Мысалы, Алматы қаласындағы Орталық кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазу архивінде, шынын айтқанда, орасан байлық жатыр. Алғашқы киносюжеттерден бастап 1991 жылдарға дейінгі елімізде түсірілген көркемсуретті, деректі, анимациялық фильмдер туралы жазба құжаттардың барлығы содан табылады. ХІХ ғасырдың соңынан бергі дыбыстық және бейнемұралар тарихы жинақталған (жарты миллионға жуық сақтау бірліктері) республикадағы бірден-бір мамандандырылған архив қоры кеше мен келешекті жалғап тұрған алтын көпір іспетті қызмет етуде. Осыған байланысты, 2001 жылы «Асыл мұра» жобасы аясында мұрағат алғаш рет, техникалық жай-күйі нашар дыбыстық жазбаларды тыңдауға, қалпына келтіруге, сандық тасығыштарға аударуға мүмкіндік беретін жабдықтар алған екен. Мұнан кейін де қордағы баға жетпес байлықты көз қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпақтың рухани азығына айналдыру идеясы, ол үшін заманауи технологияның озық үлгілеріне көңіл бөлу еш бәсеңсіген емес. Архив қорындағы кинохроникаларды сақтаудың мұнда өзгеше әдіс-тәсілдері пайдаланылады. Дерек бойынша ең алғашқы киноқұжат 1925 жылы тіркеліпті. Кинодокументалистикадан «Қазақстан өмірі мен тұрмысы» (1927 жыл), «Түрксіб», «Алғашқы поез» (1929 жыл), «Алтын жағалаулар», «Ұлттық полк», «Түрксібтің ұштасуы», «Түрксіб ашық» (1930 жыл) тәрізді дыбыссыз, субтитрлері бар кинолар сақтаулы.
Сонымен қатар, жаңағы фильмдердің әдеби, режиссерлік сценарийлерінен бастап (қанша нұсқасы болса да), фильмнің түсіріліп болғанға дейінгі барлық құжаттарын осы жерден таба аласыз. Тіпті, фильмнің түсіріліміне кеткен қаржының бухгалтериялық есепшоттары, әртүрлі түсініктемелер мен өтініштерге дейін. Кейбір фильмдердің әдеби, режиссерлік сценарийлерінің бірнеше нұсқасы бар және әр нұсқа бойынша киностудияның сценарий бөлімінде, Көркемдік кеңесте бірнеше дүркін талқыланған хаттамалары сақталған. Оған монтаж алдындағы түсірілген киноматериалдар мен монтаждан кейінгі дайын фильмді талқылаудың хаттамаларын қосыңыз.
Осыдан екі-үш жыл бұрын сол архивте біраз фильмдерге қатысты құжаттармен танысуға мүмкіндік болды. Сондағы бір түсінгеніміз – жалпы өнер тарихындағы бірде-бір құбылыстың өз-өзінен пайда болмайтыны. Оның қандай да бір себептері болады. Сол жолы 1960 жылдың 4 ақпан күні шыққан «Сценарлық жұмысты жақсартудың іс-шаралары» атты тақырыптағы бұйрықтың көшірмесімен танысуға мүмкіндік болды. Онда киностудиялардағы сценарлық бөлімдердің жұмысын сынай отырып, кинодраматургия саласындағы жұмысты жолға қоюдың шешімі ретінде жазушылардың шығармашылығына сүйену керек екендігіне назар аударылады. Жазушылардың киноға келуі туралы мәселе қозғалады. Ал бұл кинодраматургия жұмысын жақсы жолға қоюдың бірден-бір жолы делінген. Нәтижесінде кино өнеріне қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері тартылады. 1960-1970 жылдары Ғабит Мүсірепов, Әкім Тарази, Олжас Сүлейменов секілді қазақ әдебиетінің басқа да көптеген белгілі өкілдері «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істейді. Көптеген классикалық фильмдердің сценарий авторлары болды. Және сол 60-жылдардың басында әдебиет шығармалары бойынша экрандауды қолға алу керек деген де бұйрық шығады. Ал мұның соңы, бәрімізге белгілі, «Менің атым – Қожа», «Арман – атаман», «Қыз Жібек», «Қараш-Қараш оқиғасы» сияқты тағы да басқа көптеген классикалық фильмдердің дүниеге келуімен ұласты. Тіпті, сол архивтегі құжаттардың негізінде фильмнің түсірілу тарихын жазуға болады.
Бұл мәселеге неліктен назар аударылып отыр? Осы біздегі мемлекеттік болсын (әрине, «Қазақфильмде» түсірілген фильмдердің материалдары киностудияның архивіне өткізіледі. Бірақ, жоғарыда айтып өткендей, қазір аса маңызды болып көріне бермейтін, елу жылдан соң таптырмас құнды дүниеге айналатын бір бет қағаздағы жазбаға дейін сақталына ма?), жеке киностудияларда болсын, соңғы жиырма-жиырма бес жылда түсірілген фильмдердің барлық материалын қырық-елу жылдан кейін іздеген адам таба алар ма екен?..
Өйткені, киноархивте сақталған материалдар өткенімізді бүгінге жалғап, бүгінгімізді ертеңге аманаттау үшін өте-мөте қажет екені белгілі...
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидаты