Жаңа кәсіпорын қазақстандық мұнай химиясы өнімдерін шығармақ. Бұл өнімдер мұнай-газ секторында қызмет етуші компаниялардың қажетін өтейтін болады. Яғни зауытта мұнай мен суды тазартуға арналған қоспалар, мұнай-газ саласындағы технологиялық құрал-жабдықтың пайдалану мерзімін ұзартып, қорғайтын химиялық өнімдер шығатын болады.
Алиреза Сайед Хосейнидің айтуынша, жаңа кәсіпорында заманауи қондырғылар орнатылып, қоршаған ортаға залалсыз, экологиялық ластаусыз жұмыс істейтін болады. Жақын күндері компанияның өндіріс алаңында мұнай реагенттерін синтездеп, тасымалдауға дайындайтын цех салынбақ. Қазірдің өзінде су мен мұнай негізіндегі технологиялық ерітінділерді шығаратын блендинг цехының инжинирингі толық әзір. Резервуар паркі, сақтаушы қоймалар және химиялық зертхана жобасы дайын.
– Жаңа жобамызға алғашқы жылы 2 млрд теңге инвестиция құйғалы отырмыз. Бұл – жоғары технологиялы өндіріс болмақ. Зауытта жылына 5 мың тонна арнаулы химиялық өнім шығарылатын болады, – дейді ирандық кәсіпкер.
Кәсіпорын жұмысын басқарып, құрылыс барысын бақылау үшін Алиреза мырза жақында Орал қаласына көшіп келмек екен. Компанияның даму бойынша директоры Ғайса Жұмалиевтің айтуынша, жаңа зауыт таяу арада мұнай-газ компанияларын Қазақстанда өндірілген жоғары сапалы химия өнімдерімен қамтамасыз ететін болады. Батыс Қазақстан облысының географиялық жағынан ыңғайлы орналасуы өнімді тасымалдау шығынын едәуір азайтады. Компания таяу болашақта ЕАЭО елдерінің нарығына өнім шығаруды да жоспарлап отыр.
Жобаның инвесторы ретінде таныстырылған ирандық Хонсари Мохаммад Али мұнай-газ химиясы өнеркәсібі саласында 50 жылдық тәжірибесі бар кәсіби маман екен. Жаңа жоба үшін қаржысы мен тәжірибесін қатар салып отырған инвестор бірлескен кәсіпорынның болашағы жарқын болады деген ойын білдірді.
Құрылысы Орал қаласының іргесіндегі Желаев кентінің өндірістік аумағында орналасатын жаңа зауытта 50-дің үстінде адам тұрақты қызмет жасайтын болады. Ғайса Әлібекұлы алғашқы кезде зауытта кейбір шетелдік мамандар қызмет еткенімен, кейін олардың орнына отандық мамандар оқытылып, алмастырылатынын айтады.
– «QazChem» компаниясының өнімдері осы кезге дейін шет елден алып келген импорттың орнын алмастыратын болады. Біз Ресей нарығына да шығуды көздеп отырмыз, – дейді Ғайса Жұмалиев.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
ОРАЛ