Қырыққыз...
Тау өзені күркіреп ағады. Таңғы лекіген самал аңғар табанынан естілген әдемі сарын әуені көктемгі өскінді жамылған өңірді әлдилей түскендей. Ауыл ортасындағы тас жолмен келдім де қырды бетке алып төтелей тарттым. Мамырдағы ұйытқып соққан жел үрлеп көкорай өңірді әдемі қалыпқа келтірген. Қыр басындағы жалғыз түп қара ағашты меже тұтып ілгері адымдай түсемін. Сол қара ағашқа жетсем, айнала түгелдей көрінердей, ынтықтырған әсерлі сурет өзіне жетелейді. Күні ертең құбылып тұрып соғатын алтынкүректің лебін сезгендей, шалғын майса толқи түседі. Етіктің ебедейсіз табанына әзер дегенде дес береді. Беткейдегі толқыған көк майсаға бұрыла бір қарап қоямын. Азғантай үйлі ауыл тым төменде қалыпты. Әр жер-әр жерден көтерілген түтін тіршіліктің тынысын тарылтқандай.
Шіркін, жалғыз түп қарағаш жеткізер түрі жоқ. Жасыл беткеймен шалғынды кешіп жүріп қанша жерге жеткеніңді де білмейсің. Алыстан көз қарықтырған мұзарт шыңдар бағанағыдай емес, тым биіктей түскендей, бір қарағанда тым жақындай түскендей. Ал етектегі тау өзенінің күркірі еміс-еміс талып естіледі. Сонда ғана білесіз, ауылдан алыстай ұзағаныңды сезінесің. Беткейге өрлеген сайын маңдай тірер қарағаш әлі де әудем жерде екені еңсені басардай, дегенмен діттеген межеге жетпей қайтуға тағы болмайды. Себебі, қайбір жылы Өгем тауына қос атпен жол тартқанда маған серік болған қара шал екеуміз қия беткейдегі сүрлеумен келіп, асудан әупірімдеп асып, жақпар тастарын көрсетіп, тамсана әңгіме бастаған. Сұлу табиғаттың керім келбетіне қызығып, байқамағанбыз-ау. Сұқ саусағын бағыттаған жаққа назар аудардым. Алдымен жасыл беткейде шошайған жартастар айрықшалана көрінді.
– Сол, шырақ, – деді, сосын тұқшыңдап жан қалтасынан әлденені іздеп әлек болды да қалды. – Жаңа кемпірі түскірге сөйлеп жүріп ұмыт қалдырдым ба екен, а, қайда кете қойды.
Біз аң-таң күйде қара шалға бұрылдық
– Не болды, ақсақал?
– Е..е, мына қуысқа түсіп кетіпті ғой, шақшамды айтам да.
Ақсақал өз қылығына өзі күлді. Кеңк-кеңк еткен күйі қоңырқай тартқан шақшаны алақанына ұрғылап, үш-төрт түйір насыбайды асықпай саусағымен бір жерге жинады. Әлде уақытта баппен еріннің астына тастады. Ақсақалдың әрбір қимылын қалт жібермей қараймын. Қайдан келе қойдық дегенде ой да келді. Алма ағашының көлеңкесінде орталыққа кеткен көлікті күтіп қала берсек болмас па?!. Әп-сәтте аттарды ерттеп әкелген күйі жүр-жүрдің астына алған. Тауды көрсетем де қайтып келеміз дегеннен кейін үзеңгіге аяқ салғанбыз. Енді насыбайға елтіген шалдың жүзіне қарап отырмыз.
– Бұл өзі қызық, шырақ, кәдімгі жартас деп қарайсың ғой, – деп бір қойды. – Осы жерден бағамдап көрші, құдды қыздың кейпі, әне, дұрыс айтып отырмын ба?
Ақсақал көз ұшындағы жартастарға назар салған сәтімізде әңгімесін асықпай жалғады.
– Қыз дейсіз бе, қайдағы қыз?
Сауалымызды күткен жоқ-ау, екілене қызып кеп берді.
– Шырақ-ау, қайдағы қыз дейсің, әне аңғара қарашы, жалғыз емес қой, қырық қыз. Ерте, бағзы бір заманда осы таудың қойнауында отырған бейкүнә ауылды жау шабады. Әп-сәтте азан-қазан болып, арындаған аттылардың ойранынан шаңырақтары ортасына түскен ауыл тұтқиылдан келген жаудың табанына тапталып шыға келеді. Ұзын сәскеде тау беткейіне гүл тере шығып серуендеген қырық қыз қас қағым сәтте қыран-топан қырғыннан күлі аспанға шыққан ауылын көреді. Даланың бұла өскен ерке сұлулары не істерін білмей абдырап қалады.Тобыр жауға қылар дәрмен жоқ. Шаңырағы құлап, керегесі сынған ауылға қимастықпен қарап, жанарларына жас алады. Қызылды-жасылды киініп, беткейді әсем өсиетке бөлеген қырық қызды байқаған жау екпіндеп ендігі кезекте жапа-тармағай тауды бетке алады. Қыздар ауылға қарай түсіп, жауға қарсы келсе, күң болатындарын біледі. Опат болған ағайын-бауырды сыңси жоқтаған күйі тау басына қарай қашады. Жау жақындап қалады. Қанды қол арамзаларға арын сатқаннан, адал, пәк күйінде тас болып қалғандарын тілейді. Сол ақ тілектері орындалып, әрқайсысы тас болып қалған деседі. Қырық қыз... қырық жартас. Тау басына өрмелегендей кейіпте қызылды-жасылды қыздардай киінген түсте көз арбаған қырық жартас мәңгілікке қалып қойыпты. Жарықтық ерте көктемде алақат беткейде сол қырық қыздың сыңси салған әні естіліп тұрады деседі...
Қара шал орнынан түрегелді де қиыршық тас арасынан қайнап шығып жатқан бұлақ суына қолын шайып алақанымен көсіп алып бір ұрттады. Біз де бағанадан отырып шөліркіген таңдайымызды жібіттік. Сосын аттарды осы жерге қалдырып құз беткейіндегі сүрлеумен тау басына өрмеледік.
Тағы бір таңданарлық нәрсе жұмбақ сыр бүккен жартастың түбінен бүлк-бүлк қайнаған бұлақтың бастауы бұралаңдай ширатыла келіп, екінші жартастың жанына сіңіп кететіні қайран қалдырады.
Неге екенін кім білген, алақат беткейде сыңсыған сағыныш әуені құлаққа үздік-үздік талып жетеді деседі...
Қырыққыз...
Қара шалдың сондағы әңгімесі дәл бүгінгідей ойға оралады.
Жотаның басына таяу қалғанымды білдім, өйткені көкорай шалғынды өңір әдемі түр алып әдемі кейпімен құлпыра бастаған. Сосын тіктеп қарсы алдыма қараған едім. Діттеген қарағаш қол созым жерде тұр. Алатаудың аппақ мұзарт шыңдары кербез келбетімен көз арбайды. Сол сырбаз кейіпке жасыл шыршалардың әдемі өрнегі өзгеше сән бергендей. Таулы өңірдің керім суреті сұлулықтың тылсым әлеміне ынтықтырып барады. Асқар шыңның қалқасынан күн көтеріліп келеді. Табиғаттың жанар қарықтырған әсем көрінісі нұрлы шуаққа малынып, бұрынғыдан бетер құбылды. Ен сұлулықтың арасынан Өгем тауды іздедім. Әне, әне, қарақыз, шошақ жартастар сәукеленген қалпы бастары қылтиды. Алға қарай ентіге адымдадым. Жота басындағы қарағашқа жетсем, алақандағыдай анық көрінері айқын. Асыққан сайын құлаққа беймәлім бір ызың келетіндей. Жел көтерілгені ме, құдай-ау, үздігіп алтынкүрек соғады ғой. Лекіген самал әкелген ызың ба, құлақ тұсымда белгісіз бір әуен тұрып алды. Жота басына жеттім, қарсы алдымда еңселі қарағаш тұр. Мың сан бұтақтары жермен тербеле билеген қарағаш көгілдір аспан астында нарттай қызарып бой тіктеген жартастардың өзгеше көркіне қуана толқыған қарағаш, жота басында жападан жалғыз тұрып сидиған бұтақтары бірін бірі түрткілей сыбдырлап, өзімен өзі сыр бөліскен қарағаш мәз-мейрам дерсің.
Неге екенін кім білген, жота басында әлдеқайдан сызылтып салған беймәлім әуен естіледі деседі...
Қырыққыз..
Қарағаш түбінде тұрып жанар арбаған Қырыққыздан назар алмаймын.Тас екен деп ойламайсыз. Түрлі кейіпке түскен қырық қыздың қылықты бейнесі. Қай жылғы қара шал қамшысымен түртпектей жүріп көрсеткен сандықтас, дөңгеле жайылған дастарқантас, шебердің қолынан шыққандай өрнектелген әшекей тас көз алдыма келді. Оларға қарап қара шал ел аузында жүрген бір аңызды әңгімелеп берді:
Тау қойнауындағы ауылда дәулетті шаңырақ иесі жалғыз қызын сән-салтанатпен күйеуге ұзатқалы жатыпты. Сүйген жігітін күтіп, өзінің құрбыларына той жабдығын ерекше ықыласпен таныстыра бастайды. Күйеу жігіт келер уақыт болды-ау дегенде қырға шығып байқап көрейік деп тау басына көтеріле бергенде, тұтқиылдан шыққан жаудың қоршауында қалады. Тауды тербеткен әдемі әуен мен сыңғырлаған күміс күлкі сап тыйылады. Сүйгеніне ұзатылғалы отырған бекзада бойжеткен жанындағы отыз тоғыз нөкерімен қосылып сыңсығанда тосын үннен жау да абдырап қалады. Сыңсып тұрып бөтенге күң болғанша, тасқа айналып кеткендерін тілейді. Жаны таза, көңілдері пәк, сүйгеніне адал қыз құрбыларыммен бірге сол күйлерінде тасқа айналған деседі...
Қырыққыз...
Тау аңғарынан аңқылдай соққан алтынкүрек желі тас мүсіндердің арасынан Қырыққыздың жұмбақ сырын ұрлаған күйі үзіп-үзіп жеткізетіндей, әуезді үн құлақ түбінде тұрады. Оған жота түбіндегі жалғыз түп қарағаштың мың сан бұтақтарының сыбдыры қосылады.
Ерте көктемде көкорай жотаның басында әлдеқайдан естілетін сыңсыған сырлы әуен сол шығар да...
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы