«Бір қолымен бесікті тербеген» дейтін теңеу отбасымен қоса ғылымды игерген әйелдерге дөп келетіндей. Олар – кешегі қазақ қыздарынан шыққан танымал журналист, педагогика ғылымында орны бар тұлға Нәзипа Құлжанова, отандық медицина ғылымының қалыптасуына үлес қосқан алғашқы дәрігерлер Гүлсім Асфендиярова мен Аққағаз Досжанова, кәсіби білім алған музыкатанушы Гүлжауһар Шомбалова, тұңғыш әйел-палентолог Балдырған Қожамқұлова, құқық пен медицина ғылымына үлес қосқан тіс дәрігері Мүбина Ниязова, тұңғыш биолог Нәйлә Базанова. Бүгінде осындай көрнекті ғалымдардың ізін жалғаған зерттеушілер бар. Елімізде ғылыми дәрежеге ие 120 896 маман болса, соның 62 433-і, яғни 51,6 пайызы – әйелдер. Бұл сандар – соның дәлелі. Солардың бір парасын БҰҰ бекіткен, 11 ақпанда аталып өткен Ғылымдағы әйелдер мен қыздар күніне орай ұсынып отырмыз.
Сынақтан сәтті өткен сенсор
Инженер. Бұл ерлерге тән мамандық дейтін көзқарас қалып қойған. Содан болар, елімізде жаратылыстану ғылымын кәсіп еткен әйелдер көп емес. Соның ішінде ғылыми жұмысын зертхананың ішінде ұстамай, өндіріске енгізіп, қомақты инвестиция тарта алғаны, тіпті, саусақпен санарлық. Кезекті кейіпкеріміз сол санаулының қатарына кіреді.
Гүлнұр ҚАЛИМУЛДИНА – Жапонияның Токио технологиялық институты инженерия бағыты бойынша PhD, 2025 жылғы «Ғылымдағы ең үздік ЖИ жобасы» аталымын Президенттің қолынан алған. Қазір Назарбаев университетінде профессор ассистенті болып жұмыс істейді. Соған қоса өздігінен қуаттанатын жүйелерді жасаумен айналысып, бірнешеуін өндіріске сәтті енгізіп үлгерген инженер.
«Мен қазір ғылымды өнімге айналдыру жай ғалым болудан екі-үш есе қиын екенін түсіндім. Қатардағы профессор болып қалуыма болар еді. Бірақ бізде топ бар, мен жауап беретін мамандар бар. Бәріміз діттеген мақсатымызға жетуіміз керек. Бізде басқа нұсқа жоқ», дейді ғалым.
Осы ойымен ісі де қабысқан кейіпкеріміз өзінің шағын тобымен әлемге ортақ, соның ішінде елімізде өткір тұрған мәселені шешуге кіріскен. Қараңызшы, еліміз энергияны негізінен мұнай, газ, көмірден алады. Энергия алудың бұл жолдары экологияға орасан зиян. Енді энергияны үнемдеудің және зиянсыз алудың басқа қандай жолы бар? Бұған жауап болатын идея 2019 жылы дүниеге келген. Сөйтіп, ол өзінің ізденушілерімен бірге наногенераторларды зерттей бастады. Олар наногенераторлардың механикалық қозғалыстан электр қуатын алуға болатынын дәлелдеді. Осылайша, машиналық үйрету әдісімен әртүрлі салада қолданылатын ақылды сенсор жасады. Сенсорлы жүйені қозғалыс арқылы қуат алуды қажет ететін барлық электронды құрылғыға қолдануға болады. Ғалым наногенератор арқылы кардиостимуляторды қуаттап, механикалық жүрек жасады, келешекте бұл адамға салынуы мүмкін. Сенсордан Г.Қалимулдинаның бір студенті мүмкіндігі шектеулі адамға нені ұстағанын білуге көмектесетін жасанды қол жасаса, екінші бір студенті ұлтарақ жасап шықты. Ал өздігінен қуат алатын батареялардың жөні бөлек. Адамның қозғалысынан қуат алатын батареялар заманауи қажеттіліктен туған. Себебі бүгінде барлық жұмыс электронды форматқа өтті, телефон, теледидар, қарапайым ақылды қол сағаттар, планшет, ноутбуктер, компьютерлерге сәт сайын, сағат сайын қуат көзі керек, демек электр қуатының тапшылығы өткір мәселеге айналды. Осындайда жаяу жүріп қажет құралыңды қуаттап алсаң, керемет емес пе! Кейіпкеріміз Гүлнұрдың идеясы осы. Бірақ оны іске асыру оңай шаруа емес. Бұл жолда ол көп тер төкті.
Бүгінде ғалым өз тобымен әзірлеген жобаларды толыққанды «Mirai Tech» деп атап, стартап түрінде іске қосып, бірнеше патент алды. Олар осындай күрделі де тың тақырыппен айналысатын ТМД елдері арасында алғашқы топ болып отыр. Мирай жапон тілінен аударғанда «болашақ» дегенді білдіреді. Г.Қалимулдина бастаған ғалымдар мұны жаңа нарықты қалыптастыратын технология ретінде қабылдайды. Жобалар біртіндеп ғылыми экспериментке ғана емес, халықаралық амбициясы бар коммерциялық өнімдерге айналып жатыр. Соның ішінде ұлтарақ жобасы өндіріске енгізілді. Ұлтарақты аяқкиімге салып жүреді. Жүйе санаулы минуттарда адам аяғында ауытқулар бар-жоғын 82 пайыз дәлдікпен анықтайды. Қазір осы ұлтарақты өндіру мақсатында бірнеше отандық («Астана», «Тобыл») және шетелдік (Еуропа, Нидерланд, Жапония, Италия) футбол командаларымен келіссөздер жүргізген.
Біз әдетте адамның жетістігін ғана көреміз, шын мәнінде көп нәрсе адамның үлкен арманы мен таудай талабынан туады. Мұндай ойға келуімізге кейіпкеріміздің кемі бір мүшел уақытын ғылымға арнағаны түрткі болды. Инемен құдық қазғандай еңбекті талап ететін жолға Гүлнұр мектеп кезінен-ақ бет бұрған. 9-сыныпта жүргенде ғылыми жарысқа қатысып, алабота өсімдігінен сабын жасап шығарған. Содан бері ғылымға қызығушылығы артқан. Сөйтіп, Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетін «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығын, «Болашақ» бағдарламасымен Манчестер университетінде «инженерлік жобаларды басқару» бойынша білім алып, елге оралған. Кейін Назарбаев университетінің инженерия мектебінде оқытушы көмекшісі болып жұмысқа тұрды. Сол уақытта Назарбаев университетінде литий-ион батареяларын зерттеуді енді бастаған профессор Жұмабай Бәкеновтен ақыл-кеңес алып, елімізде әлі таныла қоймаған тақырыпқа терең бойлады. Нәтижесінде энергия сақтау жүйелерінің математикалық моделін жасады. Сөйтіп, Токио технологиялық институтына докторантураға оқуға түсті. Жапонияны таңдау бекерден-бекер болмаса керек-ті, себебі бұл елде батареяларды зерттеу саласы өте жақсы дамыған. Токио технологиялық институтындағы профессор Изуми Танигучидің жетекшілігімен PhD жобасының аясында мыс сульфидтерін катод ретінде қолдану жолдарын зерттеді. Беделді журналдарға 4 ғылыми мақаласын шығарып, ғылыми дәрежесін қорғады. Туған жерге оралып, Назарбаев университетіне постдокторантураға түсіп, қосымша профессор ассистенті бола жүріп, елімізде әлі ешкім толық зерттемеген ғылыми бағытқа түбегейлі түсті. Мұның жемісін жоғарыда жаздық.
Алманияға сыйлы нейрохирург
– Ол кім?
– Дәрігер.
– Оның ішінде қайсы?
– Хирург.
– Хирургтің қандайы?
– Ми мен жұлын жұмысын емдейтін нейрохирург.
Иә, мұндай маман болуға батылдық керек. Ал кезекті кейіпкеріміздің бойында нәзіктікпен қатар қайсарлық қасиет бар.
Әсел САРЫЕВА – дәрігер-нейрохирург, медицина саласынан PhD, Германияның Ганновер қаласындағы университет клиникасы бас дәрігерінің орынбасары.
Әселдің хирургияға қызығушылығы мектеп кезінен басталған. Жүрек қалауымен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсті. Ал интернатурадағы шешуші кезеңде кейіпкеріміз саналы түрде әрі ішкі сеніммен нейрохирургия мамандығына түбегейлі бет бұрды. Кәсіби, сұраныстағы дәрігер болу мақсатында көп ізденіп, білімін одан әрі ұштау керегін ұқты.
Университеттің алғашқы курстарында оқып жүрген кезінде-ақ Әсел әрдайым медицина саласында қандай зерттеулер жүргізіліп жатқанын, ауруларды емдеуде қандай жаңа тәсілдер қолданылатынын білгісі келді. Интернатурада жүргенде оған немере ағасы жұмыс істейтін Мюнхендегі университет клиникасына бару бақыты бұйырды. Сол кезде оның ағасы асқазанның патогендік флорасын зерттейтін докторлық зерттеуін жүргізіп жүрген. Оның жұмысы мен ғылыми ортасын бақылай отырып, Әсел практикалық хирургияны зерттеу қызметімен біріктіріп, докторлық диссертация қорғағысы келетінін түсінді.
Оның докторлық диссертациясы паркинсон ауруындағы мидың белгілі бір құрылымдарының өзара әрекеттесуін зерттеуге арналған. Жұмыс эксперименттік сипатта болды және паркинсонизмнен туындаған егеуқұйрықтардың зертханалық модельдерінде жүргізілді. Негізгі ғылыми міндет әртүрлі ми құрылымдары арасындағы байланысты талдау, болашақта адамда клиникалық қолдануға бейімделуі мүмкін нейромодуляция мен емдеудің ықтимал жолдарын табудан туды. Тақырыпты таңдау көбіне уақыт сұранысы мен нейрохирургияның ерекшелігіне байланысты. Паркинсон ауруының емі әлі табылмаған, яғни зерттеуді қажет етеді. Ғалымның ғылыми еңбегі нәтижесіндегі мидың терең стимуляциясы сияқты заманауи әдістер пациенттердің өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға, симптомдарды бақылауға мүмкіндік береді. Сол себепті аурудың механизмдерін және оларды модуляциялау мүмкіндіктерін зерттеу кейіпкеріміз үшін өзекті де перспективалы бағыт болды.
Осылайша, Әсел ұлттық университеттегі оқуын аяқтағаннан кейін Германияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылымға бағыт алып, 2009 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Ол мұнымен де шектелмей, бұдан әрі сол Германиядағы Ганновер қаласының университеттік клиникасында нейрохирургия бойынша профессор Йоахим Краусстың басшылығымен резидентурадан өтті. 2015–2024 жылдар аралығында осы клиниканың нейрохирургия бөлімшесін басқарды. Бұл кезең клиникалық практика мен ғылыми жұмысты бір тұста тоғыстыруға, яғни нейрохирургияда біріктіруге мүмкіндік берген кәсіби және ғылыми болмысын қалыптастырған маңызды кезең болды. 10 жылға жуық уақыт өзінің біліктілігі мен кәсібилігін көрсетіп, өткен жылдан бастап сол университеттік клиникада нейрохирургия бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарады.
Осыншама еңбек пен тынымсыз ізденістің нәтижесі болар, ғылыми зерттеулері жөнінде үнемі ғылыми журналдарда жарияланып, Германия мен Еуропаның жетекші орталықтарымен бірлескен зерттеулерге қатысады. Ең маңыздысы тұрақты түрде еліміздегі зерттеушілерге танымдық лекциялар оқып, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыс орнатуына септесіп жүр. Оның ғылыми жұмысының негізгі бағыттары нейромодуляциямен және сирек кездесетін қозғалыс бұзылыстарымен байланысты. Өйткені оған жеке басы емес, бүкіл ғылыми бағытты дамытуға, пәнаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі маңызды.
«Бүгінде отандық ғылымның дамуында оң динамиканы көріп отырмын. Елімізде жастардың ғылымға, әсіресе медицина саласына деген қызығушылығы артып келеді. Жас мамандардың халықаралық конференцияларға қатысуға, тәжірибе алмасуға, өз зерттеулерімен сөйлесуге мүмкіндіктері молайды. Эксперименттік бағыттарды қаржыландыру кеңейіп, ғылыми инфрақұрылым қалыптасты. Жүйелі кедергілерді көріп жүрген жоқпын, жеке мотивация мен жаңа білімге деген шынайы қызығушылық негізгі факторлар болып қала береді», дейді ғалым Ә.Сарыева.
Ветеринарияның беделді ғалымы
Атакәсіптен ажырамаған адамсың. Саған, әлбетте, өрісіңдегі ашатұяқтының түрлі аурудан, әсіресе жұқпалы инфекциялардан амандығы аса маңызды. Ал сол жаныңның садағасыдай төрт түлікті сақтауға да ғылым керегін білесің бе? Кейіпкеріміз осы бір елеусіз, алайда өте қажетті салада тер төгіп жүр. Өйткені оның өнімдері талай тіршілік иесін сақтап келеді.
Аида Әбдібекова – ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ветеринария ғылыми зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары, бірнеше препараттың авторы.
Ғылымға ғұмырын арнаған ол бүгінде өзінің өндірістік алаңын ашқан. Онда ғалым өзінің ізденушілерімен бірге паразиттерге қарсы препараттар шығарады. Сол өндірістік алаңда жүргізілген сынақтар мен зерттеулерден туған ғылыми әзірлемелері ветеринарияда қолданысқа енген. Атап айтқанда, жануарларды құрттардан тазалау үшін бес дәрі жасады. Соның ішінде «ЦесТремФорте» деп аталатын препаратты Ауыл шаруашылығы министрлігі сатып алады, ел аумағында қолданылады. Қалған препараттар ветеринарлық дәріханалар арқылы сатылады. Сонымен қатар ол жануарлардың гельминтозын диагностикалау әдістерін, эхинококкозды материалды сақтауға және дезинвазиялауға арналған ерітіндіні, жалпақ құрттардың жалпы препараттарын, бояуға және ағартуға арналған препаратты, сондай-ақ басқа да бірқатар тәжірибеге бағытталған шешімдерді әзірледі әрі енгізді.
Отыз жылдан аса ғылыми қызметінде кейіпкеріміз паразитологтер мектебін қалыптастырды. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындары, ҒЗИ-да жұмыс істеп жүрген ормандай шәкірттері – отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі. Неге ол сапалы кадр даярлау ісіне де ыждағатпен қарады? Себебі оны отандық ветеринария ғылымының болашағы алаңдатады, бірақ келешекте қазіргіден әлдеқайда жақсы боларына сенеді.
«Мұндағы негізгі проблема – кадрлардың, ең алдымен, ғылымды үйренуге, дамытуға және құруға дайын жас мамандардың жетіспеушілігі. Жаңа энергия мен идеялар ағыны болмайынша, ілгерілеу туралы айту мүмкін емес. Сол себепті жастарды қолдау, оларға жағдай жасау – меніңше, ұлттық деңгейде басымдық беретін мәселе. Мен бір шетелдік профессордың сөздерін жиі есіме түсіремін: бүгінгі жастар бірінші кезекте келешекті экономикалық тұрғыдан бағалайды. Мен бұған келісемін. Егер дарынды адамдардың ғылымға барғанын қаласақ, ғалым мәртебесін көтеріп, материалдық қолдаудың лайықты деңгейін, мансап мүмкіндіктерін қамтамасыз ету қажет. Сонда ветеринария ғылымына да жастар көбірек бет бұрып, мықты зерттеушілердің жаңа буыны пайда болады», дейді Аида Мәкенқызы.
Кейіпкеріміздің кейінгі толқынға жанашырлықпен, шәкірт тәрбиелеуге жауапкершілікпен қарауына үлкен ғалымдардан сабақ алғаны сеп болғандай. Себебі ол Алматы зооветеринарлық институтында оқып жүргенде Зұлқарнай Сейітов, Юрий Назаров, Александр Поломошнов, Өтеген Иглманұлы сынды көрнекті қайраткерлердің, кейінгі ғылыми ізденісінде Зейнолла Қожебеков, Николай Иванов секілді академиктер мен Виссарион Рамазанов сияқты профессорлардың алдын көріп, үлгі алды. Әрі майталман мамандардан дәріс алған кейіпкеріміздің білікті болмауға қақысы да жоқтай көрінетін. Аталған инстиутты үздік бітірген Аида көпшілігі ала дорба арқалап саладан кетіп жатқан аумалы-төкпелі кезде Қазақ ветеринария ғылыми зерттеу институтының (ҚВҒЗИ) жанындағы аспирантурасына түсті. Бұл таңдауына ағасы Қайрат Түргенбаев ықпал етіпті. Өйткені ол сол ҚВҒЗИ-да жұмыс істейтін, институттың ғылыми атмосферасын, оның әлеуеті мен болашағын жақсы білетін. Аида төрт жыл ыждағаттылықпен оқып, ғылымға тереңдей түсіп, 1997 жылы кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шықты. Осы институтта аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Ұзақ жылғы табанды еңбегінен кейін докторантураға түсіп, 2007 жылы докторлық диссертациясын қорғап, паразитология мамандығы бойынша ветеринария ғылымдарының докторы атанды, тағы төрт жыл ғылымға еңбек сіңірген соң, 43 жасында оған профессор атағы берілді.
Стереотиптерді бұзған саналы буынның санаулы өкілі атанған А.Мәкенқызы докторлық диссертациясына тың тақырыпты таңдады. Ол зоонозды инвазиялар туралы зерттеді (зоонозды инвазиялар – жануарлардан адамға жұғатын паразитарлық, инфекциялық аурулар тобы, бұлар негізінен үй және жабайы ит, қасқыр, түлкі, қарсақ, етқоректілерде болады). Кейіпкеріміз ғылыми жұмысында зерттеулерді әрі зертханада, әрі далада жүргізді. Альвеолярлы эхинококкозды, адамдарға қауіпті басқа гельминтоздарды жұқтыру қаупі жоғары еді. Сол себепті зерттеулердің ғылыми және практикалық маңызы зор. Мал аурудан сау болса, соны баққан жұрт та аман. Бұл тақырып бүгінге дейін өзекті, өйткені халықтың денсаулығын сақтау – кез келген мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Сондықтан да оның зерттеуі, соның нәтижесінен туған өнімдері өміршең бола бермек.