• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Театр 19 Маусым, 2017

Ашық аспан астындағы «Аида»

528 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» театры «Қазақ әуендерімен» бірлесіп, Бейбітшілік және келісім сарайының алдында Дж.Вердидің «Аида» операсын сахналады.

Бейбітшілік және келісім сарайы Мысыр өмірінен алынған опера үшін табиғи пирамида ретінде қолданылды. Сахна пи­рамиданың дәл алдына орнатылып, алып бағаналар мен тас мүсіндердің декорациясы спек­такльдің көркемдігін асырды. Әйгілі композитор Джузеппе Вердидің «Аида» операсы әлемдік танымалдыққа ие туын­дылардың бірі. Мысыр мен Эфиопияда өткен тарихи оқиғаларды, яғни соғысты арқау еткен туындының негізгі тақырыбы – махаббат. Эфиопия патшасының Мысырда күңдікте жүрген қызы Аидаға сарай күзетінің басшысы Радамес ғашық болады. Ал Радамеске Перғауынның қызы Амнеристің көзі түседі. Екі ғашықтың бірге болуына кедергі келтіреді. Операда басты рөлдегі осы үштіктен басқа Перғауынның, абыз Рамфистің, Эфиопия патшасы Амонасроның рөлдері бар.  Аиданың рөлін Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері Жұ­пар Ғабдуллина, Амнеристі Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хам­зина және Радаместі бол­гариялық тенор Камен Чанев ойнады. Сондай-ақ, Египет патшасын – Болат Есімханов, Абыз Рамфисті – Ар­ме­­нияның халық әртісі Бар­сег Туманян, Аиданың әкесі, эфиопиялық патшаны Талғат Мұсабаев сомдады. – Бұл мерекелік спектакль ЭКСПО-2017 іс-шаралар тіз­іміне енгізілген. Ашық аспан астындағы опера – біз үшін ай­тарлықтай жаңа жанр. Біздің негізгі мақсатымыз – жастарды өнерге баулу, асқақ өнерді насихаттау. Сахналық бұйымдар заманымыздың әйгілі сценографы және режиссер Франко Дзеффриреллидің үлгісі бойын­ша жасалды, дейді ұйым­дасты­рушылар.  Айта кетейік, операның қою­шы режиссері әрі сценографы – Франко Дзеффирелли (Италия), костюмдер бойынша суретші – Маурицио Милленотти (Италия) және дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. 

Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген  Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»