Бағымызға қарай өткен 3 ай ішінде әлемдік нарықтағы мұнай бағасы $54-дың маңайында орын алып тұрды. Соның арқасында статистиканың ағымдағы мәліметтерінде І тоқсандағы экономикамызда өндірілген ішкі жалпы өнім, 2016 жылы осы мезгілде 0,2 пайызға кемісе, биылғы жылғы осы кезеңде 3,4 пайызға өскен, бұл жоспарланған межеден әжептәуір жоғары. Ағымдағы бағамен есептегенде 9%-дан асып, 10,2 трлн теңгені құраған. Ал доллармен өлшегенде, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 20 пайызға молайып, 31,6 млрд долларға теңелген.
Осындай ахуал барысында, өнеркәсіп саласындағы табиғи өнім көлемі былтыр осы кезеңде 0,8 пайызға құлдыраса, биыл 5,8 пайызға өсіп отыр. Ауыл шаруашылығы өндірген өнім көлемі 2,9 пайызға, құрылыс көлемі 7,1 пайызға өсті. 2016 жылмен салыстырғанда ІЖӨ-нің құрылымы да оң өзгеріске ұшыраған. Өндірілген тауар көлемі 34,4-тен 35,5 пайызға көтеріліп, қызмет көрсету үлесі 59,2-ден 57,1 пайызға төмендеген. Мұндай құрылымдық өзгеріс тауарларға деген әлемдік бағалардың қымбаттауымен және өсу қарқынының үдетілуімен түсіндіріледі.
Сыртқы саудада оң өзгерістер орын алған. Аталған мерзімдегі Қазақстанның сыртқы сауда айналымы өткен жылғы мерзіммен салыстырғанда 24,2 пайыздан асып, 16,8 млрд долларға тең болыпты. Мұның ішінде экспорт 30 пайызға молайып, 10,8 млрд доллар болса, импорт 15,1 пайызға өсіп, 6 млрд долларға жеткен. Сонымен қатар, сыртқы сауданың оң теңгерімі өткен жылғы осы кезеңде 3,8 млрд долларды құраса, биыл бұл көрсеткіш 4,8 млрд-ты құраған.
Статистика комитетінің мәліметіне назар салсақ, елімізде осы жылдың І тоқсандағы орташа жалақысы 140265 теңгеге жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 5,6 пайызға көтерілген. Доллармен есептегендегі теңгенің күшеюінің нәтижесінде ел тұрғындарының жалақылары мен табыстары нақты есеппен едәуір ұлғайып, 77355 теңгені құрап, атаулы есеппен 10,4 пайызға, ал шынайы есеппен 2,4 пайызға өскен.
Алайда, осыдан 4 жыл бұрынғы көрсеткіштерге: жан басына шаққандағы 15 мың доллар ІЖӨ және орташа жалақы 700 доллардан асып түскен жетістіктерді қайтару үшін алған қарқынды еселей түсіп, теңге бағамын нығайта беруіміз қажет екені әркімге де түсінікті деп ойлаймыз. Бұған қоса, экономиканың қарқынды дамуы бұрынғыша шикізатқа, әсіресе, мұнайға тәуелді болып отырғаны қынжылтады. Өйткені, экономикамыздың жетістіктері сыртқы фактор – әлемдік мұнай нарқына тәуелді. Ол болса, өзгермелі, бүгін былай, ертең олай дегендей...
Ауыл шаруашылығының ахуалы қалай деген сұрақ исі қазақты мазалары сөзсіз. Сөз басында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,9 пайызға өсті деген едік, алайда, жақынырақ үңілсек, бәрі ойдағыдай дей алмаймыз. Ranking.kz агенттігінің жариялаған мәліметіне сүйенсек 2016 жылмен салыстырғанда І тоқсандағы шет елге экспортталған ет өнімдерінің көлемі 45 пайызға құлдырап, небәрі 1,6 мың тоннаны құраған. Негізінен, Қазақстанда өндірілетін етті импорттаушы Ресей Федерациясы болып табылады. Оның Қазақстанның жалпы ет өнімдерінің экспортындағы үлесі 94,5 пайызды немесе 1,5 мың тоннаны құрайды. Алайда, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда Ресейге экспортталатын ет өнімдерінің көлемі 15 пайызға кеміген. Басқа мемлекеттерге экспортталатын ет өнімдері де күрт қысқарған. Мәселен, Тәжікстанға экспорт 6 есеге кемісе, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытайға бірде-бір тонна ет жөнелтілмеген.
Сөз орайында еске сала кетейік, 2011 жылы ірі қара мал саласын дамыту арқылы Қазақстанның ет өнімдерін экспорттауын еселеп ұлғайту жайлы Үкімет қаулысы қабылданған еді. Соған сәйкес, 2011-2015 жылдарда ет өнімдерінің экспортын ұлғайту нәтижесінде, 2016 жылы 60 мың тонна, келесі 5 жыл сайын 180 мың тонна ет экспорттау межеленген болса, 2016 жылы бар болғаны 12 мың тонна ет өнімдері экспортталыпты.
Сайып келгенде, мәселенің түпкі себебі неде десек, мәселе еліміздегі мал шаруашылығының ұсақталып, уақ шаруашылыққа айналуында және егін шаруашылығымен бұрынғыдай бірлескен кәсіпорын бола алмауында деп айтуға болады. Соның салдарынан ет өнімдерінің шынайы өзіндік құны өте қымбат болғандықтан, оның экспорттық бағасын да ауылдағы өндірушілер мен делдалдар көтеруге мәжбүр болып отыр. Жеделдете жүргізілетін ұсақ шаруашылықтарды кооперациялаудан үмітіміз зор.
Жангелді ШЫМШЫҚОВ, экономика ғылымдарының кандидаты