Эко-автошеруінің қатысушылары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі кездесуге және Арнасай ауылындағы EXPO-Camp жастар жазғы лагерінің ашылуына барғаннан кейінгі бағыттарын Ресей, Армения, Белоруссия және Еуропа елдері арқылы жалғастырмақ. G-Global дамыту коалициясының басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекованың айтуынша, санаулы күндерден кейін салтанатты түрде ту көтеретін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне орай ұйымдастырылған автошеру «жасыл экономиканы», баламалы қуат көздерін насихаттап, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін халыққа жеткізеді.
Автошерудің ресми серіктесі – қырғызстандық өнертапқыш Муратбек Султанбеков. Ол былтыр «Менің таңдауым – таза энергия, таза су, таза ауа, таза сана» ұранымен Бішкек – Астана – Ереван – Минск – Мәскеу бағытындағы 12 мың шақырымдық велошерудің бастамашысы болған еді. М.Султанбеков сол велошеруге дайындық кезінде электрлі велосипед жасап, велосипедке лайық генераторды іздеу барысында жоғын Қазақстаннан тапқан болатын. «Three Energy» ЖШС директоры Жанболат Мұзбаев құрастырған бұл жеңіл жиналатын модульді құрылғы дауылдарға төзімді және желдің жылдамдығы баяу болғанның өзінде электр энергиясын өндіре алады. Аталған құрылғы биылғы шеруге қатысушылардың да электрлі велосипедтерін қажетті энергиямен қамтамасыз етеді. Яғни, эко-автошерудің көлік құралдарының жартысы инновацияларды қолданады. Оның ішінде электрлі велосипедтермен бірге Диас Оралов жасаған сутегі генераторымен жүретін автокөліктер бар.
Жоспар бойынша, эко-автошеру қатысушылары Александр Петровтың пиролиздік пештері мен Альтаир Сыздықованың тиімділігі жоғары көмір қазандықтары, Александр Борисенконың қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату кешені мен пларонды ауа тазартқышы, Дияз Байсейітовтің KUNTECH күн коллекторы, Хайрулла Байшагировтың жел-энергетикалық құрылғысы, Мәди Жақыповтың STEEP ENERGY NT атты жел турбинасы, Александр Болотовтың күн панельдері орнатылған жел генераторы, Али Мехтиевтің бу- электрлі жылытқышы және басқа да өнімдерін еліміз бен шет елдердің тұрғындарына таныстырмақ. Аталған жасыл технологиялардың барлығы – «Online ЕХРО-2017» өнертапқыштар байқауының жеңімпаздары.
Думан Анаш, «Егемен Қазақстан»