Табылды аға 1958 жылы Алматы медицина институтын бітірді. Зайыбы Жаңыл Зұлжанқызымен шаңырақ көтеріп, екеуі бірге жолдамамен Май ауданына келеді. Жаңыл апамыз – акушер-гинеколог.
– Өткенге үңілсең, қазір көкейде бәрі сайрап тұрғандай-ау. Осы ауданда 11 жыл қызмет жасадық. Бұл – Семей полигоны зардабын тартқан аудан. Жарылыстан көз ашпаған өңірге келуге кейбір дәрігерлер жүрексінді де. Саңырауқұлақ тәрізді көкке көтерілген жарылыстар жарқылын да көріп, бастан өткердік. Ол кезде ештеңе айтуға болмайды. Ең қиыны, ауылдар мен малшылар қыстағы полигон аумағында қалып қойған, оларға жетіп дәрігерлік қызмет көрсету де өте күрделі еді. Осындай жағдайларды көрдік, қалқам. Дәрігерлер жетіспейтін, қарапайым дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдық дегеніңіз тапшы. Науқастанған тұрғындардан шақырулар түскенде ауылдарға трактормен, атпен де барған кездер болды. Сол кездегі хирург дәрігерлер біледі, ол уақытта ота жасау осы күнгі ота жасау үрдісімен мүлде салыстыруға келмейді. Қазір медицина саласына жаңа технологиялар, түрлі жаңашылдықтар келді ғой, осы мүмкіндікті біліктілікпен игере білу қажет. Отадан соң аурулардың «хирургтің қолы жеңіл екен» дейтіні осы біліктілік талабы. Медицина тәжірибе арқылы өркендейді. 1969 жылы Павлодарға шақырып, Алюминий, Трактор зауыттарының медициналық-санитарлық бөлімдерінің бас дәрігері, 1980 жылы қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалдым. Мен келген кезде 7 қабатты аурухананың жаңа ғимаратының құрылысы толық аяқталмаған. Құрылысты аяқтау оңай бола қойған жоқ. Бұдан кейін дәрігерлердің білімін жетілдіретін бірнеше кафедра ашылды. Менің міндетім жаңадан пайдалануға берілген аурухананың бөлімшелерін дәрігер мамандармен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету еді. Сөйтіп, 1980 жылы 24 мамырда жаңа ауруханада алғашқы ота да жасалды. Ауруханада 15 клиникалық, 6 диагностикалық, 3 қосымша бөлімше жұмыс істеді. Облыстағы денсаулық сақтау саласының басшысы Төкен Қайырбеков үнемі қолдау көрсетіп отырды, – деп еске алады медицина ардагері.
Май ауданындағы ауылдарда шағын ауруханалар, фельдшерлік пункттер ашуға бастама жасады. Табылды аға басқарған №1 аурухананы 80 жылдары «қазақ ауруханасы» деп те атайтын. Бұнысы «ауруханада қызмет жасайтын дәрігерлердің бәрі қазақтар» дегені, тіпті бас дәрігер Асылхановтың «кадр мәселесіндегі қателігі» деп обкомға арыз-шағымдар түсіп жатты. Кеңестік кезде осындай салқындықты да бастан өткерді.
Май ауданында ұлдары Серік пен Қанат туып өсті. Дәрігерлер отбасында өскен балалардың да дәрігер болып шықпауы мүмкін еместей. Қазір Серік Табылдыұлы Ақсу қаласындағы тубдиспансердің бас дәрігері болса, Қанат Табылдыұлы бір күндері әкесі қызмет еткен №1 қалалық ауруханада дәрігер, зайыбы Салтанат №2 емханада терапевт, немересі Нұржан Қанатұлы да дәрігер атанып, дәрігерлер әулетіне айналды. Табылды ағамыздың дәрігер болуына Асылхан атамыздың сынықшылығы себеп болса керек. Ұлы Қанаттың травматолог болуы да сынықшы аталарынан қалған қасиеттің жұққаны. Айтпақшы, Асылханның қызы Шайзаның балалары Кәрім, Қайыр, Қапура Ғабулғазизовтар, балдыздары Ғайни, Қайзада да дәрігерлер болып шықты.
– Әрине, әулет деген өте жақсы ұғым. Ғұмырлы әулет қызығын көріп отырмын. Балаларыммен мақтанамын. Мамандықтарына адал. Мен сияқты ғұмырларын медицина саласына, халықты емдеуге арнағандарына ризамын. Әкелі-балалы біздер бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Қандай мәселе болмасын, барлығын бір сөзбен айтқанда, үй ішілік, отбасылық-дәрігерлік консилиум арқылы реттеп, ақылдасып отырамыз, – деп әзілдеп қойды Табылды ағамыз.
Сөз арасында шәкірттері Сағит Иманғазинов, Рунар Төлегенов, Қобыланды Оспанов, Нариман Садықов, Рашит Дүйсенбаев, Алмас Антикеев, Нұрлан Ардабаевтар жайлы айтып өтті. Тіпті, өзі қызмет еткен қаладағы №1 ауруханаға да жиі барып тұрады екен, медицинадағы жаңашылдықтармен танысып, дәрігерлермен жүздесіп қайтады. Мамандыққа деген адалдықпен, ауруханадағы әрбір адам тағдырына жауаптылар дәрігердің ізгілікті жолы.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР