• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қаржы 22 Маусым, 2017

Теңгемен депозиттер бойынша мөлшерлемелерді өзгерту жоспарланып отырған жоқ - Ұлттық банк

152 рет
көрсетілді

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев теңгемен депозиттер бойынша мөлшерлемелерді өзгерту жоспарланбағанын айтты, - деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры бекіткен, теңгемен сыйақы мөлшерлемесінің ұсынылған ең жоғары жылдық 14 пайыздық деңгейі өзгеріссіз қалады. Бұл туралы журналистердің салымдар бойынша мөлшерлемелердің жоспарлы өзгеруі туралы сұрағына жауап бере отырып ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев хабарлады. Ақышевтың айтуынша, депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлеме елдегі инфляция деңгейіне, банктердегі өтімділік жағдайына, елдегі макроэкономикалық ахуалға, сондай-ақ банктердің шығыстары мен тәуекелдеріне қарай қалыптасады. "Депозиттер бойынша мөлшерлемелердің төмендеп жатқанын байқап отырмыз және біз мұндай процесті құптаймыз, - деді ол. - Банк секторында өтімділіктің қолайлы жағдайы сақталған, сондай-ақ инфляциялық процестер төмендеген жағдайда, депозиттер бойынша мөлшерлемелер одан әрі төмендеуі мүмкін. ҚДКҚ "шекті мөлшерді" белгіледі, одан жоғары көтеруге болмайды, төмен түскенін қолдаймыз".

Сондай-ақ, Ақышев ақпараттық агенттіктердің редакторларымен өткен кездесуде қайтарымсыз депозиттер тақырыбын да қозғады. "Кез келген депозит талап еткенге дейінгі депозит болып табылады. ҚР Азаматтық Кодексіне сәйкес кез келген банк 3 күн ішінде салымшыға депозитті қайтаруға міндетті. Бұл норма банк пен салымшы арасындағы өзара қарым-қатынасты айтарлықтай орнықсыз етеді", - деп санайды Ақышев, сонымен бірге ол, қазіргі уақытта Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктермен талқылауды ескере отырып, қаражатын мерзімінен бұрын алмау талабымен банкке жаңадан қаражат салуға дайын салымшылар үшін ыңғайлы қайтарымсыз депозиттер енгізудің оңтайлы үлгісі жөніндегі мәселені пысықтап жатқанын да атап өтті. Бұл салымдарды олардың мерзімі аяқталмайынша алуға болмайтынын, бірақ осындай шектеу үшін сыйақы мөлшері де жоғары болатынын білдіреді.

"Ол үшін заңнаманың кейбір нормаларын ауыстыру қажет. Қандай депозит таңдайтынын салымшы өзі шешуге тиіс, бірақ қайтарымсыз депозиттерді енгізудің қолданыстағы депозиттерге қатысы болмайды. Қайтарымсыз депозиттер бойынша мөлшерлеме мен кепілдік берілген сома жоғары болуға тиіс. Осы мәселелерді біз талқылаудамыз және осы жобаны іске асыруға тұжырымдамалық тұрғыдан дайынбыз", - деді Ақышев.

Ол әлемдік практикада салымшыларға ақша қаражатын анағұрлым тартымды кірістілікпен, қосымша қорғау тетіктерімен ұзақ мерзімге жинақтау мүмкіндігін беру қайтарымсыз депозиттердің негізгі артықшылықтары болып табылатынын атап өтті. "Сонымен бірге банктер үшін мұндай құралдың болуы неғұрлым орнықты қорландыру базасының қалыптасуына, өтімділік тәуекелін төмендетуге және ұзақ мерзімді перспективаға кредиттеуге ықпал ететін болады", - деп мәлімдеді Данияр Ақышев.