Ұзын-сонар кептелектен, көліктің шуынан шаршаған қала халқының кейде бір ауық тыныш жермен жаяу жүргенді жаны қалап-ақ тұратыны бар. Қазір Алматыда тұрғындарға жайлы болу үшін бұрынғы саябақтар мен гүлзарлар қайта әрленіп, жанына жаяу жүргінші жолдары салынып, жаппай қайта сәнделіп жасалып жатыр.
Оған веложолдар жарыса қатарласып, бұған дейін шынайы көріністерді қалқалап тұрған түрлі қоршаулар, қақпалар, ретсіз салынған қабырға-дуалдар алып техниканың күшімен сүріліп тасталды. Қаланың қай бұрышына барсаңыз да дәл осындай іс-қимыл әрекеттерді байқайсыз. Бір сөзбен айтқанда, Алматы бүгін қайта түлеуде. Қала әкімі Бауыржан Байбектің соңғы өткізген көшпелі жиынды шаһардағы жаяу жүргінші жолдарына арнауы да тектен тек емес. Басқосудан кейін белгілі болғанындай, осы жазда Алматыда 16 жаяу жүргінші жолы жаңадан пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, қазірдің өзінде Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен Астана алаңының айналасындағы жүргіншілер жолы жаңаша сипатта бастан-аяқ өзгерді. Қаланың Алмалы ауданындағы Дүйсенов көшесінен Қайдар көшесіне дейін, Қарасай батыр мен Абылай хан даңғылынан Масанчи көшесіне, Есентай өзенінен Байтұрсынов көшесіне дейін ұзындығы 2,5 шақырым жер түгелдей қайта жаңғырып көгалдандырылады. Бұрынғы тозығы жеткен көшелер қала тұрғындарының көз алдында жаңаланып, сұлу шаһардың сәнін одан сайын келтіріп, шырайын аша түсті. Қазір жаз айы. Каникул келді. Ауладағы биыл жаңаша жасау-сәнімен түрленген балалар алаңдары ертелі-кеш жас өскіннің күміс күлкісіне шомылып, абыр-сабыр, ду-думан. Айналаға сән берген қоңыр салқын субұрқақтар шаһардың тынысын ашқанда, еріксіз «Па, шіркін!..» дейсің. Алатаудан ұрған тау самалын айтсаңшы! Жаяу жүргің-ақ келіп тұрады...
Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ