Отандық «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қоғамы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру бойынша еліміздегі көшбасшы үштікке кіретін болса, Губкин атындағы университет – мұнай саласы бойынша Ресейдегі маңдайалды жоғары оқу орны саналады. Тараптар геологиялық барлау және өндіру саласындағы жобалардың әлеуетін зерттеу үшін меморандумға қол қойып отыр. Атап айтқанда, Өзен және Қарамандыбас кен орындарын дамыту тұжырымдамасын іске асыру, аталған кен орындарына жақын аумақтағы 3D ЖТНӘ сейсмобарлау деректерін кешенді түсіндіру екіжақты ынтымақтастықпен жүзеге асырылады деп күтілмек. Сондай-ақ, екі тарап Федоров блогы мен Солтүстік Карпов блогының шегінде геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі бағыттауды таңдау және Каспий маңы ойпатының солтүстік бортында мұнай мен газдың келешегін негіздеу мақсатымен кешенді геологиялық зерттеулер жүргізуді қолға алмақ. Меморандумда геологиялық барлау және көмірсутек өндіру саласындағы технологиялық ынтымақтастықтың негізгі ықтимал бастамаларын анықтау бойынша пункттер де бар. Осы мақсаттар үшін екі жақ та геологиялық және өндірістік үдерістерді зерттеулердің нәтижелерімен алмасуға бағытталған кеңестер жүргізуге ниетті. 1930 жылы академик И.М.Губкиннің бастамасымен құрылған университет бүгінде бакалавриат, магистратура және аспирантура бағдарламалары бойынша оқытады. Дайындық курстары, докторантура және қосымша кәсіби білім берудің 250-ден астам бағдарламалары түзілген. Университеттің ең маңызды шетелдік әріптестері арасында Австрия, Франция, Норвегия, АҚШ, Германия сынды елдер бар дейтін болсақ, ендігі жерде меморандумның арқасында отандық мұнай саласының, яғни «ҚазМұнай ГАЗ «БӨ» АҚ мамандары осы университетте білімін жетілдіреді. Атап айтқанда, алдын ала сауалнама бойынша «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы мен «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының 115 қызметкері Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің геология, геофизика, кен орындарын игеру, ұңғымаларды жер асты жөндеу бағыттары бойынша оқытылатыны белгілі болды. Бұл оқыту бағдарламасы 2017-2018 жылдарға арналған. Ал қазіргі уақытта И.М.Губкин атындағы университетте «Ембімұнайгаз» АҚ пен «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың 5 қызметкері «Мұнай-газ ісі» бойынша магистратурада білім алуда. Қызметкерлердің жұмыс орындары мен лауазымдары сақталған.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»