейкі батыр тағдырының жұмбағы қалыңдай түсті

481 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан бері әлі жоғымызды іздеумен келеміз. Жазалаушы отрядтың қолынан азаптап өлтірілгеннен, мәйіті қорланғаннан кейін араға бір ғасырға жуық уақыт салып, Санкт-Петербургтегі Кунсткамерадан «қазақ бандиті Кейкінің басы» деп нөмірленген бас сүйегі елге алдырылды.

Батырдың бас сүйегімен қосып, туған жердің қойнына тапсыру үшін оның дене сүйегін іздеу ойластырылған болатын. Сол мақсатпен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тарихшылардың ұлттық конгресі, Түркі академиясы қолдап, жолға шыққан «Туған жерім – алтын бесігім» атты ақпараттық-танымдық экспедиция Кейкі батырдың дене сүйегін іздеуді басты мақсат етіп қойды. Астанадан шыққан экспедиция алдымен ат басын Арқалық қаласына тіреді. Қалада биыл 17 қыркүйекте Кейкі батырдың бас сүйегін қайта жерлеу рәсімі аясында өткізілетін шараларға қала қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Алдымен қала ішіндегі жолдар қайта жөнделеді, бұрынғы пайдаланусыз қалған көп қабатты үйлер бұзылып, орны тегістеледі, көркейтіледі. Қала әкімі Амантай Балғарин мұның барлығы да аз мерзімде оңай атқарыла салатын шаруа болмаса да, барлық күштің жұмылдырылып жатқандығын, қонақтарды жақсы деңгейде күтіп алатынын хабардар етті.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, белгілі тарихшы ғалым Ерлан Сыдықов жетекшілік ететін, құрамында осы білім ордасының проректоры Баубек Сомжүрек, айтыс ақындары Серікзат Дүйсенғазы, Дәулеткерей Кәпұлы, ақын Жұмаш Сомжүрек, «Қазақстан» телеарнасының тілшісі, белгілі журналист Әуесбайдың Қанаты бар экспедиция Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогика институтының оқытушылар және студенттер ұжымымен кездесті. Экспедиция мақсаты білім ордасына белгілі болатын. Өйткені Арқалық педагогика институты осы экспедиция құрамындағы археологиялық топтың батыр сүйегі қалған Жалаулы өзені бойында қазба жұмыстарын жүргізуіне жағдай жасады. Жалпы, Кейкі батыр бас сүйегінің туған елге жеткізілуі, оның қайта жерлену рәсімі туралы ақпараттар халқымыздың рухын бір серпіп тастағаны аян.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани даму, жаңғыру мәселесін алға қойды. Оның алты бағытының біреуі – туған жерді зерттеу, зерделеу, оған деген жас ұрпақтың патриоттық, мақтаныш сезімін ояту. Туған жердің тарихын, ел, жер үшін қанын төккен батырларымызды, басқа да тарихи тұлғаларымызды білген ұрпақ ғана туған жерін сүйе алады. Біздің халқымыз тарихынан өз орнын ойып алатын Кейкі батырдың сүйегін іздеуге шыққан сапарымыз осы мақсаттан туған, – деді экспедиция жетекшісі Ерлан Сыдықов.

Кейкі сүйегі қалған Жыланшық өңірін бағытқа алған экспедицияға Арқалықтан педагогика институтының ректоры, география ғылымдарының докторы Сейітбек Қуанышбаев, осы білім ордасында оқытушы болып қызмет істейтін айтыскер ақын Айбек Қалиев қосылды. Экспедиция мүшелері Амангелді ауданына қарасты Тасты ауылының маңайынан өтетін Арқалық-Торғай тас жолының бойында Кейкі батыр кесенесі салынып жатқан орынға аялдады. Кесене құрылысын Арқалық қаласындағы «Аллюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған.

– Кесене жобасын жасау үшін 5 миллион 900 мың теңгеге келісім жасалған. Оның құрылысына 64 миллион 70 мың теңге бөлінген. Қазір кесененің іргетасы түсетін орын тегістеліп, дайындалды, енді жақын күндері құрылыстың негізі басталады. Тас жолдан кесенеге дейінгі жолды, кеспе тастар төсеуді, абаттандыру жұмыстарын «Аллюминстрой» компаниясы осы қасиетті іске қосқан үлесі ретінде өз мойнына алып отыр. Кесенені олар тамыз айының аяғында дайын етеді, – деді Амангелді ауданының әкімі Нұржан Өтегенов.

Ұлы адамдар өмірден өзі кетсе де, олардың рухы халқына қызмет етуін тоқтатпайды. Кейкі туралы да осыны айтуға болады.

– Кейкі батырдың бас сүйегін елге әкеліп, жер қойнына тапсыру жөніндегі комиссияда кесененің қай жерде салынуы туралы көп пікір айтылды. Арқалыққа, Астанадағы пантеонға қою керек деген ұсыныстар болды. Ойласа келе, батырдың бас сүйегін осы жолдың бойына қоюға пәтуаластық. Бұл жерден алдағы жылдары Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолы өтеді. Түрлі елдерден келетін жолаушылар өз Тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ деген халықтың Кейкі сынды қайтпас батыры болғандығын білсін. Кейкі бабамыз ұлт-азаттық күресте ерлік көрсеткен, халқы үшін күрескен жерде тыныстап жатсын дедік, – дейді экспедиция жетекшісі Ерлан Сыдықов.

Кейкінің кесенесі салынып жатқан орыннан таяқ тастам жерде тағы бір кесене тұр. Ішінде сүйек жоқ, бос кесене Кейкі батырға деген халықтың сағынышы, ыстық ықыласы еді. Сыртына батыр қаза болғаннан кейін халқының айтқан ғазалынан үзінділер жазылған. Оны журналист, ақын, ұстаз Әубәкір Қылышбайұлы 2001 жылы ағайыннан жылу жинап, туған жердің тасынан салдырған екен. Ноқтаға басы сыймаған батырдың аты өшпесін, жолаушы жүрген адамдар Кейкінің рухына құран бағыштасын деген оймен осы кесенені салдыруға мұрындық болған Әубәкір атайдың өзі 2011 жылы 86 жасқа қараған шағында Арқалық қаласында қайтыс болады. Жарықтық Кейкі атасының басы елге бір оралатынын, оның қаны тамған жердің топырағымен қосып, осы кесенеге қойылатынын армандап та, үмітін де үзбей көз жұмған.

Амангелді ауданының орталығындағы Амангелді музейін аралап, Сатыбалды ишан мазар-кесенесіне, Амангелдінің сүйегінің үстіне қойылған батыр ескерткішіне құран бағыштағаннан кейін, экспедиция Жалаулыға бағыт алды. Кейкіні М.Дудиннің жазалаушы отряды өлтірген жер мен Амангелді селосының арасы 100 шақырымнан асады. Басын Ұлытау жақтан алатын Жалаулы өзені бұрынғы Рахмет ауылы тұсынан Жыланшыққа құяды. Бұл жер Кейкі шейіт болған деген орыннан алыс емес. Селеулі, көк майса дала Жыланшық бойына қарай бозға айнала береді. Маусымның ыстығы әлі арқаға батар-батпас далада жусанның қышқылтым иісі бас айналдырады. Кейкінің соңына түскен қызылдар оның қасындағы әйелі, інісі және тағы бір-екі адамымен атып кеткен үйдің орны Жалаулы өзенінің бойында жатыр. Бұл Сүтемгеннің Жәкені деген ауқатты адамның үйі екен. Уақытында «Жәкеннің қызыл үйі» атанған үйдің орны жермен-жексен болып, төмпешікке айналған, қалың өскен шөптен зорға білінеді. Айналасында қызыл кірпіштің бірер сынықтары топырақ пен шөптің арасынан сығалағандай болады. Бұл үй өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін құламай тұрыпты. Малшылар пайдаланған. Кейкінің ұрпақтары, нақтырақ айтқанда, Әбу Қарағожин 1964 жылы Жезқазған жақтан келіп, батыр атасының қаны төгілген маңайға ескерткіш-белгі мен бейіт секілді қоршау жасап кетеді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультеті Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ұлан Үмітқалиевтің басшылығымен қазу жұмыстары осы қоршаудан басталды. Әбу марқұм осы қоршаудың астына атасының сүйегін тауып салды ма деген ой жергілікті өлкетанушылардың да, археологтардың да көңіліне қонақтай беріпті. Бірақ қоршаудың астынан сүйек табылған жоқ. Одан кейінгі қазу жұмыстары өлкетанушы Шөптібай Байділдиннің айтуымен атқарылды. Өлкетанушының сол заманның, қасіретті оқиғаның куәлерінен жазып алған естеліктері бойынша, сүйек Жалаулы бойындағы жыралардың бірінде жатыр. Кейкінің соңына түскен жазалаушы отряд таң алдында жергілікті халықтан 10-15 адамды қорқытып, айдап әкеліп, Жалаулыдағы Кейкі тоқтаған Сүтемгеннің Жәкенінің үйін қоршап алып, оларды есік-терезеге оққағар етіп қояды. Кейкі мен сырттағылар арасында атыс болады. Осы жерде Кейкі, інісі Шұбар, әйелі Ақжан оққа ұшады. Отряд басшысы Кейкінің жанында болған тыңшы екі татар жігітін де атып тастайды. Кейкінің қолын кетпенмен шауып әкетеді. Басын кейін келіп, Кейкінің сүйегін қайта қаздырып алып, қылышпен паршалаған Токаревтің ұлы Торғайға әкеткен көрінеді. Аяғы ауыр Ақжанның ішін қылышпен жарып, баланы аударып тастайды. Жәкеннің үйі қан-жоса болып, жайрап қалады. Сол жердегі ауылдастары өлгендерді ақ жуып, арулап жерлеуге қорқады. Жәкен үйінің жоғары жағындағы иірімдегі арасы шамамен100-120 метр болатын жыраханаға апарып, бетін жабады. Археолог Ұлан Үмітқалиұлы өлкетанушы Шөптібай айтқан осы жобамен үй орнынан 50 метрден бастап, 100, 150 және 500 метр салып қазып көреді. Сүйек шықпайды.

– Шөптібай ағаның әкесінің інісі, сол сұмдық оқиғаның ортасында болған, Жәкен үйінің есік-терезесіне оққағар етіп айдап барған адамдардың бірі Сейтқасым Жамбылұлынан, ауылдың құймақұлақ қарияларынан естіген әңгімелер желісімен тобылғылардың түбін, жырахананы қаздық. Арнайы георадармен ол меңзеген, көрсеткен орындарды артығымен алып, тор шаршыларға бөліп, археологиялық әдістемелерді қолдана отырып, барлау жұмыстарын жүргіздік. Уақыт өткен сайын жер бедерінің өзгеретінін ескере отырып, жыраханаларды екі жағынан да артығымен алып, георадармен сканерге түсірдік, барладық. Өкінішке қарай, нәтиже ала алмадық, – дейді археолог Ұлан Үмітқалиұлы.

Қазба жұмысы мұнан кейін 80-ші жылдардың аяғынан Кейкі туралы материалдар жинаған, Ресейдің, Қазақстанның архивтерін сүзген белгілі журналист Мақсұтбек Сүлейменнің айтуымен жалғастырылды. Ол ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан Құсей Ахметов қарияның, Сүтемгеннің Жәкенінің сол қырғынды 14 жасар жасөспірім кезінде көзі көрген, тіпті сол атыста жараланған қызы Бижамал әжейдің естелігіне сүйенеді. Естелік бойынша, қызылдар үйді қоршап алған соң, атыс басталады. Кейкі оққа ұшқаннан кейін қызылдар оның екіқабат әйелі Ақжанды, бұл жерде Кейкінің Шұбар емес, Түсен деген інісін, қасына еріп келген үш жолдасын, татар жігітін де атып тастайды. Милициялар Кейкінің басын кесіп алып, Торғайға алып кетеді. Өліктер есіктің алдында жайрап қалады. Бижамалдың әкесі Жәкен милициялардың артынан қос атпен қуып жетіп, «Өліктерді не істейміз?» деп сұрағанда, олар «Бәрін бір шұңқырға көме салыңдар» дейді. Сол нұсқаумен ауыл адамдары қыр жақтағы бір шұңқырға басы жоқ Кейкінің денесін тастап, үстіне қалған өліктерді үйе салады. Құсей қарттан жазып алған естелікте қызылдар Жәкеннің үйінде Кейкімен бірге 7 адамды өлтіріп кетеді.

--Мақсұтбек ағаның айтуы бойынша, үй орнынан 800, 900 метр жердегі ойды, екі шұңқырды қазып көрдік. Ол жерден де адам сүйегін таппадық. Жалпы, қазба жұмыстары кезінде малдың сүйектері, түйенің, жылқының жақ сүйектері шықты. Сонымен қатар тұрмыста пайдаланған самаурынның шүмегі, қойды электр тоғы арқылы қырқатын құрылғының сынықтары, бергі уақытта пайдаланған темір-терсектері секілді заттар ғана табылды. Кейін ауыл ақсақалдары Кейкінің сүйегін алып, жолдың бойына жерлеген екен. Құсей қарт соны Мақсұтбекке көрсетіпті.Сол жерді Мақсұтбек ағаның көрсетуімен кең ауқымда алып қаздық. Электр бағандарынан жаңылысып тұр ма деген оймен, екі жағынан да бес бағанадан артық, керісінше оңтүстігі мен солтүстігінен де елу метрден алып, төмпешіктеу деген жерлерді қаздық. Бірақ нәтиже көре алмадық, – дейді Ұлан Үмітқалиұлы.

Қазба жұмысы жүріп жатқан жерге Амангелді ауданының тұрғыны Ахмедия Сейтқожин да келіп, археологқа өзінің естіген ақпаратын айтады. 1973 жылы он бес жасында осы жерге мал қырқымына келгенде атасы Жәкен үйінің артында елу метрдей ғана жердегі 7 төмпешікті көрсетіп, осы жерде Кейкінің, әйелінің, інісінің, сол қасіретті түні оққа ұшқан басқа адамдардың сүйегі жатыр деп, құран оқығанын айтады. Ахмедияның көрсетуімен, үй орнынан елу метрдей жер археологиялық әдістермен өлшеніп, сканер жасалды, студенттер 50 сантиметр тереңдікте қазып та көреді. Бірақ онан да адам сүйегі табылмайды.

Бір аптадан аса уақытта негізінен үш адамның жол бастауымен Кейкі сүйегі іздестірілді. Қазба жұмыстарында археологиялық әдістемелер барынша пайдаланғанымен, жер қазатын жұмыс қолы да болғанымен, техниканың жетімсіздігі байқалған. Амангелді ауданынан әкелінген трактор пайдалануға жарамайды, қайтадан аудан орталығына зорға жеткізілді. Шөп басқан алқапты барынша кеңірек қазып шығу, тереңірек барлаудың кемшіндігі білінеді. Он бес шақырым жердегі малшыларға барып тамақтану, түнеу жігіттердің уақытын да алған, жұмысқа кедергі де жасаған. Бүкіл ел құлағын түріп, Кейкі ортамызға қайтып келердей күтіп отырған іске кірісуден бұрын оған барынша жан-жақты дайындықты пысықтау керек еді. Қысқасы, экспедиция мүшелерінің шешімімен қазба жұмыстары тоқтатылды. Ал осы парызды істің жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов сүйек табылмауының басқа себебі болу мүмкіндігін айтты.

– Кеңес өкіметі 20-шы жылдардан кейін орнығып, өзінің большевиктік идеологиясын жүргізе бастады, яғни қызыл террор басталды. Ақтардың, меньшевиктердің, алашордашылардың соңына түсті, бай-манаптарды, ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқандарды қуғындады, олардың және олардың үрім-бұтақтарын зерттеу үшін НКВД-ға тапсырма берілді. Бәрі құпия тізімге алынды, олардың не нәрсемен айналысатыны қадағалануда болды. Кейкінің сүйегі жерленген жерге осындағы туған-туыстары, жергілікті халық барып, құран оқымасын, еске алмасын, дәріптемесін деп, Кейкіні кісәпір етіп көрсету мақсатында мүрдені құпия түрде бір түннің ішінде қазып алып, жоқ қылып жіберу үшін тапсырма берілуі әбден мүмкін. Өйткені коммунистік басшылық кезінде НКВД-да осындай жұмыстардың жүргізілгені жөнінде фактілер бар,– дейді Ерлан Бәтташұлы.

Сонымен Кейкінің сүйегі ғасырға жуық уақыттан бері айтылып келе жатқан жерден табылмады, батыр тағдырының құпиясы қалыңдай түскен секілді. Халқының бостандығы үшін айға шапқан арыстандай батырдың атын қызыл империя қалай өшірем десе де, ол халық жадынан шаққан жоқ, қайта мейіздей қатқан сағыныш күшейе түскендей еді. Оның сүйегін іздеуге жеке адамдар әлі де құлшыныс танытып отыр. Бірақ батырдың сүйегі қай жырада, қай тобылғының түбінде қалса да, туған жерде жатыр. Көңілге сәл де болса жұбанышы осы. Кебін де, көр де бұйырмаған Кейкінің бас сүйегі қыркүйек айында оның қаны тамған орынның топырағымен қосып, туған жердің қойнына тапсырылады. Батырдың рухы халқының алақанында болары хақ.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ – АРҚАЛЫҚ – АМАНГЕЛДІ – ҚОСТАНАЙ