• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2017

Қуана білу мәдениеті һәм серотонинді сезіну

596 рет
көрсетілді

Адамзат табиғаттың төл туындысы, дәлірек айтсақ, бел баласы. Көктемде көңілің шуақтанып, жазда жаның жадыраса, күзде күйің солғынданып, қыста қабағың қатуланатыны да сондықтан.

Тіршілік заңы солай. Мектеп қабыр­ғасында ұлы Абайдың «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан» деп басталатын «Күз» өлеңін жаттағанда сол замандағы қазақ тұрмысының күңгірт тұсы мен күйзелісті көрінісі көз алдымызға келу­ші еді. Құржаң қаққан кемпір-шал­ға, бүрсеңдеген балаға, тышқан аулап кеткен итке бала жүрекпен аянышпен қарап, жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан шұғылалы шағына тезірек жетсе екен, қуанышты күндері көп болса екен деп тілейсің. Есейе келе, жыл мезгілдерімен санаспай-ақ еліңнің еңсегей табыстарына, туған ауылыңның көшелерінің жөнделгеніне, досыңның атының бәйгеден келгеніне, көршіңнің қойының қоздағанына шынайы қуана білу кісіліктің, мәдениеттіліктің, мәрт­тіктің белгісі екенін білдік.

Шынында да қуаныш Жаратқанның сыйлаған үлкен нығметі. Ақын тілі­мен өрнектесек, «өмір деген өте шы­ғар өткінші, аз ғұмырда көп қуа­нып, көп күлші». Ғалымдардың айтуын­ша, ұдайы қуанып жүретін оптимис­тердің денсаулығы пессимистерге қарағанда әлдеқайда мықты болып, дерт-дербезден аман жүреді екен. Сымдай тартылып, сымбатты бой түзеп, қарттықтың ауылына да асықпай аяңдайды-мыс. Медицина ғылымында «қуаныш гармоны» аталатын серотонин ұғымы бар. 1948 жылы АҚШ-тың Кливленд клиникасында Морис Раппорт, Арда Грин және Ирвин Пейдж сияқты мықты мамандар анықтаған серотонин ми қатпарларында нейромедиатор қызметін атқарады. Серотониннің ағзадағы аз мөлшері, яки жетіспеушілігі адамның жүйкесін жұқартып, өмірден баз кешіп, күйзеліске түсуіне әкеп соқ­ты­рады екен. Ал, адам тиісті мөл­шер­дегі серотонинді сезінуі арқы­лы өмірге деген құштарлығын арттырып, рухын шыңдап, қуанышын еселеп, кесе-көлденең кедергілерді бұзып-жарып шығуға деген қабілетін қалыптастырады.

Мұны айтып отырған себебіміз, кей дастарқан басында сыйлы мейманымыз деп әспеттеп төрге шығарған бәзбір жігіт ағалары сөз ұстаудың жөні осы екен деп, ешбір дерек-дәйекке сүйенбестен, елде жасалып жатқан игілікті істерді жаппай жоққа шығарып, қара аспанды төндіріп, Самарқанды суға алдырып, жиналған жұрттың еңсесін езіп, алқалы топтағы ақжарқын қуанышты су сепкендей басуды дағдыға айналдыруы қынжылтады. Айтатындары жалпылама сөз. Ауыл арыды, қала қирады, дала тоздыдан арыға бара ал­майды. Неге бұлай астам, арзан сөйлейді екен деп ойлайсың? Сөйтсек, ол өзінің әлсіздігінің, енжарлығының, білімсіздігі мен біліксіздігінің салдарын өзгеден іздеп, өкпе артып, өктем сөйлеу арқылы бедел жинағысы келетіндей. Өйткені, бұл дүниеде барлық нәрсе салыстыру арқылы келмей ме? Құдайға шүкір, елің аман, жұртың тыныш. Талай «тар жол, тайғақ кешуді» бас­тан өткерген халқың еркіндік алды, еңсе түзеді, әлемге танылды. Санаң түлеуде, салтың жаңғыруда, дәстүрің дәріптелуде. Біз көріп жүрген ауыл жұртының ағылып-төгіліп жатпаса да, дастарқанында дәмі, көңілінің сәні, мейманына шай беретіндей халі бар. Одан да «бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз» деп тәубешілігін ұмытпайтын қаймана қазақтың бүгінгі бейбіт замандағы берекелі тірлігіне неге қуанбасқа? Өңірлердің бәрінде салынып жатқан сансыз үйлер мен ғимараттарға, мыңдаған шақырымдарға тақтайдай төселген жолдарға көз сүйсінтіп, неге шат­танбасқа? Қарттарымызға қам­қорлық жасап, кезең-кезеңмен зейнет­ақысын көбейтіп, зерделі жасты шет елдердің ең үздік білім ордаларында оқытып жатқан ізгілікті істерді неге әңгіме арқауына айналдырмасқа? Ұл-қыздың ұнжырғасын түсіріп, ұрпақты жасық етер қызыл сөзді қыздырып, бөс­пе сөзді боратқанша, жақсы сөзді жа­рым ырыс етер елдікті, еңселі істі неге айтпасқа?

Қуаныш демекші, еліміз тағы бір тарихи оқиғаға аяқ басуда. Жаздың жайдары күнінде Астанаға әлем жұртшылығы көз тігіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өз жұмысын бастамақ. Күні кеше ғана сияқтанған, 2012 жылы қарашада Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросының 152-ші сессиясында қатысушы 161 елдің 103 дауысын жинап, талай үміткердің ішінен оза шауып, ақтық сайыста кәрі құрлықтағы беделді елдердің бірі Бельгияның өзін шаң қаптырып кеткен әйгілі жеңісіміздің жемісін жейтін тұс. Елдің тілеуінің, Елбасының ерен еңбегінің қомақты нәтижесін көретін шақ. Дүние жүзінен кіл мықтылар ағылып, абатты Астанаға көз тойдыратын, болашақтың энергиясына қатысты озық бастамаларымызды ортаға салатын тарихи кезең.

Ендеше, елдігімізді тағы бір рет танытатын еңселі тойға қуана білейік, ағайын!