• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Маусым, 2017

Қазақ диаспорасы шоғырланған елдерде арнайы орталықтар ашу керек –Д.Қыдырәлі

249 рет
көрсетілді

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі мәдени жауһарларымызды жаһанға  таныту үшін шет елдерде арнайы орталықтар ашылса деген ұсыныс айтты.

Дархан Қыдырәлі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының Қазақстаннан тысқары шетелдерде үлкен серпіліс тудырғанын айта келіп, бұл ретте «Ұлтымыздың рухын асқақтатып, санасына серпін берген бұл бағдарлама бүгінімізді бүтіндеп, баянды болашағымызды бекемдеудің берік қазығына айналды. Баршаға бағдар болған бұл байламды бәтуаға қазақ баласы түгел атсалысуға тиіс деп ойлаймыз. Осы орайда, мәдени жауһарларымызды жаһанға жүйелі таныту мақсатында шет елдерде, әсіресе, диаспора шоғырланған елдерде арнайы орталықтар ашылса деген тілегіміз бар. Бұл арқылы қастерлі қазақ тілі де құлашын кеңге жазып, тұғырын бекіте түседі деп пайымдаймыз», деді басқарма төрағасы.

«Күңіреніп күн түбіне жортқан Күлтегінге ұран болған көк бөрі Сүйінбай жырында бөрілі байрақ болып қайта көтерілді! Сондықтан, Қазақ елі бүкіл Түркі әлемінің және күллі көшпелі өркениеттің мұрагері ретінде мойындалып отыр. Бірнеше мемлекеттің еншісінде жатқан Алтайдың төрт тарапын да қазақтардың мекендейтіні осының айқын айғағы іспетті. Ендеше, Қазақ әлемін дүниежүзіне таныту арқылы біз тамырлас жұрттың құндылықтарын түгендей түсеміз деген ойдамыз», деп сөзін түйіндеді «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы.

Жиын барысында шетелдердегі қазақ диаспорасының мәдени-рухани және ақпарат құралдары жөніндегі мұқтаж мәселелері мен этникалық көші-қонның әлеуметтік сипаты, өзекті жайттары көтеріліп, оларды шешу жөнінде бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. Бұл ретте Мемлекет басшысы атажұртқа көшіп келуге ынталы азаматтарға заңдық-құқықтық жағынан жеңілдіктер жасау қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы қазақ диаспорасына қатысты өзекті мәселелердің жоспарлы шешімін ұсына отырып, Үкіметтің, тиісті министрліктер мен облыстық әкімдіктердің міндеттерін белгіледі.