• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Театр 19 Маусым, 2017

Шыңырауда шыңдалған ғұмыр

1302 рет
көрсетілді

Маңғыстаудың Н.Жантөрин атындағы облыстық драма театрында Әбіш Кекілбайұлының повесі желісімен Саха Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі режиссер Быйаман Уола Сэргэ Обокуун (Сергей Потапов) сахналаған «Шыңырау» драмасы Үстірт даласындағы құдықшылық кәсіптің қыр-сырын сипаттайды. «Сахнадан сәлем!» халықаралық театр фестивалі аясында қойылған сахналық туынды негізінен халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеуімен құнды саналады.

Әбіш ағамыздың «Шыңы­рау» хикаятының сахнагерлер назарына ілігуінде үлкен мән бар. Әуелім, шығарма өмірде бол­ған оқиғаның ізімен жазылған, қойылымдағы басты кейіпкер тек Еңсеп қана емес, сонымен қатар ол шөлді өңірдің тылсым сырларын меңгеріп, ұрпағына мирас етіп қалдырған барша құдықшылар прототипінің жиынтығы болып саналады. Кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ туған жердің қадір-қасиетін сезінуі үшін жеті қат жер астынан тіршілік көзін іздеп, Үстірттің үмітін үзбеген мұндай сирек тағдырлардың тарихтағы тағы­лымды іздерін ешқашан ұмыт­паулары тиіс. Бұл ретте шығарма мұраты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы идея­сымен тұтаса сабақтасып жатыр деп айтуымызға болады. Шығарма көрерменге терең ой салып, табысқа қол жеткізу үшін адамға тек адал еңбек ету ғана емес, ой-пікір тереңдігі, иман мен ниет тазалығы қажеттігін алға тартады. Қозғап отырған әңгімесі өткен ғасырдың еншісіндегі кәсіп туралы болғанмен, тарихи шығарманың ескірмейтін, ертең­нің мұратымен жалғасып кете баратын жақтары басым. Жас өркенге Маңғыстаудың шөл­станнан гүлстанға қалай айнал­ғанын көрсету үшін хикаяттың сахналық туындыға айналғаны құптарлық әрекет деп санаймыз.  Спектакльдің басты кейіпкері – Еңсеп (рөлді сомдаған әртіс Айбек Иманқұлов). Ол жапан түзде талай құдық қазып, елінің мейірін қандырып, мерейін үстем еткен жан. Байсал бай Ең­сепке Үстірттегі ең шұрайлы жерден құ­дық қазып беруге өтініш жасайды. Бір-екі ақсақал тастақ жыраның құбыла бет құрамын қолайлы көретінін айтады. Еңсеп құлақ аспайды. Еңбекке жарамды нарларды таңдап, құдық қазуға кіріседі. Шыңырау түбінде түрлі ойға шомып, кейде балаша шаттанса, енді бірде қорқынышқа бой алдырады. Қошемет-қолпаш Еңсепті тас қараңғы қапасқа талай мәрте тірідей тұншықтырады. Бас­тапқыда жұртқа құдық қазып берсем, олар менің бұл ісіме қуанады, шаттыққа кенеледі деп түсінеді. Алайда, ажалмен бетпе-бет келген сайын бұл райынан қайтып, ойы мүлде басқа ауанға ауысады. Әр шыңыраудың соңынан маңырап алдына мал біткенмен, соңынан ерген сөз одан асып кетер еді. «Құдық біткен күні жанына кеп: – Апыр-ай, мына байда иман жоқ екен, жетпіс құлаш шы­ңырауға бар болғаны жетпіс тоқты айдатыпты-ау, – деп сыбырлап қалатындар араға айлар салып өзі келеді. – Еңсепжан, біз анау пәлен­ше бай емеспіз. Ақыңды же­мей­міз. Ернектің үстінен шыңы­рау қазып берсең, жүз тоқ­тыны алдыңа саламыз, – деп қол­қалайды». Ал спектакль соңы Ең­септің өліміне қарамастан оптимистік ырғақта аяқталады.  «... Содан бірнеше жыл бойы қанды құдықтың маңына ел жола­мады. Біреулер құдықтың перісі бар екен, Еңсепті ұстап қалыпты десті, енді біреулер о жердің астында айдаһар бар екен, бірде құдықтың аузынан басын шығарып тұрғанын өз көзімізбен көрдік деп соқты. Арада әлденеше жыл өтті. Жер астынан шыққан айдаһар кө­рінбеді. Бір-екі жүрек жұтқан жігіт барып қауға салып еді, мөп-мөлдір тұщы су шықты. Ақсақалдар әрі ақыл­дасып, бері ақылдасып, молда апарып, кітап ашқызып, дұға оқытып, құдықты жын-періден аластады. Шегендеді... Тусырап жатқан өңір суға қарық болды да қалды. Жаңбырсыз жылдары қанша шыңыраудағы су тартылғанмен, ол лықылдайды да жатады. Біреулер қауға түсіріп алса, артынан сонау көк теңіздің жағасындағы ақ тұмсықтың астынан табылыпты. Енді жұрт бұл құдықтың суы сонау ұлы теңізге барып құяды екен десті».  Көненің көзіндей сақталған сол құдықтардың жұрнағы күні бүгінге дейін Үстірттің үстем үнін биіктетіп тұр екен. «Қараш қаз­ған» құдығының бүгінде құр атауы қалған десеңіз, қателесесіз. Жұбан ақын: «Құдықтың түбі қатыгез, Өртенген шөлдің өзін­дей» деп жырлағанындай, мұнда аңызақ даланың аңыз-әпсанасына айналған небір сырлы дүниелер көп сақтаулы. Маңғыстау десе, бүгінде шөлдегі салқын бұлақты, жасыл шөпті шұраттар, Бекет ата, Шақпақ ата, Ұлы Шерқала, Үстірт, Сұлтан-эпе сияқты сан-сапат тарихи-мәдени ескерткіштер атауы жа­дыңда жағалай жаңғырады. Ал енді осыған дейін бұл өңір­дің тарихында не болған, мұн­шама мол қазына қалай сақталған, халқы сусыз қайтіп өмір сүрген, салт-дәстүрі, ән­дері мен күйлері қандай десек, бұл құндылықтардың қыр-сы­рына қапысыз қаны­ғу үшін Ә.Кекілбайұлы шығар­мала­рының шыңырауына түсіп шы­ғуыңызға тура келеді. Мұнда спек­такльдің діңгегін құлатпай ұстап тұратын құдықшылар тір­шілігі шынайы сезімде өріледі.  Автор туындысындағы құ­дықшы Еңсептің бейнесімен бетпе-бет келген кісінің толға­ныс­пен жеткізілген кейіпкер тебіренісіне, селкеусіз сезім-күйіне таң қал­мас­қа лажы қал­май­ды. Құдық шы­ңырауында шың­далып көрмеген адам оның түбіндегі жанталасқан өмір арпалысын, тіршілік көзін табушының ой-толғанысын, жарық дүниеден жанұшыра құлдилап бара жатқандағы жанайқайын қалай дәл тауып бере алған деген сауал сананы сағымдай баурайды. Мұның бәрін қаламгер өзінің өн бойынан өткізгендей, «Көзін құдықта ашса да, жер астына әр түскен сайын бір жас қартайғандай болады. Аяғының астында, сонау көзге түртсе кө­рінбес қара түнекте, ол өмірі көрмеген бір дүлей аранын ашып, тісін сақ-сақ қайрап тұрғандай ту сыртына мұздай тер шығады. Қашан аяғы жерге тигенше төменге бір қарамайды, көзі көкте болып, жаңа ғана артында қалған жарық әлемнің сонау бір алақандай жұрнағына телмірумен болады. О да барған сайын кішірейе түседі. Құдықтың аузындағы жігіттер шыңыраудың түбіне бір тал шаштай болып, сымша тартылып созыла түскен жіп-жіңішке қыл арқанның ұшына жармасып, тырбаң-тырбаң етеді...» деп кейіпкер шерін қалай нанымды суреттейді десеңші? Бұл тұрғыда, сахнагерлердің түпнұсқаға нұқсан ти­гізбеу мақсатында көкейге қо­нымды форманы таңдағандары риза етті.  Фестивальдағы басқа туын­дылардан спектакльдің бір саты жоғары тұратын бас­ты ерекшелігі де осында. Мұнда оқиға баяндау сипатында өріледі. Диалог жоқтың қасы. Ойнап жатқан рөлінің әрекетін әртістер сахнада өз­дері дыбыстап, сөз өнері ба­сым­дық танытып тұрғанмен, көркемдік кескін көмескі тартып қалмайды. Әрдайым ұлттық дәстүрлерді алға оздыруға көбі­рек мән беретін режиссер Сергей Потаповтың бұл жолы да бабалардың байырғы ізі­нен өрнек іздеуі сүйсінтеді. «Шы­ңырау» деген атауының өзі көп жайтты аңғартқандай, спек­такльдегі құдықшылардың тауқымет-тіршілігі мен ауыр мехнаты, Құлжанның, Дәржан­ның, Еңсептің қазалары қалың бұқараны қамықтырып тастауы керек емес пе? Алайда, режи­ссердің кәсіби шеберлігінің арқа­сында еңсені езетін ауыртпалықтар екінші орын­ға ысы­рылып қалып қояды да, алдыңғы планға халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері, әні мен әуені озады. Құдық түбіндегі өзекті ашытар ащы мұңды қазақы сауық-сайранның шалқар саздары басып кетіп отырғаны байқалады.  Жалпы, кез келген шығарма басы бүтін тек қуанышты оқи­ғадан, яки болмаса өкініш пен күйініштен құралмайтыны мәлім. Мұны айтып отырған себебіміз, режиссер құдықшы шеккен азапты сахналық туын­дының басты арқауы еткенмен, драманы өмірдің өріне жеңіл дөңгелентіп алып шығуды мақсат тұтқан. Ол жазушының айшықты, бедерлі ойларына көбірек арқа сүйейді. Мысалы, онда: «Алпыс үй ақ төс Арын атанған ауылдың жігіттері ылғи сән түзеп, ауыл қыдырып, ат үстінде жүрер еді. Шетінен Орынбордың қара мандаласынан тіктіріп, қынама бешпет киетін-ді; омырауларын ашық тас­тап, ақ шәйі көйлектері анадайдан жарқырап келе жатар-ды. Олар не торы, не қара, өңшең сүлік сұлу ат мініп, төстері жар­қырап жал басына шыға келгенде, қапелімде қай-қай ауыл да сасып қалар-ды... Арын аулының жігіттері аттарынан да сәнмен түседі, тізелерін бүк­пейді, тізгіндерін ұстап, қол­тық­тарынан демейтін – ауыл иелері. Қашан аттанып кеткенше көліктің жайы­н сұрамайды. Мамық төсектің астында сынық арпа жатса, бірден біле қояды» деген жолдар бар. Тап осы суретті сахна тілімен өрудегі ре­жиссер шешімі көңіл сергітеді.  Өзен-көлі жоқ қу медиен даланың төсінен тіршілік көзін табу – екінің біріне бұйыр­маған кәсіп десек, ол үшін құ­дық­­шыңызға Құдай тағала маңдайдағы көзіне қоса түйсік көзін сыйлаған, сондықтан шыбын жанын шүберекке түйіп жер астына түскен пендесін ауыл-аймақ қастерлеп, тегін адам еместігін мойындаған. Таби­ғаттың терең сырларын меңгеріп, ұрпағына кәсібін мирас етіп қалдырған Еңсеп секілді қан­шама тағдырларға қойылған рухани ескерткіш арқылы біз де құдық қазу өнерінің жүрек дүрсіліне бір сәт құлақ түргендейміз.  Сонымен қатар, осы спек­такль­ге қазақы салт-дәс­түр­­ге бай Маңғыстау өңі­рі­нің эт­нографиялық нақыш­тары­ның орамды кіріктірілуі, жергілікті жердің музыкалық төл қазынасымен әспеттелуі қуант­ты. Шіркін, осы спек­такльді мектепте, ЖОО-да оқи­тын жастар көрсе ғой. Әсіресе, бұл олардың тіл байытуларына үлкен сабақ болар еді-ау. «Шыңыраудан» «шеген», «ернек», «түнемелік», «құлама», «кә­теп», «қом», «шығыр», «әй­кел» тәрізді әдеби сөздердің кеніне кезіккенде туған ой ғой бұл. Шара соңында теат­р директоры, мәдениет қайраткері Нұрнияз Мұхановты әңгімеге тартқанымызда, қойылымның тәрбиелік мәні зор болғандықтан, елорда тойына тарту ретінде алып келгендіктерін айтты. Сах­надан сабақ алғанға не жетсін!

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»