Қыркүйек айына дейін ERG кәсіпорындарының 6500 қызметкері осындай шараға қатысып, топ құрамындағы мекемелердің келешегін айқындауға атсалысады. Олардың қатарында өндіріс озаттары, шежірелі еңбек әулеттерінің өкілдері, салаға еңбегі сіңген және тәжірибелі жұмысшылар, еңбек ардагерлері мен жоғары білікті және жас та белсенді мамандар бар. «ERG кәсіпорындарындағы жұмысшы кадрлар құрамы тұрақты толықтырылуы үшін кадрлық қамтамасыз етудің кешенді жүйесі жолға қойылған. Ол мектеп түлектерін кәсіби бағдарлаудан бастап, оқу орындарымен маман даярлау ісіндегі әріптестікке ұласып, кәсіпорындарда жұмысшы мамандар даярлау, кәсіпорындардағы жас мамандарды бейімдеу жүйесіне дейінгі сатыларды толық қамтиды. Біз бүгін одан әрі ілгерілеп – жеке корпоративтік академия жобасын жүзеге асыруға кірістік. Топта соңғы бес жылда, орта есеппен жылына 27 мың адам оқытылып келеді. Бұл компания кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген ұжымның тең жартысына жуықтайды. Осы уақыт аралығында ERG бұл мақсаттарға 2,6 млрд теңгеден астам инвестиция құйды», дейді Еуразиялық топтың кадрлық есеп, оқыту және персоналды дамыту департаментінің директоры Лидия Бендюк. «Командалық жаз-2017» бағдарламасы аясындағы шаралар тек оқытумен шектелмей, ЭКСПО-2017 көрмесін аралауды да қамтиды. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрмені бірінші кезекте еліміздің әр түкпірінен келетін отандастарымыз тамашалауы керектігін баса айтқан. «Алдағы үш ай ішінде әріптестерімнің Астанаға келіп, халықаралық жиынның куәсі бола алатыны ерекше қуантады. Олар мұнда әлемдегі озық шешімдермен, тың инновациялармен танысады. Компания қызметкерлерді іссапарға жіберу, жатын орны мен тамақтануын, көрмедегі өзге де шығындарды мойнына алды. Өйткені, адамдар – біздің басты активіміз. Еуразиялық топ оларды жан-жақты дамуға, еліміздің өміріне белсенді араласуға барынша ынталандырады», дейді топтың персонал және әлеуметтік жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Ирина Дәулетбақова.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»