Сарай алдына жиналғандардың саны 2 жарым мың адамнан асып жығылды. Абай ескерткішін айнала қоршаған Алматылықтар, Алатау баурайынан ескен салқын самалмен тыныстап, салтанатты шақты сәт санап күтіп тұрды. ЭКСПО деген бір ауыз сөз соңғы жылдардың көлемінде бұқара халықтың санасына сақталып, жадында жатталып қалған ерекше ұғымға айналған еді. Мың рет атын естіген мерейлі шараның заты қандай болады екен деген сауал көпшілік жұрттың көкейінде тұрды. Ашық аспан астындағы алаңқайға жиналған жас пен кәрі LED экрандағы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы арқылы таратылып жатқан тікелей толқыннан көрменің салтанатты ашылуының ең бір тамаша сәттеріне куә болды. «Осынау көптен күткен тарихи сәтті үйде отырып кішкентай көкжәшіктен көргенше, жұртпен бірге тамашалаған әлдеқайда тартымды әрі әсерлі» дейді, алаңға жиналған қала жұртшылығы. Ашылу рәсімі басталғанға дейін жиналғандарға әлем өркениетіндегі айтулы көрменің тарихына қатысты танымдық сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға ЭКСПО билеттері табыс етілді. Жиналғандардың ішінен елімізге танымал мәдениет қайраткерлерін, спорт саңлақтарын, бір топ зиялы қауым өкілдерін де кездестірдік.
– Бүгін еліміз үшін үлкен мереке. Осынау мерейлі сәттің ашылу салтанатын Астанаға барып қызықтауға жол түспегеннен кейін осы алаңға келіп көпшілікпен бірге тамашалауды ұйғардым. Үйде отырғанға шыдамым жетпей, немеремді ертіп осында келдім. Ашылу салтанатында, Елбасымыздың айдай әлемнің алдында, «Ұлы далаға қош келдіңіздер» деген бір ауыз сөзін естігенде бойымды өзгеше қуаныш билеп, төбем көкке жеткендей болды. Дәл осы сәтте ғасырлар қойнауында ата-бабаларымыз көрген қиындықтың барлығы артта қалғандай көрінді. Көзіме қуаныштың жасы келді. Ұлы елдің ұрпағы екенімізді әлемге паш еттік. Жасым 80-ге келсе де шілде айында Астанаға барып көрмені өз көзіммен тамашаласам деген ниетім бар дейді, – Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Секер Айтбайқызы.
Мерекелік көңіл-күймен қала жастары ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне Флешмоб ұйымдастырды. Үздік өнер көрсеткендерге тағы да көрме билеттері үлестірілді.
– Көптен күткен тарихи сәттің ашылу салтанатына да куә болдық. ЭКСПО көрмесі еліміздің экономикалық, мәдени-рухани әлеуетін көтеретін теңдессіз жоба. ЭКСПО-2017 арқылы тауар айналымы жолға қойылып, туристер есебінен Алматының да бюджет қоры молайып, қаланың инвестициялық потенциалы арта түспек. Шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық байланысымыз да нығаяды. Көрме барысында Алматыдан Астанаға тәулігіне шамамен 5830 адам барады. Оның ішінде, тәулігіне 13 әуе рейсімен 1100 адам қатынайтын болады. Күніне бір рет 2924 адамды тасымалдайтын 5 темір жол пойызы, күнара 1276 адамды тасымалдайтын 1 пойыз, 420 жолаушыға арналған 1 жүйрік пойыз аптасына бір рет алматылықтарды «Астана ЭКСПО-2017» көрмесімен қауыштырады. Сонымен бірге, арнайы автобустар күніне екі рет 110 жолаушыдан тасымалдайды. Шараны тамашалау үшін шет елдерден келген туристер мен транзиттік жолаушылар санының артуын ескеріп, оларға қосымша бірнеше тасымалдау құралдарын жұмылдырдық. Осылайша, әуе рейстері, темір жол пойыздары, арнайы қоғамдық көліктер арқылы орта есеппен күніне 1570 жолаушыға қосымша қызмет көрсетілмек, – дейді ЭКСПО-2017 көрмесінің Алматы қаласы бойынша жедел штабының жетекшісі Самғат Ермекбаев.
Бізге берілген мәліметтер бойынша, Алматы қаласы мен Алматы облысы және қала қонақтарынан барлығы, 500 мыңға жуық адам «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде Елордаға барады деген болжам бар. Осылайша, Алматы тұрғындары көрменің ашылу салтанатын бірге тамашалап, ұйымшылдық танытты. Жиналғандардың көпшілігі осында келгеннен кейін ерекше әсерге бөленіп, көрменің көркін өз көздерімен қызықтауға Астанаға аттанатынына шүбәміз жоқ.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»