• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2017

Қазақстанда халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

464 рет
көрсетілді

Бүгін Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығы полигонында ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орайластырылған халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылу рәсімі өтті.  

Жыл сайынғы әскери-патриоттық жастар жиынын өткізудің негізгі мақсаты әскери қызметті насихаттау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін арттыру, әртүрлі елдердің жас армияшылары бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады.

Биыл аталмыш әскери-патриоттық жиын алғаш рет Халықаралық деңгейде, Ресей Федерациясынан келген команданың қатысуымен өткізілгелі отыр. Сондай-ақ, жиын бақылаушысы ретінде Өзбекстаннан арнайы қонақтар шақыртылған.

​Биылғы жылы жиынға 600-ден аса қатысушы қатысуда.  Олардың қатарында республика өңірлеріндегі әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, Астана, Шымкент, Алматы, Қарағанды қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектептерінің, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің, Павлодар қаласындағы әскери мектеп-интернатының, Семей қаласындағы мамандандырылған «Жас ұлан» ер балалар мектебінің тәрбиеленушілері және Ресей Федерациясы Орынбор президенттік кадет училищесінің тәрбиеленушілері бар. 

​«Айбын» жастар жиыны маусымның 13-і мен 17-і аралығында төрт күнге созылады. Жиын бағдарламасына «Білімдар» зияткерлік ойыны, өз жетістіктерінің көрмесін өткізу, өңірлер мен оқу орындарының таныстыру рәсімі, роботты техника бойынша «Менің роботым» байқауы, әскерилендірілген кросс, арқан тарту, пневматикалық винтовкадан оқ ату, «Айбын дауысы» фестивалінің мега-арты, пейнтболды командалық құрамда ойнау, әскерилендірілген эстафета және «World of tanks» компьютерлік ойыны енгізілді. Жиын барысында балалар бірегей дайындық мектебінен өтіп, қазақстандық армияның заманауи техникасы мен қару-жарағын тамашалап, өздерінің күштері мен мүмкіндіктерін сынап көреді. Сондай-ақ тәжірибе жинақтап, жаңа достар таппақ. 

Мирас Асан, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы.