Қазақ журналистикасының қалыптасу, өсу жолдарын зерделеп, жанрлық ерекшеліктерін талдап, болашақ бағытын белгілеп, талай зерттеу, монография, оқу құралдарын жариялаған ғалымның осы ізденістерінің ішінде практикалық мәні бар ерекше бір жаңалығын атап өтпеуге болмайды. Намазалының табанды зерттеуінің арқасында Қазақ радиосының тарихы он жылға әрі шегеріліп, 1921 жылдан бастау алды.
Адамның бүкіл саналы ғұмыры көз алдыңда өтіп, оның өмір белестеріне өз көзіңмен куә болсаң, тағдырдың тарау жолдары, бұрылыс-қайырылыстары кісіні қандай өзгерістерге ұшырататыны анық байқалады. Жақсы адам да, жаман адам да аспаннан түспейді. Әркім өзінің мінез-құлқын, кісілік келбетін, көзқарасын, әрекетшілдігін, болмаса кембағалдығын өз қолымен қалыптастырады. “Ондай болмақ қайда деп Айтпа ғылым сүйсеңіз”, деп хакім Абай да адамның өзін-өзі тәрбиелеуінің, ұштауының, жетілдіруінің құпиясы тұлғаның өз ырқына, ерік-жігеріне тәуелді екенін айтса керек. Осындай ой менің қырық жылдан бергі өмір сапарында қанаттас келе жатқан досым, белгілі ғалым-журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлының қалыптасу жолын оймен көктей шолғанда санама орныға берді. Кешегі үрпекбас студент Намазалы мен бүгінгі салиқалы саңлақ Омашұлының арасындағы жер мен көктей айырмашылық оның өзін-өзі қамшылауы мен қанаттандыруының нәтижесі екенін басқа білмесе де, онымен ұдайы үзеңгі қағыстырып келе жатқан біздер жақсы білеміз.
1969 жылдың талапкерлері едік. Әрқайсымыз әр қиырдан арманымызды арқалап келіп, ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінде тоғысқанда, ертеңгі күні кім болып шығарымызды өзіміз де болжай алмас едік. Шамаласақ, шамалаған шығармыз. Дәуітәлі Стамбековтің поэзия патшалығында ғұмыры өтетіндігіне күмән жоқ еді. Асқар Егеубаевтың ғұлама ғалым боларына да күдік келтіре қоймаушы едік. Ал Намазалы Омашұлының дәл осындай зерделі зерттеуші, көсілген көсемсөзші, ұлағатты ұстаз боларын сол кезде біліп едім дейтін ешкім табыла қоймас. Өйткені, қалжасы қағылездеу, қимылы шапшаңдау, сөзі қиқарлау Намазалыдан дәл бүгінгі ақырын жүріп, анық басатын профессорды көру үшін көріпкел Мишель Нострадамустың жұрағаты болуың керек қой. Рас, оқуға қабілетті болды. Ынталы болды. Аудиторияға келіп, алдымызда дәріс оқитын сұңғыла ұстаздарымыз Тауман Амандосовтың, Қайыржан Бекхожиннің, Темірбек Қожакеевтің, Әбілфайыз Ыдырысовтың, Рымғали Нұрғалиевтің, Абдулхамид Мархабаевтың, Светлана Сагаловичтің сан қияға салатын, сөз өнерінің қыр-сырына қанықтыратын телегей-теңіз трактаттарын тез ұғатын, қалпынан аудармай қайырып айтып беретін санаулы шәкіртінің бірі еді. Қолына гитарасын алып, ел жағалап кететін әпенділігі де аз болған жоқ. Сөйте тұра, істің ығын білетін, жұрттың тілін табатын қабілеті де байқала бастады. Күреп ақша табуды қиялдап, студенттердің құрылыс отрядын жасақтап, Арқа жеріне жол бастап баратын белсенділердің қатарынан Намазалы екінші курста-ақ табылды. Біз лай тасып, кірпіш қалап жүргенде, ол командир, комиссар шенімен газик мініп, шикі студенттерге жөн сілтейтін. Көбіне жақын жүретін досы – Рахметалы Асылбеков еді. Екеуі де юморға, сатираға бейім болған соң ба, бастары қосылса, әжуаны асқындырып, Мұратқанды мүйіздеуден жалықпайтын. Бір қызығы, университетті тәмамдап, Қазақ радиосына қызметке кірген Намазалы эфирдегі сатираны, нақты сықақты талай көш жерге жылжытып тастады. Сөйлеу, айту арқылы жасалатын радиофельетонды әуелі іс жүзінде жолға қойып, кейін оның теориялық негіздемесін ғылыми зерделеуі Н.Омашұлының ғалымдық жолындағы алғашқы баспалдағы болды. Оның үстіне, радионың сатирасы мен юморы Намазалының оң жамбасына келе қалғандай. Оның кейбір кітаптарына мәтіні еніп жүрген сол радиофельетондары баяғы Бейімбеттің қысқа, реалистік дүниелерін еске салады. Мысал керек болса, Түркістан ауданының сауда саласындағы жемқорларын келемеждейтін “Қулар жарысы” атты радиофельетонын оқып көріңіз. Соншама сорақы қылықтарды тәптіштеп жіпке тізбей-ақ диалог арқылы алаяқтардың абыройын айрандай төгеді. Объектіні алдын-ала әбден зерттеп, бұлжытпайтын фактілерді жиып алған журналист енді соны эфир арқылы ұтымды жеткізудің оңтайлы әдісін қапысыз тапқан. Оңай олжа емес. Және сол кездің өзінде-ақ эфирдегі сатираның аса қауіпті, қатерлі қару екенін анық біліп, кейінгі зерттеулерінде осыған ерекше мән беріп, радиожурналистің сынға сақ, мұқият болуын бажайлайды. Қазақ радиосының қазанында қайнап піскен болашақ ғалым өмір тәжірибесі мен теориялық байыптауларды осылай ұштастырады. Жүрдек қаламынан туындаған мақалалар, очерктер, портреттер, рецензиялар легі Намазалыны ғылымға қарай жетеледі. Ол көп ұзамай университеттегі ұстаханаға қайтып оралды. Кешегі өзіне дәріс берген ұстаздардың қатарын толықтырып, болашақ журналистердің шеберлігін шыңдайтын санаулы мұғалімдердің біріне айналды. Өзі де ғылыми ізденістерінің өрісін кеңейтуге бет бұрды. Бұл күнде телерадио-журналистиканың тарихы мен теориясын зерделеп шыққан бірегей зерттеуші ретінде мойындалған Н.Омашұлы осы жылдары көзі талғанша мұрағат ақтарып, сөз өнерінің тарихындағы талай ақтаңдақтарды толықтырып, қажымас қайрат көрсетті.
Қазақ журналистикасының қалыптасу, өсу жолдарын зерделеп, жанрлық ерекшеліктерін талдап, болашақ бағытын белгілеп, талай зерттеу, монография, оқу құралдарын жариялаған ғалымның осы ізденістерінің ішінде практикалық мәні бар ерекше бір жаңалығын атап өтпеуге болмайды. Намазалының табанды зерттеуінің арқасында Қазақ радиосының тарихы он жылға әрі шегеріліп, 1921 жылдан бастау алды. Осы жылы Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың ұйытқы болуымен Орынборда жұмыс істей бастаған ұлттық радио бүгінгі ақпарат кеңістігінде ойып орын алып отырса, өз шежіресінің шындығын қалпына келтіргені үшін ол Омашұлына қарыздар. Журналистік кәсіптің арнайы мамандарға ғана түсінікті қыр-сырларын ғылыми тұрғыдан тұжырымдаған Намазалының ғалымдық қайрат-қажырын тәпіштемей-ақ қоялық. Бір ғана нәрсеге назар аударғымыз келеді: ол өзінің кандидаттық диссертациясын да, докторлық диссертациясын да өзі, Мәскеудегі беделді сарапшылардың алдында қорғап шықты. Қазақы ауылда туып-өскен ұлт кадры үшін осының өзі ерлікпен пара-пар екені түсінікті. Намазалының іргелі ізденістерін әуелі орыстар мойындады. Әйтпесе, күні кеше өзінің аға деп жағалаған үлкендері мұны аяқтан шалып, тобықтан қағып, қолбала еткісі келгендері рас. Ол өзінің алған бағытының, ұстанған жолының дұрыс екенін Мәскеуге барып дәлелдеді. Сары сөмкесін арқалап, Алматы мен Мәскеудің арасын жол қылып жүрген Намазалының сең соққан балықтай сенделген күйіне талай куә болғанбыз. Сыр бермеген шақтарына сүйсініп, сабаз-ақ екен дескенбіз. Қажырлы еңбек қайырын берді. Жүздеген шәкіртінің алдында жалықпай дәріс оқыған досымыз доктор да болды, профессор да атанды. Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, Президент сыйлығының иегері, екі академияның толық мүшесі болып үлгерді. Кеше ғана өзі оқып шыққан журналистика факультетінің деканы болып ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Университеттің проректоры болып, қара шаңырақтағы тәрбие жұмысын жолға қоюға көп үлес қосты. Талай жас ғалымды қанатының астына алып, ғылым соқпағында сүрінбеуіне бас-көз болды. Бір қызығы, Қазақстанның қай облысына, қай ауданына барсаңыз да Н.Омашұлының шәкірттеріне жолығасыз. Бәрі де оны ризалықпен еске алып жатқанда, ішіңіз жылиды. Намазалыны ұстазым деп мойындайтындардың, оның алдын кесіп өтпейтіндердің арасында министр де, профессор да бар екенін көзімізбен көріп жүрміз. Ғылымның түбін түсіріп, зерделі зерттеулер жазған Нәкең дәріс оқуға келгенде де майталман. Ана бір жылы Семей университеті арнайы шақырып, құрметті профессор атағын бергенде қасында болған едік. Құрметті профессордың келісті шекпенін киген Н.Омашұлы үлкен аудиторияның алдында дәріс оқығанда, мәселенің егжей-тегжейін санаға құйып жіберетін ғалымның парасат-пайымына да, шұрайлы тіл шеберлігіне де қайран қалып, қол соғып, қуанғанбыз.
Сөйтсек, өмір ағымын жіті бақылап отыратын Намазалы журналистиканың кәсіп ретінде де, ғылым ретінде де жаңарып, жаңғырып келе жатқанын жете зерделеп, әлемдік ақпарат кеңістігіндегі жылт еткен жаңалықты төл топырағымызға сіңіру үшін қажырын жұмсайды екен. ЮНЕСКО-ның Орта Азия мен Қазақстандағы тұңғыш кафедрасын ұлттық университетімізде аштырып, өзі соның жалғыз профессоры болып сайлануында да осындай мән жатыр. Ақпараттық технологиядағы ілгері өзгерістерді осы кафедрада орнықтыру арқылы жас журналистерді әлемдік деңгейдегі кәсіби шеберлікке баулу дәл осы азаматтың еңбегі екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Біздер, әріптестері, “е, өзіміздің Намазалы ғой” деп жүргенде, ол осылайша халықаралық деңгейдегі абыройға ие болып, уысымыздан шығып кетіпті. Баяғы аяқтан шалушылар шаң қауып қалды. Әйтпесе, Ресей мен Американың, Франция мен Канаданың жоғары оқу орындары оны ат жіберіп алдыртып, айлап дәріс оқытар ма еді. Озық ойға, зерек зердеге, бай тәжірибеге қызыққан соң, ақшасын да, басқасын да аямайтын болу керек.
Сөйтіп, сөздің басын қайта түгендесек, осыдан 40 жыл бұрын сомбреросын желкесіне киіп, гитарасын асынған, аптығы басылмаған қалпында оқуға келген бозбала Намазалы бүгінге танымал журналист, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, бірегей білімпаз кейпінде жетіп отыр. Бәрі еңбектің, ізденудің арқасы. Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы университеттің жанынан журналистика мәселелерін зерттеу институтын ашып, директоры ретінде енді соның кем-кетігін түгендеумен табанынан таусылып жүрген профессор Омашұлы бұл жаңа жұмысты да жеріне жеткізеріне күмәнданбаймыз. Өйткені, қазақта бұл салада қазір одан білгір, одан алғыр ешкім жоқ.
Жүрсін ЕРМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.