• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 10 Маусым, 2017

Сингапур Парламентінің Спикері: Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіретініне сенімдімін

161 рет
көрсетілді

Бүгін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме алаңында Сингапур павильонының ашылу салтанаты өтті. "Үлкен идеялардың шағын қаласы" атты павильонды Сингапур Парламентінің Спикері Халима Якоб ашты.

2013 жылы 14 қаңтарда алғаш рет Парламент Спикері болып сайланған Халима Якоб - Сингапурдағы Парламент Спикері болған алғашқы әйел. 

"Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына келу мен үшін үлкен мәртебе. ЭКСПО көрмесін өткізу - мемлекет жетекшілерінің ұлттық мәдениет пен инновацияны әлемге паш етуге ұмтылысының жарқын көрінісі. Президент Назарбаевтың дана басшылығымен 2050 жылға қарай осы ел дамыған 30 елдің қатарына кіретініне сенімдімін", деді Парламент төрайымы. 

Сондай-ақ Халима Якоб көрменің идеясы ретінде "Болашақ энергиясы" тәрізді өзекті тақырып таңдалғанын қолдайтынын айтты. "1991 жылы Қазақстанға Сингапур Республикасының бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю мырза келді. Сол кезден бастап мемлекеттер арасында тығыз байланыс орнаған. Екі мемлекет өзара экономикалық байланыстарды нығайтуда. Сондай-ақ Сингапур білім мен мемлекет басқаруды дамыту сұрақтары бойынша Қазақстанмен серіктестікті одан әрі дамытқысы келеді", деді Сингапур Парламентінің Спикері. 

Сингапур павильоны алты аймақтан тұрады. Оны мемлекеттің жетекші сәулетшілерінің бірі Рэнди Чэн жасаған. Павильон қонақтар назарына ең жаңа технологияларды ұсынады. Мысалы, қуатты аз тұтынатын үйлер, биік ғимараттарға тігінен өрілетін жылыжайлар, су қоймаларында қолдануға арналған жүзетін күн батареялары. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Суреттерді түсірген Ерлан Омаров,

"Егемен Қазақстан"