Жас босанатын келіншек бөлімшенің табалдырығын аттамай жатып, баланы кесарьмен алыңыздар деп бебеулеп есті шығарады, себебі интернеттен ондай отаны 3-4 рет жасауға болатынын оқып алған. Жанын ауыртқысы келмейтін әйелдер көбеюде. Толғақсыз бала өмірге келе ме, операцияның аты операция, ең дұрысы табиғи жол емес пе, ал олар кесарь тілігін жаса деп талап қояды, біздер 10 пайыз мүмкіншіліктің өзін пайдаланып, табиғи түрде босандырып алсақ дейміз. Қазақ толғақты «ұмытшақ ауру» демей ме, қандай қиналса да нәрестені қолына алып еміренгенде барлығы ұмытылады емес пе?! Әрине, табиғи жолмен туу мүмкіндігі болмай, ана мен баланың өміріне қауіп төнген жағдайда, басқа лаж болмағанда ғана барып тілік жасаймыз. Біздің бүгінгі қоғамдағы бір өкініш – қызын, ия келінін босануға дайындайтын аналар сирек дегенінде, анам Күләнда Бөкешова айтқан мына бір әңгіме еске түскен. «Жалпы, қазақ енелерінің келіндеріне қалай қамқор болғанын негізінен ғылыми түрде зерттеу керек. Есті ене жаңа түскен келінін тәрбиелеп қана қоймай, оның жүріс-тұрысына зер салып, тәбетінің айрықша неге тартатынын, неге ұйқышыл болып кеткенін немесе ас батпай құсаған тартқанын байқап, келінінің жүкті екенін оның өзінен бұрын біліп қоятын болған. Ал аяғы ауыр келінге мүлде бөлекше қарайды. Ел ішіндегі жаман нәрселерді келіннің естімеуін, оған көз салмауын қадағалап: «Шырағым, іштегі бөпең не нәрсеге қатты зер салсаң соған ұқсап кетеді», деп ақырын ескертіп, ештеңеден шошып қалмауынан бастап, етегін бүрген көйлек кигізіп (түсік болмасын деп), толғақта бала көлденең келіп қалмасын деп жолағы көлденең түскен киім кигізбей, жерік асын тауып жегізіп, туғаннан соң қырық қүнге дейін қолын мұздай суға батырғызбаған. Тіпті, таңғы елең-алаң мен кешкі ақшам кезінде аяғы ауыр және жас босанған келінді жалғыз далаға да шығармаған. Ондай мезгілде түрлі жын-перілер жүретін уақыт, олар аяғы ауыр әйелдің 9 ай бойына осалдығын біледі, қағып, соғып, тіпті желпіп өткенінің өзі қиын болады деп қамқорлыққа алатын. Менің өз енем солай бағатын. Бір баламды жаймашуақ жаз айында туып көрмеппін, ылғи бір қақаған қыста, үскірік аяздарда босанамын, сонда енем: «Қалилан әжем қыста 40 күн бойына далаға шығармай, ауызғы бөлмеге шелек қойып, дәретіме дейін төгетін. Қысылғанымда: «Тәйт әрі, қазір балбырап тұрсың, осы күндері күтінбей, кейін іріп-шіріп жатайын дейсің бе, 40 күн ғана, сосын үй-күйіңнің бар шаруасы мойныңа артылады», дейтін. Қай халықтың да өз дәстүрі, ғұрпы бар, соны жоғалтпай, тамырынан нәр алғандай дамыта түссе қандай болар еді. Сонау бір жылдары, кеңес заманы тұсында Арқалық қаласында тәрбиеге қатысты ана мен бала жөнінде жиын өтіп, шешемді сол шараға шақырды. Көп жылғы ұстаздық еңбек өтілі бар анама жиында сөз берілгенде: –Айналайындар, тәрбие бала дүниеге келген сәттен басталады. Баяғыда ел ішінде үлкендер жағы біреудің ісіне көңіл толмағанда, жарымағандық бір жаман қасиет көрсе «Уызына жарымаған неме» деп олқы түскен тұсты солай білдірер еді. Ал қазір сендер өзгенің әдісімен балаларды туа сала анасынан бөліп аласыңдар. Анаға екі-үш күн шарананы әкелмей қою – баланы уызынан айыру. Нәрлі де қуатты қою уызды ембеген нәресте әлжуаз, ал анасы «мастит» деген бәлеге тап болады. Аузына шыныға сүт құйып тосасыңдар, ал туғаннан бөтелке емген бала, ертең өскенде бөтелкеге құмар болса оған таңданасыңдар келіп. Туа сала ананың сүтін ішпеген бала ата-анаға мейірімсіз тасбауыр болып, қартайғанда қарттар үйіне тапсырмағанда қайтеді? Алдымен, баланы туа сала анасымен қауыштыру керек, уызына тойдыру керек, сонда дұрыс ұрпақ тәрбиеленеді» деген. Кейіннен тура осы тәжірибені дәрі- герлер «америкалық тәсіл» бойынша ананы баладан бөлмеу қарастырылған» деп, бұлжытпай орындағанын көргенде, анамның өзі кереметтей жақсы көретін халқының өзінен гөрі өзгені көп тыңдайтын мінезіне қынжылғаны есімде. Рухани жаңғыру – бастауыңа оралу деген сөз. Біздің балаларымыз бай дәстүрді білмей, интернетті ата, әже етіп, жаңа дәстүр қалыптастырып жатыр. Әрине, ғаламтордың пайдасы мол, оны еш жоққа шығармаймыз, алайда тамырдан алған нәрге ештеңе жетпейтінін есте ұстасақ.
•
19 Маусым, 2017
Интернетке иліге беруге болмайды
444 рет
көрсетілді
Өткен жолы Астанадағы «Ана мен бала» орталығында дәрігер Қарлығаш Төлеубайқызымен әңгімелесіп қалдық. Сонда жүктілік патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі ақпарат қолжетімділігінің кейде пайдасымен қатар зиян екенін айтып қалды.